«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАСҚЫНҒА ҚАРСЫ ДАЙЫНДЫҚ ЖЫЛ БОЙЫ ТОЛАСТАМАЙДЫ

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі қаралды. Жиында төтенше жағдайлар департаменті, «Қазгидромет» басшыларының және селекторлық режімде аудан әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

«Су тасқыны – өңір үшін өте маңызды мәселе. Былтырғы жағдайдың қайталануына жол бермеу қажет. Дайындық жұмыстары үздіксіз жүргізілуде, жөндеу және инженерлік жұмыстар бір күнге де тоқтаған жоқ, тіпті қыста да жалғасты», – деді өңір басшысы.

Инженерлік жұмыстар жоспары аясында 109 іс-шара қарастырылған. Оның ішінде 8 қорғаныс бөгеті нығайтылды, 80 км қорғаныс бөгеті мен үйінділер салынды және күшейтілді, автожолдарға 108 су өткізу құбыры мен тюбингтер орнатылды, 10 км су ағызу арықтары мен каналдары тереңдетілді, 4 км шағын өзен арналары тазартылды. Сондай-ақ 214 км нөсерлік кәріз жүйесі тазартылып, жөнделді, бірінші көтергіш сорғы стансасын қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын.

Бұдан бөлек, өткен жылғы су тасқынының ерекшеліктерін ескере отырып, қосымша шаралар жүзеге асуда. Мәселен, Петропавл су торабы маңында айналма канал құрылысы басталды. Бұл Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне жол бермейді. Су тасқынын ерте кезеңде бақылап, облыс орталығының шағынаудандарының су басуын болдырмау үшін артық суды алдын ала ағызу қарастырылған. Соколовка және Большая Малышка ауылдары маңында өзен арналарының түбін тереңдету және жағалауды тазарту жұмыстары жүргізілуде. Мұз жару жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Петропавл қаласы мен 8 аудандағы Есіл өзені мен шағын өзендердің 49 учаскесінде мұз кептелісінің алдын алу және еріген судың кедергісіз ағуын қамтамасыз ету үшін жару жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

«Қазір бүкіл облыс үшін жауапты кезең. Мемлекеттік органдар күшейтілген жұмыс режіміне көшті. Дайындық мұқият жүргізілуі тиіс, әсіресе инертті материалдарды, қаптарды және арнайы техниканы алдын ала дайындау маңызды. Сондай-ақ жергілікті тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстарын ескеру қажет» – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Алдағы уақытта аудандарда кеңестер өткізіліп, негізгі міндеттер мен басым жұмыстар нақтыланады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp