Жақында Тайынша ауданында тосын жағдай орын алып, Шағалалы теңіз көлінде 1,5 тонна балық қырылған болатын. Балықтың қырылу себебі ресми түрде жарияланбаса да, алдын ала болжам бойынша су астындағы өсімдіктердің шіруінің салдарынан күкіртсутек концентраты пайда болып, балықтардың улануына себеп болғаны айтылған. Бұрнағы күні Айыртау ауданындағы Кіші Қоскөл көлінің солтүстік-батысында 500 килограмнан астам мөңке сазаны жаппай қырылып, жағаға шығарылғаны жөнінде хабар тарады.
Облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство мамандары судан сынама алған. Өлі балықтар қырылу себебін анықтау мақсатында зертханалық сараптама жүргізу үшін “Республикалық ветеринарлық зертхана” облыстық филиалына жіберілді.
Аталған жағдай орын алғаннан кейін Айыртау ауданында көл маңына облыстық экология департаментінің, өңірлік орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, жергілікті Антонов ауылдық округі әкімдігі аппаратының және аудандық ветеринарлық станцияның мамандарынан құралған ведомствоаралық жұмыс тобы барды. Мамандардың айтуынша, Кіші Қоскөлді “Першина И.Д.” жеке кәсіпкерлігі жалдап алған. Сондықтан ұйым басшысына қырылған балықтарды жинап, жою жөнінде тапсырма берілген. Ал балықтардың жаппай қырылу себебі қажетті сараптамалар жүргізілгеннен кейін белгілі болады.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.