«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

Жамбыл ауданының Майбалық ауылында өмір сүрген Сүлеймен Жұмағұловтың төрт бірдей ұлы қанды майданға аттанған екен. 1941 жылғы шілдеде Зейне, содан кейін 1942 жылдың күзінде Кәрім, 1943 жылдың басында Бопан шинель киіп, қару асынған. Қабдыраш болса, 1939 жылы жиырма жасында міндетті әскер қатарына шақырылып, соғыстың бірінші күнінен бастап жаумен айқасқан. Тағдырдың жазуымен төрт азаматтың үлкені Кәрім мен кенжесі Бопан елге аман оралды. Зейне 1944 жылы Псков облысында қаза болған. Қабдыраш туралы “1943 жылы хабарсыз кетті” дегеннен басқа мәлімет осы күнге дейін жоқ.

Сол жылдардан бері олардың ата-анасы Сүлеймен мен Кәлен, ағасы мен інісі ерлікпен қаза тапқан балалары мен бауырларына туған жердің бір уыс топырағының бұйырмағанына налып өмірден өтіп еді. Зейнеден қалған ұлдары Уалияс пен Қозадияс та әкелерінің мәңгілікке тыныстап жатқан жерлеріне бір баруды армандаған. Алайда, олар да қатты науқастанып, көздегендеріне жете алмай, дүниеден өтті.

Олардың аманаттарын орындау Ұлы Жеңістің 70 жылдығының қарсаңында мүмкін болды. Зейненің немересі Алма Тұяқбаева екеуміз үлкендерден бата алып, сәуірдің отызыншы жұлдызында Псковты бетке алып, сапарға шықтық.

Тағдыр туысымызды Майбалықтан өте алысқа алып кеткен екен. Ұзақ жол жүріп, табан тіреген жеріміз әлемге әйгілі Александр Пушкиннің атақонысы – “Пушкинские горы”. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында бұл аймақ екі жақтың кескілескен ұрыс алаңына айналған. 1944 жылдың наурызынан бастап біздің әскерлеріміз жау басып алған жерлерді қайтару шараларына кіріседі. Ол оңайға түспейді. Бірнеше танк дивизияларымен, қуатты қаружа-рақпен қаруланған фашист жауынгерлері біразға дейін беттетпейді. “Пантера” бекіну шебіндегі қамалға айналдырылған биіктігі 96 метр “Чертова Гора” қыраты үшін үш айдан асқан кескілескен шайқастарда екі жақтан да ондаған мың жауынгерлер мерт болады. Тек шілденің 12-сі күні жау талқандалып, “Пушкинские горы” азат етіледі.

Осындай шабуылдардың бірінде 1944 жылдың 11 сәуірінде Зейне әкеміз қаза болады. Өткен ғасырдың аяғына қарай оның Псков облысы Волково деревнясының солтүстік-шығысында 400 метрлік қашықтықта жерленгені туралы мәлімет алған едік. Анықталған мекенжайға келсек те, туысқанымыздың зиратын табу оңайға соқпады. Пушкинские Горы қаласы әкімшілігінің басшысы Николай Иванов бізді көлігіне отырғызып, аудан ішіндегі 14 әскери зиратты аралата бастады. Үш мың адам жерленген Вече деревнясындағы бауырластар зиратынан да, аудан орталығындағы 420 адамның мәңгілік мекеніне айналған қорымнан да бауырымыздың атын кездестіре алмадық.

Екінші күні ресми мәліметтерде Зейне әкеміздің жерленгенін айғақтайтын “Волково” жеріне баруды ұйғардық. Алайда, қала әкімшілігінің басшысы да, ардагерлер кеңесінің қызметкерлері де Волково аталатын ауылдың жоқ екенін айтты. Сенер-сенбесімізді білмей, абдырадық. Келесі күні қаланың ортасындағы бесқабатты үйдің саңылаусыз қабырғасының өне бойына салынған ұрыстардың бағытын, екі жақтан айқасқан әскери бөлімдердің іс-қимылдарын бейнелеген әскери картаны сұрадым. Сөйтіп, көнетоз картаның бір бұрышынан Волково деревнясын тауып алдым. Тоғайлы жерде орналасқан Волковоның орнын таптық: үйлердің бөренелерінің астына қойған тастар ғана қалыпты. Көрсетілген бағдарда зираттың орны да бар екен. Ағаш өскен, жеке қабірлерді айыру қиын, тек тәртіппен орналасқан, жойыла бастаған төмпелер білінеді.

Айта кету керек, деревняның маңында, біз жүрген орманда өткен шайқастардың іздері сайрап жатыр. Олардың орындарын шөп басса да, ұзын траншеялар, окоптар айқын көрінеді. Оқ-дәрінің тот басқан темір қораптары, жарылған снарядтар мен миналардың қалдықтары да аз емес. Жауынгерлердің ұстарасы, стакандары, одеколон шынылары, тағы басқа күнделікті пайдаланған ұсақ-түйек заттары табылды.

Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы үшін жан алысып, жан беріскен зобалаң шақты көз алдымызға әкелген көріністен бе, әлде осы жердің сол заманнан қалған шері бар ма, мұңды сезімге бой бердік. Әкеміз осы жерде болған жойқын қырғынның құрбаны болды-ау деп, көңілімізді өкініш билеп, көзімізге еріксізден жас толды. Зейне әкемізге бағыштап Құран оқыдық.

Аталмыш аудан орталығына оралғанымызда ардагерлер кеңесінің қызметкерлері бізге Волко во деревнясында кеңес жауынгерлерінің сүйектері 1965 жылы қазылып алынып, “Чертова Гора” дөңіне қайта қойылғаны туралы мәлімет берді. Сондықтан аталған мемориалға барып, әкеміздің басына дұға оқып, елден әкелген топырағымызды салдық.

Біз елге оралған соң Пушкиногор ауданы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Валентина Горбачева хабарласып, Чертова Гора мемориалынан әкеміздің есімін тапқанын қуанышпен жеткізді.

Халқымызда “Артыңнан іздейтінің болсын” деген қасиетті сөз бар. Аллаға шүкір, арада жетпіс жылдан астам уақыт өтсе де, біз Зейне әкемізді іздеп таптық.

Асқар ҚУАНТАЕВ.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp