
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Есіл, Жамбыл және Мамлют аудандарына барып, астық жинау науқанының барысымен танысты.
Өңір басшысының сапары “Атамекен-Агро-Корнеевка” ЖШС-нің егін алқабының басында Есіл ауданының шаруаларымен кездесуден басталды. Аталмыш аудан диқандары биыл 286,6 мың гектар жерге дән сепкен болатын, оның басым бөлігі, яғни 204 мың гектарын дәнді дақылдар алып жатыр. Бүгінгі таңда есілдіктер егіннің 55 пайызын орып үлгеріпті, 36 пайызын бастырған. Орта есеппен әр гектардан 16 центнерден өнім алынуда. Кейбір шаруашылықтарда егіннің шығымы жоғары, мысалы, “Атамекен-Агро-Корнеевка” ЖШС-інде бір гектардан 20 центнер бидай жиналуда.
– Жоғары қарқынмен жұмыс істеп, егіннің 65 пайызын қамбаға құйып үлгердік. Сонымен қатар, біз арпа мен бұршақ оруды аяқтадық, жақын күндері зығырды да жинап бітіреміз. Алдағы күндерімізді де естен шығарған жоқпыз, 2017 жылы ерте өнім алу үшін бір мың гектар алқапқа қыстық бидай, арыш және қарабидай мен бидайдың гибриді саналатын тритикале тұқымын сіңірдік.
Орақпен қатар алқапты көктемгі егіске дайындау мақсатында гербицидтермен дәрілеп жатырмыз, – дейді “Атамекен-Агро-Корнеевка” ЖШС-нің директоры Николай Бабак.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов аталмыш аудандағы “Фрегат В.В.” және “Кантемир-Агро” ЖШС-лердегі астық жинау жұмыстарымен де танысты. Өңір басшысы диқандармен кездесу барысында ауылдық жерлерді абаттандыру жайын сұрап білді. “Прометей-Агро” ЖШС-нің директоры Юрий Шоль хоккей кордының құрылысы туралы хабарлады. Айтуынша, нысан желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Өңір басшысы спорттық нысандар салу ісіне көп көңіл бөлу қажеттігін ескертті. Бұл ауылдық жерлерде жастардың жан-жақты дамуы мен дұрыс тәрбие алуына оң ықпал етпек.
Облыс әкімнің Жамбыл ауданына жұмыс сапары “Идея Групп Север” ЖШС-ның алқаптарын аралаудан басталды. Мұнда диқан үш мың гектардан астам егінді дер кезінде жинап алуы қажет. Ауа райының әрбір қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, орақты дер кезінде аяқтаудың маңызы туралы “Фирма МАК” ЖШС-нің астық қабылдау бекеті мен егінін аралаған кезде де сөз болды.
– Егістік алқабымыздың ауданы – 5 мың гектар, оның 1500-і парға қалдырылды, ал қалғанына бидай, зығыр және арпа еккенбіз. Зығыр бітік шықты, гектарынан 20 центнерден өнім жиналуда. Бидайдың да шығымы жоғары, 22-23 центнерден айналуда, – дейді серіктестік директоры Ғали Құсайынов.
Облысымыздағы белді шаруашылықтардың бірі – Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінде орақ жоғары қарқынмен өтуде. 14 мың гектарға егілген дәнді дақылдардың 45 пайызы орылған екен. Гектар берекелігі – 20 центнер. Серіктестік егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен де шұғылданатыны белгілі. Қазіргі таңда ірі қара саны 600-ден асқан. Мал қыстан күйлі шығуы үшін жемазық әзірлеуге де көп мән беріледі. Облыс әкімі “Кулик Н.П.” ЖШС-нің алқабында аудан диқандарымен кездесіп, орақтың жайы туралы әңгімелесті.
Ерік Хамзаұлы Мамлют ауданында облыстық маңыздағы “Становое-Новомихайловка-Раздольное” жолының жөндеу жұмыстарымен де танысты. Аудан тұрғындары үшін бұл жолдың маңызы зор.
Өңір басшысының аудандарға жұмыс сапары Чистое ауылында түйінделді. Мұнда көктемгі тасқын кезінде көл суы арнасынан асып, шеткі көшедегі 9 үйдің 8-інің ауласы мен қора-қопсысына кірген болатын. Бастысы, тұрғын үйлерге зақым келмеген. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов тасқыннан зардап шеккен ауыл тұрғындарымен кездесті.
Баспаналар қауіпті жерде орналасқан, сондықтан болашақта осындай келеңсіз жағдай қайталанбауы үшін тұрғындарды осы ауылдың ішінде басқа үйлерге көшіру ұйғарылған екен. Жеті отбасына баспана сатып беру үшін 2,2 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда үш отбасы басқа үйге көшіпті, ал қалған төрт әулет жақын күндері қоныс аудармақ. Сондай-ақ, көрші ауылдарға немесе облыс орталығына көшуді жоспарлап отырғандары да бар.
– Бізге су шайып кеткен үйіміз үшін өтемақы төледі. Бұл – мемлекеттің бізге деген қамқорлығы. Қиын жағдайда көмек қолын созды. Бұрын да қалаға көшуді жоспарлап жүргенбіз, енді мынадай жағдайдан кейін көп тұрақтап қалмаймыз. Жақын күндері жаңа қонысқа барып тұрақтаймыз, – дейді Владимир Жигулев есімді ауыл тұрғыны.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.