«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАТУЛЫҚ ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ

Ширек ғасырдың ішінде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделіне айналған, осы жылдар бедерінде татулық пен тұрақтылықтың саяси институты ретінде әбден мойындалған Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени, рухани өмірдегі рөлі теңдессіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы ел Тәуелсіздігінің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының алғашқы форумында көтерген болатын. 1995 жылы 1 наурызда консультативті-кеңесші орган ретінде құрылып, саяси, сонымен қатар полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты даму тұрғысынан қажеттілігі атап көрсетілді. Әлемдік тәжірибеде соны бастамалығымен, тың бағытымен ерекшеленіп, республика халқын ортақ мақсатқа ұйыстырудағы міндеттері айқындалды.

25 жылдық даму жолында институционалдық құрылымы нығайып, этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісім үлгісі ел дамуының маңызды факторына айналғанына әр қазақстандық куә. Республиканы мекендейтін этнос өкілдерінің күш-жігерін, армантілегін бір арнаға топтастыра отырып, көпэтностық бай кеңістікте сенім, достық, өзара түсіністік ахуалының орнауы Ассамблея ұстанған бағыт-бағдардың сарабдал, көпқырлы қызметінің арқасы деуімізге толық негіз бар. Тұңғыш Президентіміздің сөзімен айтатын болсақ, Ассамблея Қазақстанның саяси жүйесінің маңызды бір белгісіне айналды. Ол барлық этностардың мүдделерін бір арнаға тоғыстырады. Ұлттық тегіне қарамастан, барлық азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерінің бұлжытпай сақталуын қамтамасыз етеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясы “Біздің ортақ үйіміздегі татулық пен келісім” тақырыбында өтіп, Қазақстан халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген басты игілігі – халықтар достығы екені паш етілді. Осы жылы өткен екінші сессияда күн тәртібіне “Өткенді оймен түйіндеу және қоғамды одан әрі демократиялық реформалау” мәселесі шығарылып, қоғамдық келісім үшін этностық төзімділікті сақтаудың зор маңызы айрықша атап өтілді. Адамдардың әлеуметтік реніш пен өшпенділік сезімінің кез келген түріне жол бермеу, тосқауыл қою басты басымдық болып белгіленді.

Ассамблея Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады. Оның ерекше мәртебесі Конституция бойынша айқындалған. 2008 жылы 20 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы Заң қабылданып, этносаралық қатынастар саласындағы негізгі принциптер белгіленді. Саяси мәртебесі кеңейтілді. Құрылымын Ассамблея сессиясы, кеңесі, хатшылығы, жергілікті ассамблеялар құрайды. Ассамблея сессияларында қоғам өмірінің маңызды мәселелері мен мемлекет дамуының негізгі бағыттары талқыланады. Мәселен, 2001 жылғы VІІІ cессияда “Тәуелсіздіктің он жылы: бейбітшілік пен прогресс, келісім”, 2006 жылы ХІІ сессияда “Этникааралық және конфессияаралық келісім – Қазақстанның динамикалық дамуы мен оның әлемдегі барынша бәсекеге қабілетті елдердің қатарына кіруінің басты шарттары” деген өзекті тақырыптар талқыланды. Ассамблеяның негізгі ерекшеліктерінің бірі этностық топ өкілдері мүдделерін жоғары заң шығару органында – ел Парламентінде білдіру болып табылады. Ата Заңға 2007 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес Парламент Мәжілісінің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Олар барлық этностардың мүдделерін білдіреді. Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің өркендеуіне барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің саны бір мыңға жуық. 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар, 7 тілде телебағдарламалар шығады. 88 мектепте білім беру тәжік, өзбек, ұйғыр, украин тілдерінде, 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде жүргізіледі. 195 этнобілім беру кешені жұмыс істейді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсаты – қазақстандық патриотизм, азаматтық бірегейлік, ұрпақтар сабақтастығы, рухани-мәдени ортақтастық негізінде бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру, болашаққа бағдарланған стратегиялық өзгерістерге қол жеткізу, басты құндылығымыз – Отанымыздың Тәуелсіздігін орнықтыру, ал міндеттері – этносаралық мәселелерде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасында тиімді іс-қимылды қамтамасыз ету, бейбіт қоғамның әрі қарай қолайлы дамуына мүмкіндіктер жасау, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру, Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендету десек, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының негізгі қызметі осы бағыттар бойынша өрбіп, өз деңгейінде жүзеге асыруға ерекше қажырлықпен үлес қосып келеді. Достық үйі қабырғасында және аудандарда тұрақты тұрде жұмыс істейтін этномәдени бірлестіктер әлеуметтік жаңғырту үдерістеріне қосыла отырып, ұлттық-мемлекеттік бірегейлікті нығайтуға, қоғамдық маңызды проблемаларды шешуге арналған кең ауқымды шаралардың бел ортасында жүруді қашан да басты мұрат тұтады. Облыс аумағындағы 175-тен астам этномәдени ұйымның біртұтас ұлтты қалыптастыру мен нығайтуға ықпал ететін пәрменді тетіктері бар. Жыл өткен сайын олардың қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық рөлі артып, белсенді азаматтық ұстанымы кеңейіп келеді. Халықаралық мәртебеге ие Наурыз, Сабантой, Масленица, тағы басқа мейрамдар бүкіл халық болып тойланады. Мыңдаған адам тамашалайды. Бұл орайда, “Қоғамдық келісім” мемлекеттік мекемесі, аналар кеңесі, ақсақалдар алқасы, журналистер клубы, жастар қанаты, медиация кабинеті, ғылыми-сарапталық топтардың ықпалы зор. “Шаңырақ”, “Мәміле”, “Қазақтану”, “Мың бала”, “Қазақстанның жүз есімі”, “Қазақ халқына – мың алғыс” жобалары жаңа идеологиялық мазмұнмен толықты. Мемлекеттік міндеттерді шешуде, өскелең ұрпақ бойында патриотизм сезімдерін қалыптастыруда, халықты топтастыруда мұндай іс-шаралардың мәні айрықша. Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған “Абай өлеңдері – ұлттық қазына” конкурсы халықаралық мәртебе алды. Ең бастысы, жас буынның бойында ұлы ақын мұрасына деген ерен қызығушылық туды.

