Ескі шошаладан ерекше иіс аңқып тұр. Ішке кірсем, үстінде қызыл қамзолы бар әжем қазан жанында жүр екен. Құрт қайнатып жатқан сыңайлы. Екеуміз құртты сығып, сырлы табаққа жаймақшымыз. Сосын әкемнің қызыл тракторының үстіне шығарып, кептіреміз. Бір кезде сыртта атамның дауысы анық естілді… Сағат қоңырауынан оянып кетсем, түсім екен.
Әлдеқашан марқұм болған ата-әжеміздің аруағы бізді желеп-жебеп жүрген шығар, бәлкім. Мен үшін олар ең асыл жандар еді ғой. Жақұттай жарқыраған жақындарымыздың бейнесін ұмыту мүмкін бе? Ал олардың бізге берген тәрбиесі мен өнегесі – өмірлік азық. Атам – Қабдоссалам (Апсан) Ғаббасұлының, әжем Күләш Қазыбекқызының орны ойсырап тұр.
Қабдоссалам Ғаббасұлы – Шал ақын ауданындағы Кеңес ауылының тумасы. Менің атам үш ағайынды. Ғаббас пен Күмістің тұңғыштары Қайреден отты жылдары Отан үшін күреске түсіп, ұрыс даласында қайтыс болса, үйдің кенжесі Нұрахмен 27 жасында дүние салыпты. Ал ортаншы ұл Қабдоссалам 1942 жылдың қыркүйек айында аудандық әскери комиссариаттан соғысқа шақырту алып, елді жаудан қорғауға аттанған. Балтық жағалауы майданында ұрысқа қатысып, 9-шы гвардиялық дивизияның құрамында болған. Алайда, 1944 жылы Тарту қаласы аумағында минаның сынықтары тиіп, ауыр жарақатпен елге оралған. Қан майданда көрген қиындығы оның жігерін жасытқан жоқ. Елге оралған соң да ол қол қусырып отыра алмады. Еңбектің қазанында қайнап, елдің дамуына көппен бірге көмегін тигізді. Оған әжемнің сандығында сақталған орден, медальдары дәлел бола алады.
Атам ауылда мал дәрігері болып еңбек етті. Өте білімді, сауатты жан еді. Ата-әжемнің бір-біріне деген сыйластығы, қамқорлығы мен сүйіспеншілігі шексіз болатын. Олар бізге үлгі-өнеге көрсетті. “Ынтымақ бар жерде бақыт бар” демекші, сыйластықтың арқасында олар жеті қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Екеуі де балажан еді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай балаларын ержеткізу үшін, күн-түн демей дамылсыз еңбек етті. Балаларына дұрыс тәрбие беріп қана қоймай, олардың жоғары білім алуына барлық жағдайды жасады. Көздері тірісінде, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, жиен, немере, жиеншар сүйді. Ұрпағының көбейгенін армандаған қос қарияның немере-жиендерінің алды оқу бітіріп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жатса, кейінгілері Қазақстан мен шетелдердің жоғары оқу орындарында білім алуда. Немере мен жиенді ешқашан бөлген жоқ. Көрген-білгендерін, өмірден түйгендерін айтып, еңбекке баулып, адалдыққа тәрбиелеп өсірді.
Мәуелі бәйтеректей болған асылдарымыздан көз жазып қалсақ та, олардың айтқан әрбір сөзі көңілімізде. Әжем марқұмның: “Келген қонаққа, қара нан мен қара су берсең де, қабағыңды шытпа”, – деген ақылын жиі еске аламын. Алыстан келген ұл-қызын мейірлене құшақтап, жылы сөзін арнайтын әжемнің даладай кең, баладай риясыз, аңқылдаған ақкөңіліне тең келер дүние бар ма? Қазандағы майға қызара піскен бауырсағы мен сары майы дастарқанынан арылған емес. Самаурыны қайнап, қазаны оттан түскен жоқ. Әжем қызыл сандығын ашып, бізге тәттілер үлестіретін. Бүгінде тамаша естелікке айналған балалық шағымның жарқын сәттерін сағынышпен еске аламын. Айта берсек, әңгіме таусылмайтын шығар. Осындай жаны ізгі адамдармен өткізген тамаша сәттің қайта оралмайтыны өкінішті. Жылдар жылыстап өткен сайын оларға деген сағыныш та ұлғайып барады.
Ата-ана үшін баланың қайғысын көру үлкен қасірет емес пе? Ал тағдырдың жазуымен қызы Жәниядан көз жазып қалған әжемнің өзегін өртеген өкініштің орны тым бөлек. Әр жұма күні аруақтарға Құран бағыштап, дұға оқитын әжемнің өнегелі ісінен біз үлгі алдық. Әпкеміздің де қайтыс болғанына он тоғыз жыл болды. Артында қалған ұрпағы барда оның есімі ешқашан ұмытылмайды.
Сүйегі асыл, сөздері өсиетке толы, жүріп өткен жолдары кейінгі ұрпаққа тағылым болған бұрынғының адамдарының сабырлылығы мен шыдамдылығына кейде қайран қаламын. Менің де әжем сондай жан еді. Қандай қиындық көрсе де сыр білдірмейтін. Балаларының амандығын Алладан тілеген асыл әжем өмірінің соңына дейін үй шаруасына ұқыпты болды. Жүзі жылы, жүрегі мейірімге толы Күләш әжемізді ажалдан арашалап қала алмадық. Өйткені, өлім хақ. Ажалдан ешкім құтыла алмайды. Сондықтан орны ойсырап тұрған жақындарымыздың рухына Құран бағыштап, оларды еске алудан басқа қолдан келер қайран жоқ.
Гүлім ҒАББАСОВА.
Тимирязев ауданы.