Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагері, отставкадағы контр-адмирал Ратмир Комратов облыс орталығындағы №40 орта мектепте жастармен кездесті. Ардагер жастарды елжандылыққа, отансүйгіштікке баулитын әңгіме өрбітті. Аға буын өкілі Отанға қызмет ету зор бақыт екенін айтып, жастарға кеңес беріп, елімізде әскери білім беретін оқу орындарына түсуді ұсынды. Алматы қаласында, Ақтөбеде әскери институттар бар болса, Щучинск қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы кадет корпусында жастарды бір жыл он ай әскери қызметтің қыр-сырына баулиды.
Шара барысында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Дәулет Толыбай және сержант Берік Нұрғалиев әскери оқу орындарына түсу талаптарын түсіндірді.
– Әскери салаға қадам басуға ниет білдірген мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуде бесінші пән ретінде физика, химия, биология, география, дүниежүзі тарихы пәндерінің бірін таңдауы тиіс. Ал тест тапсырмайтын оқушылар Щучинск қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы кадет корпусына оқуға түсе алады. Жоғары әскери оқу орындарының курсанттарына дипломмен бірге жүргізуші куәлігі мен әскери билет беріледі. Сондай-ақ, оларға шәкіртақы, үш мезгіл тамақ, тегін медициналық көмек, жылына 44 күндік демалыс қарастырылған, – деді Дәулет Толыбай.
Шара соңында оқушыларға Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындары туралы бейнероликтер көрсетілді.
Айман ӘБЖАПБАРОВА, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің басшысы.