Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толатын биылғы мерейлі жылдың ұлтымызды ұйытып, отаншылдыққа баулудағы маңызы өлшеусіз. Небір ақылман хандарымыз, айбынды батыр бабаларымыз қызғыштай қорып, ұрпаққа аманат еткен алып мемлекетімізге деген мақтаныш сезімі жүрегімізді нұрға бөлейді.
Осындай алшағыр батырымыздың бірі – Қожаберген жырау Толыбайұлы. Тәуелсіздігімізге қолымыз жеткен күннен-ақ оның “Елім-ай” дастаны тарих қойнауынан аршып алынып, ақыры игілігімізге айналғанына төбеміз көкке жеткендей қуандық.
Осындай сезімге беріліп, содан былайғы жиырма жылдың жүзінде батыр бабаның өмірі мен шығармашылығын жүрегіне ұялатқан зиялы азаматтың бірі – сол жылдары облыстық соттың төрағасы қызметін атқарған Бекет Тұрғараев.
“Ұлт!” дегенде жылт еткен ұшқын көзіне шалынса, оны жалынға ұластырғанша жаны жай таппайтын Бекет Тұрғараұлы – “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорын құрған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымдарының докторы, профессор. Содан бері ол жырау есімін елге қайтаруда ауыз толтырып айтарлықтай істер тындырды десем, артық емес.
Ол, әсіресе, Ордабасы жайында ең зерделі зерттеулер топтастырылған ғылыми-танымдық еңбектер шығаруда жобаның жетекшісі болып, жанына өзі сынды білікті де елжанды азаматтарды үйіріп, осы кітаптардың оқырмандардың игілігіне айналуына үлкен үлес қосты. Оның жетекшілігімен бір кітап “Мәңгілік елдің жыршысы” деген атаумен өткен жылы жарияланса, Бекет аға осы жақында жыраудың “Елім-ай” дастанын оқырман қолына ұстатты.
Кітаптың құндылығы сонда, ол – қаһармандық дастанды толыққанды бір кітап етіп шығаруы.
Қазақ елінің тарихындағы ең қасіретті кезең – жоңғар-қалмақтармен соғыстың “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” аталып, шежіремізге енген тұсын Қожабергеннің толығымен баяндап, ер мен ел басына түскен қайғыны көркем жырмен жүрегімізге ұялатуы.
Сонымен бірге, кітапта академик, тарихшы Манаш Қозыбаев, академик, заңгер ғалым Салық Зиманов, академик Серік Қирабаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Амангелді Айталы сынды қожабергентанушылардың зерттеу мақалалары орын алып, батыр бабамызға деген тағзым мен ілтипаттың көкжиегін кеңейте түседі.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.