«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЛАНШЕТ КІТАПТЫ АЛМАСТЫРА АЛМАЙДЫ

“Қазіргі балалар кітап оқымайды, ұялы телефон, планшеттен бас көтермейді” деген сөздерді ата-аналардың аузынан жиі естиміз. Бірақ ол сөздердің мағынасына терең бойлап, мән бермейміз. Түптеп келгенде, қазіргі балалардың алтын уақытын босқа өткізіп, көз майын тауысып, теледидардан шетелдің мультфильмдерін сағаттап көруіне, ғаламтор арқылы күні-түні атыс-шабыс ойындарынан бас алмайтындарына мына біз, үлкендер кінәліміз. Өйткені, баланың тәрбиесін барынша қадағалап, оған бағыт-бағдар беріп отыруды ақсатып алғандаймыз. Қазір ата-аналардың көбі жұмысбасты. Баспана, несие төлеу сияқты басқа да күнделікті өмірдің күйбің тірлігінен бас көтеруге шама келмей жүргенде бала тәрбиесі қолдан шығып кеткенін байқамай да қалдық. Сондықтан әр үйдің тұңғышы мен кенжесінің өз еркі өзінде. Міне, осындай бір ғана мысалдан бүгінгі ата-ана мен баласының арасында байланыс кеміп кеткенін көруге болады. Әркім өз жайымен. Ешкім ешкімге кедергі келтірмейді. Ал кішкентай балғынның не ойнап, қандай әлемде жүргенінде ешкімнің шаруасы жоқ.

Әрине, кітапханаға барып, рухани байлықтан нәр алатын ұрпақ жоқ емес, бар. Бірақ солардың қатары сиреп барады. Қазір осы жайында ойлануымыз керек. Техника қандай дамыған заман болса да, кітаптың орнын еш нәрсе алмастыра алмайды. Сондықтан баланы алдымен кітап оқуға баулу керек. Ол үшін ата-ана өздері қолына кітап алса, жақсы болар еді. Әйтпесе қазіргі кезде жас ата-аналардың өздері неше түрлі желіде отырып, бос әңгімемен қанша уақыттарын сарп етуде. Бұл да ойланатын мәселе.  

Бір-екі сағатқа теледидарды сөндіріп, әкесі балаға кітап оқып берсе, жарасып тұрмай ма? Бұл да тәрбиенің бір құралы. Бұрындары ауыл үлкендері “Ерте, ерте, ертеде…” деп майын тамызып тұрып, өмірі бітіп болмайтын ертегілер айтып отыратын. Қазіргі немерелер, шыны керек, ата-әжесіз өсіп жатыр. Ал “баламызды өзіміз тәрбиелейміз” деген ата-аналар болса еркелеріне қымбат ойыншық сатып алып бергенді кітап оқығаннан да маңызды деп санайды. Мені қынжылтатыны да осы. Аңыз бен ақиқаттан өрілген қазақтың тамаша ертегілері түрінен адам шошитын шетелдің ойыншықтарынан мың есе артық. Ертегі арқылы бала Отанын, елін, жерін қорғауды үйренеді. Тарихымызбен етене танысып, баяндалған оқиғадан шыға алмай шырмалып, қиял жетегінде жүреді. Ертегінің жағымды кейіпкерлеріндей батыр, батыл, қайырымды, мейірімді болуға еліктейді. Міне, осының өзі керемет тәрбие емес пе?!

Нарқыз ӘСЕРБАЕВА.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp