Өткен жылдың қараша айының соңына таман қалалық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне азаматтардан пәтерлері тоналғаны жайында бірнеше шағым түскен.
Басқарманың криминалдық полиция бөлімінің бөлімше бастығы, полиция капитаны Иван Терзидидің айтуынша, қылмыс оқиғалары бір-біріне ұқсас: сыртқы есіктер жабық, алайда пәтерлерден ақша, зергерлік бұйымдар, заттар ізім-қайым қолды болған.
Шұғыл-іздестіру шаралары нәтижелі болып, үш адам ұсталған.
Қылмыскерлер мынадай айлашарғы жасаған: көпқабатты үйлерде тұратын азаматтардың жұмыс уақытында пәтерде жоқтығын пайдаланып, домофондар арқылы пәтерлерге сырттан қоңырау соғады. Осыдан соң “Интернет-байланыс қызметкеріміз” деген желеумен екеуі үйге еніп, біреуі сыртта, есік алдында домофонды бақылайды. Үйге енгендер көбінесе Қытайда жасалған кілттерді ашып кіреді.
Полицейлер ұрыларды облыс орталығының Сауда үйінің маңындағы бір үйге кірген жерінде құрықтады.
Тұзаққа түскендердің екеуі – ұрлықтары үшін бұрын сотталғандар. Ұрылардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.