Жергілікті әуесқой кино-режиссер Дамир Макимкенов “Әке мәртебесі” атты қысқа-метражды фильм түсіріп, туынды әлеуметтік желі арқылы көрсетіле бастады.
Бұл – ізденіске құштар жерлесіміздің жұртшылық назарына ұсынған екінші фильмі. Фильмнің жарыққа шыққанына көп уақыт өтпесе де, көпшіліктің жылы ықыласына бөленіп үлгерді.
Жаңа шығармаға қарапайым аула сыпырушысының жұпыны тірлігі мен дәулетті ата-анасының арқасында шалқып өмір сүрген бозбала арқау етілген. Екі жас – қысқа метражды фильмнің басты кейіпкерлері. Қарапайым отбасының қызына ғашық болған жігіт оның туыстарымен танысуға келіп, өзінің тәрбиесіз қылықтарын көрсетіп алады. Алайда, оның оспадар мінезіне ақылын қарсы қойған әке мәселені байыппен шеше біледі.
Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет. Бұл – фильмнің басты лейтмотиві. Жасыратыны жоқ, ата-ананың қаражатына бұлғақтап өсіп, кеуде қаққан, тайраң басқан желөкпе жастар арамызда аз емес. Режиссер өскелең ұрпақты осындай жаман дағдылардан жиренуге, керісінше, парасаттылық, сыйластық сияқты асыл қасиеттерді үйренуге үндейді. Жақсы тәлім-тәрбие алдымен от басы, ошақ қасынан басталатынын ұқтыруға ұмтылады. Еңбекпен тапқан нан қашан да тәтті деген ой тастайды. Әлеуметтік мағынасы терең кинода төрт актер ғана ойнайды. Екеуі облыстық қуыршақ театрының әртістері болса, екеуі – қарапайым қала тұрғындары.
Фильмнің режиссері де, сценарий авторы да – Дамир Макимкенов. Оның негізгі кәсібі – такси жүргізуші. Арнайы мамандығы болмаса да, кино түсіру хоббиына айналған. “Жол жөндеу жұмыстарымен айналысып, күзетшілік қызмет атқардым. Қазір такси жүргізушімін. Бірде кино түсірсем деген ой туды, кейін бұл қолымнан келетінін ұқтым”, – дейді жерлесіміз.
Жансая ҚАЙЫПОВА,
журналист.