Өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың жалпы саны – 4039 адам. Олардың 62 пайызында ауру симптомдары анықталды. Жалпы, 3918 науқас емделіп, ауруханадан шықты. Өкінішке қарай, 20 адам қауіпті індеттен көз жұмды. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Баспасөз мәслихатында баяндама жасаған ведомство басшысы Серікбай Қасмақасов соңғы уақытта өңірде ауру жұқтыру көрсеткіші төмендегенін жеткізді. Сондықтан коронавирус көрсеткішінің оң қарқыны карантин шараларын жеңілдетуге мүмкіндік беруде.
– Қыркүйектің 18-інен бастап облыста санитарлық-дезинфекциялық шараларды қатаң сақтай отырып, бірқатар нысандардың жұмысы қайта жанданады. Мәселен, санитариялық нормаларға сәйкестік актісі бар театрлар, ойын-сауық орталықтары және сауда үйлеріндегі қоғамдық тамақтану нысандарына жұмысын бастауға рұқсат беріледі. Яғни, олар дүйсенбі-жұма күндері аралығында таңғы 9.00-ден кешкі 23.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Бұл орайда сақтық шаралары қатаң сақталып, медициналық бетперде киіліп, әлеуметтік арақашықтық талапқа сай болуы тиіс. Келушілер саны 50 адамнан аспауы тиіс, – дейді Серікбай Қасмақасов.
Баяндамашының айтуынша, дүйсенбі-жұма күндері тұрғындарға қызмет көрсеткен сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары және сауда үйлері демалыс күндері жұмыстарын тоқтатуға міндетті. Бұл жолғы қаулының басты жаңалығы – ұжым қызметкерлерінің саны 30-дан асатын мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор органдары, ұлттық компаниялар мен кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдіктер жасалды. Қызметкерлердің 50 пайызы жұмысқа шығатын болса, қалғандары қашықтықтан жұмыс жүргізуді жалғастырады.
Өңір тұрғындарының тәртіп сақтауы мен шектеу шараларының нәтижесінде қауіпті індет жұқтыру көрсеткіші төмендеген. Бірақ шектеу шараларының жеңілдетілуі арқаны кеңге салу деген сөз емес. Баспасөз мәслихатының соңында облыстың бас дәрігері барлық қызмет көрсету орындарында тазалық пен сақтық шаралары қатаң сақталуы тиіс екенін тағы бір мәрте ескертті.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.