«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОФИЦЕР ЖОЛЫ

“Көз алдымызда тәжік-ауған шекарасын қорғауға аттанған 18-19 жастағы жігіттердің тұтқиылдан тап берген қылмыстық топтың қолынан шейіт болғанына ет-жүрегіміз езіліп еді…”. Содан бері жиырма жыл өтсе де, сол сарбаздардың сапқа тұрып, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етуге ант берген сәті подполковник Ошақбай Сейітбековтің есінен кетер емес.

… Алматы қаласындағы шекара қызметінің үш айлық курсынан өтіп, лейтенант шенін алған Ошақбай Сейітбеков Аютас елді мекеніндегі №5485 әскери бөлімінде оқу батальоны командирі орынбасарының міндетін атқарып жүрген кез. Сол әскери бөлімде жасақталып жатқан жетінші рота кейін қақтығыстың құрбанына айналатынын кім білген? Жүзге жуық сарбаз тәжік-ауған шекарасын күзету міндетін бұлжытпай орындамаққа таңның атысы, күннің батысы командирлерінің бұйрығын мүдірмей орындап, далалық тактиканы, атыс өнерін шыңдап, шынығып жататын. 1995 жылдың наурыз айында кеткен сол жауынгерлер Тәжікстанның Пшихавр шатқалында моджахедтер тарапынан шабуылға ұшырап, жаудың күші басым болған ұрыста қазақстандық 17 әскери қызметші оққа ұшады.  

Қайғылы оқиғадан соң келесі жолғы ауысым Аютастағы әскери бөлімнен жасақталмады. Араласып-құраласып жүрген жігіттердің мерт болуы әскери бөлім жауынгерлерін психологиялық жағынан есеңгіреткені онсыз да түсінікті еді. Сол себепті басқа аумақтардың, Астана қаласының жауынгерлері жасақталып, тәжік-ауған шекарасының тыныштығын торуылдауға аттанып жатты.

Қыркүйек айында Аютастағы әскери бөлімге де кезек тиді. Екі Қорғаныс министрлігінің, екі шекара қызметінің, бір ішкі әскер жауынгерлерінен, барлығы 500-ге жуық сарбаздан құралған батальон жасақталды. Батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік құқық жұмысы жөніндегі орынбасары Ошақбай Сейітбеков тәжік-ауған шекарасына 1995 жылдың қыркүйек айынан 1996 жылдың ақпаны аралығында табанын тигізеді. Лауазымына сәйкес жеке құрам арасында тәрбие және құқықтық жұмысты ұйымдастыру, олардың моральдық-психологиялық жай-күйлерін бақылау Ошақбай Жасұзақұлының тікелей міндетінде болды. Офицерлермен, келісімшарт әскери қызметшілерімен жеке тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру, олардың жұмысын бағыттау жұмысымен де айналысады.

– Ол кезде өзім 24 жастағы аға лейтенант едім. Шекара жағдайындағы қауіп-қатерден офицерлердің үрейі ішінде болды. Алайда, әлсіздікке бой алдыруға жол бермедік. Әскери қызметшілер шекарадан заңсыз өткендерді, қылмыскерді ұстау, есірткі заттарын тасымалдаушылардың жолын кесу жұмыстарына қатысты. Ұстамдылықтың, ұйымшылдықтың, жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарудың нәтижесінде жауынгерлердің барлығы да аман-есен елге оралды, – деп еске алады подполковник.

Ұлт мүддесі, әскер қауіпсіздігі үшін еңбек етудің жүгі қаншалықты ауыр болса да, Ошақбай Жасұзақұлының жан қалауы осы. Себебі, әскери қызметші болу Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген бала Ошақбайдың басты арманы болатын. “Отбасында бір қыз, бір ұл тәрбиелендік. Әкем үш айлығымда, 30 жасында қайтыс болған екен. Анам 15 жасқа келген кезімде дүниеден озды. Әке-шешесіз өскендіктен, басты мақсатым қатардан қалмай, мектепте алған білімді әрі қарай дамытып әкету еді. Мектепке ерте жасымнан барғандықтан, 8-сыныптан кейін арнайы әскери оқу орнына түсуге рұқсат етілмеді. Әрі сексенінші жылдардың аяғында мұғалім, дәрігер болу үлкен мәртебе болатын. Орта мектепті бітірген соң Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне физика мамандығы бойынша оқуға түстім. 5 жылдық оқуды тамамдап, педагог болып шықсам да, көкірегімді әлдилеген арманымнан бас тарта алмадым. Осылайша, Шымкент қаласындағы №6506 әскери бөліміне жұмысқа орналастым”, – дейді Ошақбай Сейітбеков өткенге көз жүгіртіп.

Кейін әр жылдары Павлодар, Астана, Алматы қалаларындағы әскери бөлімдерде, оқу құрамасында қызмет еткен Ошақбай Жасұзақұлы 2007 жылы болашақ офицерлерге тәлімгерлік жасап, тәжірибе бөлісу мақсатында Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланның Әскери институтына ауысады. Тәжік-ауған шекарасынан жауынгерлік тәжірибесі бар подполковник бүгінде институттың әскери педагогика және психология кафедрасының бастығы қызметінде.

Оқу мен тәрбие үрдісін қатар алып жүру арқылы тәрбие және құқықтық жұмыс, әскери педагогика және психология мәселелерімен айналысу сияқты аталмыш кафедраның жұмысын атқарып жүрген Ошақбай Жасұзақұлы:

– Сәуір айында осыдан 20 жыл бұрын жау қолынан мерт болған 17 жауынгерді еске алып, олардың ерлік істерін кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Әскери міндетті орындаумен бірге халықтар арасындағы достықты нығайта түскен сарбаздарымызға арналып бүгінде Тәжікстанда, елімізде ескерткіштер мен аллеялар ашылып, олардың есімдері мектептерге берілді. Әскери институтта Тәжікстаннан келген курсанттардың білім алуы да сол жігіттердің ерліктерінің арқасы деп ойлаймын, – дейді.

Ошақбай Сейітбековтің ержетіп, соңынан еріп келе жатқан қос ұлының үлкені биыл 11-сыныпты аяқтаған соң әке жолын қуып, өмірін әскери қызметке арнауға бел буған екен. 9-сыныптағы екінші ұлы мамандық таңдауда әлі нақты шешімге келмепті. “Қандай мамандықты таңдарын өздері шешеді. Ата-ананың бар міндеті – балаға бағыт-бағдар көрсету. Ал әскери қызметтің оңай еместігін ұлдарымның өздері де көрді ғой. Гарнизоннан гарнизонға ауысып, Қазақстанның қалаларын аралап келеміз. Ауыстырған балабақшалар мен мектептердің санынан жаңылысып та кеттік. Алайда, мекен-жай ауыстыру үлкен арманның жетегінде жүрген адамға еш кедергі емес. Бүгінде Қарулы Күштердің мәртебесі өсіп, мемлекеттің сенімді тірегіне айналған ел әскеріне деген Елбасы сенімінің арта түсуі біздегі курсант жастарды да жігерлендіре түсуде. Біз де өз кезегімізде институт сарбаздарын елдің сенімді тірегіне айналдыру үшін аянбай еңбек ете береміз”, – дейді кафедра бастығы.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp