Бүгінде өңір бойынша өзен-көлдердегі су көлемі артып, тасқынның үшінші толқыны жүріп жатыр. Мәселен, соңғы тәулікте Сергеев су қоймасындағы су деңгейі 31 сантиметрге жоғарылап, 237 сантиметрді құраған. Петропавл су торабында да су деңгейі сағат сайын көтерілуде. Заречный кентіне апаратын жолды су басып, көліктің барлық түрлеріне шектеу қойылған. Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Шөптікөл, Есіл ауданындағы Петровка ауылдары маңында жайылымдарды су шайып кеткен.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқыны қаупі бар учаскелерді әуеден бақылады. Қызылжар ауданының ауылдары, Петропавл қаласынан Долматово ауылына дейінгі аумақ, Үлкен және Кіші Тораңғұл көлдері, Сергеев су қоймасы, сондай-ақ Есіл өзені бойында орналасқан елді мекендер тексерілді. Ұшу барысында су деңгейіне, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне және су басу қаупі бар аймақтарға визуалды бағалау жүргізілді. Қала және аудан әкімдерінің су тасқынына әзірлік жайлы есептері тыңдалды.
Ғауез Торсанұлы қазіргі уақытта су тасқынының үшінші толқыны жүріп жатқанын, ол елді мекендерге қауіп төндірмейтінін, оның шарықтау шегі сәуір айының соңында облыс орталығында күтіліп отырғанын жеткізді.
«Тасқынға қарсы кешенді шаралар жүргізілуде. Бөгеттер нығайтылды, айналма арналар салынды. Жағдай тұрақты бақылауға алынған», – деп атап өтті өңір басшысы.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».