
Кездесу ұлттық теңгеміздің тарихынан сыр шертетін бейнефильмнен басталды. Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының тарихы Елбасымыздың 1993 жылғы 15 қарашадағы Жарлығынан басталып, теңгеміз қаржы әлемінен лайықты орнын тапты. Ұлттық валютаның атауы туралы да бірнеше нұсқалар ұсынылғандығы, қорытындысында комиссия мүшелері ежелгі қыпшақ даласында сауда айналымында болған “теңге” атауына тоқталғандығы шараға қатысқан жастар үшін тың ақпарат болды.
Өңір басшысы өткен ширек ғасыр еліміздің саяси және әлеуметтік тұрғыда ғана емес, сонымен бірге төл теңгеміздің беделі артып, еліміздің банк жүйесінің қалыптасуына мүмкіндік жасалғанын атап айтты.
– Теңгенің айналымға енгізілуі тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды оқиғаның бірі болды. Бүгінде теңге – тәуелсіз еліміздің брендтерінің біріне айналды. Еліміз егемендік жылдарында алғашқы қадамын жасаған кезде банк жүйесінің ардагерлері маңызды жұмысты атқарғаны сөзсіз. Ол істе солтүстікқазақстандық қаржы органдарының мамандарының да үлесі бар. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында егемендік алған тұста Қазақстан ұлттық валютасын қолданысқа енгізді, – деді Ерік Хамзаұлы.
Салтанатты сәт үстінде облыс әкімі Ерік Сұлтанов Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында банк жүйесін жетілдіру, көпжылдық жемісті жұмысы және өңіріміздің дамуына қосқан қомақты үлесі үшін Тілек Әбдірахмановты, Төлепберген Тілегеновті, Галина Зинченконы, Галина Мельникованы, Валентина Сердюкті, Людмила Фешинаны Құрмет грамотасымен марапаттады. Тағы бір топ азаматқа Алғыс хат табыс етті.
Содан кейін сөз алған “Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі” РММ Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Жомарт Қажырахымов облыс әкімінің сала қызметкерлеріне жасап отырған қамқорлығы үшін ризашылық білдірді. Ол өңіріміздегі оң жетістіктерге қол жеткізуге Ұлттық банктің филиалы мен екінші деңгейдегі банктердің 17 филиалындағы, микроқаржылық ұйымдардағы, облыстың банк секторындағы қызметкерлердің өз үлестерін қосып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылында осызаманғы жаңа банктік жүйе қалыптастырғанын тілге тиек етті.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.