Елімізде өскелең ұрпақты толғандырған мәселелердің түйінін тарқатуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында да баса мән беріліп, шешу жолдары қарастырылып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.
Жастарды толғандырған жайттардың басында баспана мәселесі тұрғаны белгілі. “Өз бетінше баспана мәселесін шешуге табысы жетпейтін азаматтарға тиімді әлеуметтік көмек көрсетілетін болады. Биылдан бастап “5-10-25” бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оған 390 миллиард теңге бөлінді. Үкімет осы бағдарламаның жүзеге асырылу барысын үнемі қадағалап отыруы керек. Кезекте тұрған адамдардың баспана мәселесін тезірек шешу керек”, – делінген биылғы Жолдауда.
Мемлекет басшысы айтып өткендей, “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында жеке тұрғын үй салу ісі баяу жүріп жатыр. Мұның себебін тұрғын үй салынатын аумақты дайындау қарқынының төмендігімен түсіндірді. Сондықтан осы кемшіліктердің барлығы ескеріле отырып, тұрғындардың баспана мәселесін шешу ісін жеделдеткен жөн. Өйткені, пәтерге мұқтаж жандар, жас отбасылар, көпбалалы әулеттер біздің өңірімізде де жетерлік. Президенттің тапсырмасының нәтижесін жақын арада көреміз деген сенімдемін.
Осы жолғы Жолдауда жастарды қолжетімді және сапалы біліммен қамтуға да баса назар аударылған. Қашықтан оқыту ісінде жіберілген қателіктерді дұрыстап, онлайн платформа құру міндеті орындалса, өскелең ұрпақтың білім алуына айтарлықтай ыңғайлы жағдай жасалары сөзсіз.
Біржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
“Jas Otan” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы.