
С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жерлесіміз Әмина Шалабаеваның 100 жылдығына арналған “Жыры елімен мәңгі бірге” атты поэзия кеші өтті. Шараға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, ақынның жақын туыстары және әдебиетке әуес өрендер қатысты.
Өмірге қылышынан қан тамған қиын-қыстау кезеңде келген ақынның шығармаларының басым бөлігі азаттық тақырыбына арналған. Өлең-жырларының дені оқыған адамның намысын қайрап, қанаттандырып, рухын оятып, жігерін жани түседі. Ақынның өнегелі өмір жолына, артына қалдырған мол мұрасына кеңірек тоқталған Әмина Шалабаеваның күйеу баласы Зейнолла Олжабаев айтулы тұлғалардың бойынан табыла бермейтін адамдық қасиеттеріне тоқталды.
Ақынның жиені Марғима апа айтқан естеліктен қатысушылар оның өмірінің беймәлім қыр-сырына қанықты. Айтыс өнерінің дүлдүлі, жерлесіміз Ерік Асқаровтың зайыбы Нәсіпжан апаның естеліктері де әсерлі шықты.
Кеш барысында ақынның өлеңдері, аудармаларынан үзінділер оқылды. С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртісі Дінмұхамбет Аяхвайдың, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері Жұлдызай Жақсылық пен Шынарай Жұмабекованың нақышына келтіріп оқыған өлеңдері поэзия кешінің көркін аша түсті.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.