Петропавлда сауықтыру кешеніндегі өртті екі рет сөндіруге тура келді. Өрт толық сөнбей қалып, екінші күні таңертең мамандар тағы да сол нысанда жұмыс істеді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы “Парковая” сауықтыру кешенінде өрт шыққандығы туралы хабар 14 қаңтарда сағат кешкі он бірлер шамасында түскен. Өртсөндірушілер келгенде нысан отқа оранған екен. Мамандар жалынмен үш жақтан күресіп, сағат 2:00 шамасында сөндірді. Оқиға орнында 41 адам 11 техника жұмыс істеді.
“Өрттің салдарынан от жағу бөлмесі, демалыс бөлмесі, кір жуатын бөлме жанып кетті және кешеннің шатыры толықтай зақымданды. Өрт жалмаған аумақ – 160 шаршы метр. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ”, – делінген департамент таратқан хабарламада.
Алайда 15 қаңтар күні таңертең сауықтыру нысанынан қайта өрт шыққан. Кейін белгілі болғандай, өрт түнде толық сөндірілмей, қуыста бықсып қалып қойған екен.
“Қайта өрт шықпауы үшін оқиға орнында барлаушылар қалды. Олар таңертең жылуұстағыш материалдардың бықсып жатқанын байқап қалған. Күрделі құрылыстан ол жерге мамандар түнде жете алмаған. Сағат 11:00 шамасында жағдай тұрақтанды”, – дейді баспасөз қызметінің мамандары.
Алдын ала болжам бойынша, пешті қолдану барысында өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.