Жергілікті ассамблея “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыруға үлесін қосуда. Бұл облыс тұрғындарының қоғамдық санасын жаңғыртуға бағытталған жобаларды әзірлеуден, сондай-ақ, этномәдени бірлестіктер мен ассамблеяның басқа да құрылымдық бөлімшелерінің іс-шараларға қатысуынан көрінеді. Мысалға, “Ұлт рухы” спорттық акциясын алайық. Оның мақсаты – саламатты өмір салтын ұстану, денсаулықты нығайту, жылдамдық, төзімділік қасиеттерді дамыту, тірек-қимыл жүйесін нығайту. “Аналар кеңесі жанынан құрылған “Қыз Жібек” клубы қыздарды ұлттық дәстүрлер рухында тәрбиелеудің жақсы үлгісін көрсетті. “Тұңғыш Президент жолымен” халық экспедициясы жобасы аясында Елбасының егемен мемлекет құрудағы теңдессіз рөлі, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің тамаша тағылымдары таныстырылды. 10 мыңнан астам адамды қамтыған 52 іс-шара барысында ғылыми-тәжірибелік конференциялар, әдістемелік семинарлар, түрлі байқаулар, форумдар мен тренингтер, экскурсиялар ұйымдастырылды.

Ассамблея мүшелерінің инвестиция тартуды діттей отырып, Ресеймен шекаралас өңірлермен ұлтаралық келісім мен тату көршілік қатынастарды сақтау, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді жаңғырту жұмыстарына белсене қатысуы бұлжымас дәстүр саналады. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен ұйымдастырылған өңірлік кеңестің үшінші форумына жасалған дайындық өзін ақтады. Кәсіпорындардың азық-түлік және бұйымдар көрмесі келушілердің назарын аударды. “Орталық және өңірлік деңгейде инвестициялық саясатты іске асыру” тақырыбына арналған жиында этномәдени орталықтардың экономикалық байланыстарды жақсартудағы мүмкіндіктеріне лайықты баға берілді. Онда айтылған ұсыныстар әлеуетті қаржыгерлердің ерекше ықыласын тудырды. Перспективалық салалардағы жобаларды жүзеге асыруға қадамдар жасалды. Пандемияға байланысты төтенше жағдай енгізілгеннен бастап ассамблея мүшелерінің, волонтерлердің, этномәдени бірлестік өкілдерінің белсене қатысуымен тұрғындардың екі мыңға жуық өтініш-тілегі орындалды. 4 мыңнан астам кеңес берілді. Дәрігерлер мен провизорлық орталықтарға көмек көрсетілді. 20 млн. теңгеге қажетті дәрі-дәрмектер сатып алынды. Гигиеналық заттар, бетперделер, ыстық тамақ, жеміс-жидек, көкөніс, жылы киімдер тарату ұйымдастырылды. Түмен облысы қазақтары ұлттық-мәдени автономиясының өкілдері 20 мың медициналық бетперде, 5 мыңдай жұп қолғап, жарты тонна антисептик беріп жіберді. “Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының” жергілікті филиалы “Добро-Соседство” акциясы аясында Ресейден гуманитарлық көмектер жеткізді. Мұндай қайырымдылық шараларына “Түрік мәдениеті”, “Еврей мәдениет орталығы”, “Әзірбайжан мәдениет орталығы”, “Вайнах” шешен-ингуш қауымы, “Дуслык” татар-башқұрт, “Сомониен-Север” тәжік орталықтары белсене қатысты. Медицина қызметкерлері мен көпбалалы отбасыларға гуманитарлық көмектер көрсетті.

Ассамблея міндеті Қазақстан аумағында өмір сүретін халықтың этносаралық татулығын орнықтыру екенін бір сәт те естен шығармаймыз.

Елена ЕРЕЖЕНОВА,

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp