«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батырлары

Михаил КОНСТАНТИНОВ

1922 жылы қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Чистополье ауылында туған. Магнитогорск қаласында 9-сыныпты бітірген жігіт 1940 жылы әскер қатарына алынады. Ал 1944 жылы Орынбордағы ұшқыштардың әскери авиация мектебін бітірді.

2-ші Белоруссия майданы, 4-ші әуе армиясы 230-шы гвардиялық авиация дивизиясы, 43-ші авиация полкінің аға ұшқышы кіші лейтенант М.Константинов 147 рет аспан төсіне көтерілді. Жерлесіміз Польшаны азат етуде, Шығыс Пруссия мен Берлиннің солтүстігінде неміс әскерлерін талқандау кезінде көзге түсті. Ол күніне 4-5 рет жауынгерлік сапарға шығып отырды.

М.Константинов жау танкілерінің, артиллериясының, автокөліктерінің және адамдардың шоғырланған жеріне соққы беріп, фашистік жекпе-жекте шайқасты. Жерлес жауынгер басқарған шабуыл жасаушы топ, әсіресе, Гдыня, Данцинг, Штеттин, Кармцев, Штарсбург, Свинемюнде, Доилиды, Ромсан қалаларын алу кезінде болған ұрыстарда ерекше көзге түсті. Ол жаудың 4 ұшағын, 8 танкіні, 21 зенит қаруын жойды.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1946 жылғы 15 мамырдағы Жарлығымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Екі рет Қызыл Ту, 1-ші және 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталды.

1955 жылы Михаил Романович Әскери-әуе академиясын бітіріп, әскери-әуе күштеріндегі қызметін жалғастырды. 1970 жылы полковник Константинов запасқа шығарылды.

Қырымдағы Фрунзе селосында тұрып, Алуштадағы ауыл шаруашылығы техникасы ұйымдарында жұмыс істеген майдангер кейіннен Тирасполь қаласына қоныс аударды.

Виктор СКАЧКОВ

1923 жылы Қорған облысының Половин ауданындағы Давыдовка селосында туған. Әкесі қайтыс болғаннан кейін Скачковтардың отбасы Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданындағы “Қызыләскер” кеңшарына көшіп келеді. Виктор мектепте мұғалім болып, химиядан, сызудан, суреттен сабақ береді.

В.Скачков Қызыл армияға 1940 жылы алынып, Белоруссиядағы соғысқа кірді. Қорғаныстағы қиын шайқастар кезінде Скачков басқа да жаяу әскерлер сияқты танктерге қарсы соғысты.

Олардың кейін шегінуіне көмектесіп жатқан взвод жайрап қалды. Виктордың қолын жаралаған жарықшақ жерлес жауынгерді тоқтатпады. Ол тағы да жараланып, бұл жолы оқ аяғына тиді. Үшінші рет жараланғанда ғана госпитальға жеткізілді.

Кіші гвардия техник-лейтенанты В.Скачков жүргізген “КВ” ауыр танкі Прибалтиканы азат етудегі алғашқы ұрыстарда-ақ немістің төрт танкісін, бірнеше тіркеусіз жүретін қаруларын және пулемёт ошақтарын талқандады.

1944 жылы 26 желтоқсанда немістер жанталаса қарсы шабуылға шықты. Жаудың жиырма танкісі мен тіркеусіз жүретін қарулары ұрысқа кірді. Біздің танкистер тойтарыс беріп, жаудың бетін қайтарып тастады. Ұрыс үстінде Виктордың танкіне жау оғы дөп тиді. Экипаж түгелімен жараланды.

Жолдастарына шегінуге бұйрық берген Виктор Скачков моторға от алдырмақ болып, әрекеттенді. Сөйтіп, танкті қатарға қоспақ болды. Фашистер оның танкіне жан-жақтан оқты жаудырды. Артиллерия снаряды келіп тигенде өжет танкист ауыр жараланды. Машинаның моторы отқа оранды. Отанының адал ұлы сол оттың ішінде өзі де жанып кетті, бірақ машинасын жау қолында қалдырмады.

Ұрыс даласында көрсеткен жанкешті ерлігі мен қаһармандығы үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен Виктор Скачковқа қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp