“Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы шартына бірқатар өзгерістер енгізілгеннен кейін облыстық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының виртуальды қабылдау сайтына Петропавл қаласының тұрғыны Талғат Әубәкіровтен сауал келіп түсті.
Сұрақ: Биылғы жылдан бастап “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы бойынша қосалқы мердігерді көпқабатты үйлердің тұрғындары өздері таңдай алатындығы жөнінде теледидардан естідім. Бұл қалай болады?
Бұл сауалға басқарма басшысының міндетін атқарушы Хасип Сюникаев жауап береді.
Жауап: Бағдарламаға сәйкес кондоминиум нысанын басқару органы, ғимараттың (пәтерлердің) меншік иелері мен бас мердігер болып табылатын арнайы уәкілетті ұйым арасында кондоминиум нысанының жалпы мүлкіне жөндеу жүргізуге шарт жасалады. Өз кезегінде арнайы уәкілетті ұйым қосалқы мердігерді тарту мүмкіндігімен жалпы мүлікке жөндеу жүргізеді. Ғимараттың (пәтерлердің) меншік иелерінің жалпы жиналысында үйге жөндеу жүргізу үшін қосалқы мердігер ұйымын таңдауға келісу жүзеге асырылады.
Р.S. Үстіміздегі жылғы 29 сәуірде қабылданған ҚР Үкіметі “Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” қаулысында қосалқы мердігер ұйымды таңдауға арналған конкурстық шаралар қарастырылмаған, сондықтан қосалқы мердігер ұйымдарды таңдау тұрғын үй иелерінің еркінде қалады. Бұл шара бағдарламаның тиімділігін арттыруға, оған тұрғындардың қатысу тетігін жеңілдетуге бағытталған.
Юлия МАЛЬДИНА,
“ СҚО Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы” ММ-нің баспасөз хатшысы-нұсқаушысы.