«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТА – ЗАМАНАУИ ҚҰРЫЛҒЫ

Облыстық ауруханаға қарасты онкологиялық орталықта магниттік-резонанстық томография (МРТ) пайдалануға берілді. Заманауи аппараттың мүмкіндігімен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты.

– Онкологиялық орталықта жаңа аппараттың іске қосылуы жағымды жаңалық. Бұл соңғы екі жылда іске қосылған екінші жабдық. Осымен, облыста 3 МРТ аппараты бар. Талапқа сәйкес 1 МРТ аппараты 100 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Ал біздің облысымызға осындай бес аппарат қажет. Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында өңірге біраз қаржы бөлінді. Алдағы жылы тағы жаңа екі МРТ  аппаратын сатып алу жоспарлануда, – дей келе өңір басшысы Құмар Ақсақалов жыл сайын медицина саласына бөлінген қаржы көлемі ұлғайып, соңғы 3 жылда бұл салаға 10 миллиард теңге жұмсалғанын айтты. Биыл 3 миллиард теңгенің құрал-жабдықтары сатып алынбақ. Соның ішінде көпсалалы облыстық, балалар ауруханаларында 2 компьютерлік томограф  пайдалануға беріледі.

Медицина саласын дамытуда кадр тапшылығын жою өзекті мәселе. Бұл орайда, облыс әкімі биыл өңірге 128 дәрігер келетінін айтты. Жас мамандардың әрқайсысына  бюджеттен 2,5 миллион теңге көтермеақы қарастырылған.

Ал жекешелік-әріптестік аясында онкологиялық орталықта орнатылған бұл аппараттың жалпы құны 602 миллион теңгені құрайды. Онкологиялық орталықтың бөлімше меңгерушісі Ольга Пуксаның айтуынша, медициналық тексерулерді жүргізуде заманауи құралдың мүмкіндігі зор. Бір тәулікте шамамен 35 адамға қызмет көрсететін жаңа жабдық дұрыс әрі дәл қорытынды жасайды. Заманауи құрал-жабдықтың магнитті өрісінің қуаттылық диапазоны кең. Емделуші үшін ешқандай зияны жоқ. Сондықтан, диагностикамен қатар, ауруды емдеу барысында динамикалық бақылау үшін де қолдануға болады. Бас ми, омыртқа жотасы, кеуде, бел мен тағы басқа ағзаларды диагностикалаудан өткізіп, көптеген сырқаттардың алдын алуға  мүмкіндік береді. Тұрғындар магниттік-резонанстық томографиядан өтуі үшін алдын ала жазылуы тиіс. Түнде де қызмет көрсету қарастырылған. Ол үшін медициналық қызметкерлердің кезекшілігі ұйымдастырылған. Диагностикалық зерттеулер жедел қажет болса,  кез келген адам томографиядан ақылы өте алады. Қымбат тұратын диагностикалық тексерулер дәрігердің қорытындысы мен ұсынымы негізінде әрі науқастың рұқсатымен жасалады. Францияда құрастырылған жаңа кешен медициналық көмек сапасын жақсартып, кезек санын қысқартуға мүмкіндік береді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”. 

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp