«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҰЛУ ДА СҰҢҒЫЛА АРУЛАР АНЫҚТАЛДЫ

Петропавл қаласындағы №5 орта мектепте Ұлыстың ұлы күніне орай “Көктем аруы” байқауы ұйымдастырылды. Оған қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Бақтылы Тюляева жетекшілік етті.

Байқаудың бірінші кезеңінде қыздар өздерін өлеңмен, әнмен таныстырса, екіншісі “Қыздарға әсемдік жарасады” деген атаумен өтті. Онда аруларымыз сән үлгілерін көрсетіп, таңғалдырды. “Ас – адамның арқауы” кезеңінде қыздар нан жаюда бақ сынасты. Бұл байқауда 8-сынып оқушысы Сабрина Балғарина мен 10-сынып оқушысы Алина Курдюкова алдарына жан салмады. Келесі кезеңдерде арулар мақал-мәтелдер, қазақтың ұлттық ойындары, эпостық жырлар, салт-дәстүрлер бойынша білімдерін ортаға салды.  

Әр кезеңде қыздар өздерінің білімді, өнерлі, инабатты екендіктерін дәлелдеді. Бірақ әр кезеңде жеңіс пен жеңіліс қатар жүргендіктен, қазылар алқасы өз бағаларын әділ қоюға тырысты. I орынды 10-сынып оқушысы Алина Курдюкова еншілесе, II орынды 8-сынып оқушысы Сабрина Балғарина иеленді. III орын Диана Гордеева мен Юлия Стукаловаға бұйырды. Мерекелік байқау көңілді ән-күймен, әсем сый-сияпатпен, шашу, бата-тілекпен аяқталды.

Шара соңында мектебіміздің дарынды оқушылары өнерлерін көрсетті.

Әсел ЖАРКИНА,

№5 орта мектептің қазақ тілі мен

әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp