Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов “KazInterSoft” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерімен кездесіп, Петропавл қаласында қолға алынған “BusReport” диспетчерлік жүйесі жобасымен танысты. Сондай-ақ, облыс орталығындағы аялдамалардың бірінде орнатылған “ақылды таблоны” тамашалады.
Кездесу барысында астаналық “KazInterSoft” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Серік Серғазы “Infobus. kz” сайтының ерекшелігі туралы айтып, қалалық жолаушылар тасымалдайтын 300 автобуста “Galileo” деп аталатын спутниктік бақылау құралдарының орнатылғанын жеткізді.
– “KazInterSoft” компаниясының мамандарымен жүзеге асырылған көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған бұл жоба облыс орталығында жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктердің бағыт-бағдарын, жүру кестесін білуге зор мүмкіндік береді. Әрбір адам ғаламтор арқылы кез келген автобустың қозғалысын бақылай алады. Бұл жобаның ерекшелігі – “Infobus.kz” сайтының бағдарламасын ұялы телефонға да жүктеуге болады, – дей келе ол еліміздің көптеген қалаларында бұл жоба табысты жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда петропавлдық 9 мың тұрғын бағдарламаның көмегін пайдалануда.
Осы орайда аталмыш жоба облыстық автокөлік одағы қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырылғанын баса айтып өткеніміз жөн. Қауымдастықтың төрайымы Галина Семенова жолаушы тасымалдаушылар бұл жобаны бірауыздан қолдап, серіктестікпен келісім шартқа отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, жоба жолаушыларды тасымалдауда жұмыс сапасын жақсартуға жол ашады.
Ақпараттық технологияларды дамыту мақсатында 2002 жылы құрылған серіктестіктің жұмысымен кеңінен танысқан облыс әкімі жобаның тиімділігіне сенім білдіріп, сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Спорт сарайы аялдамасында орнатылған “ақылды таблоны” тамашалады. Петропавл қаласында мұндай ақылды таблолардың саны – үшеу. Оның басты ерекшелігі – шағын экран арқылы сол бағыт бойынша автобустың жүру кестесі мен қанша уақыттан кейін келетіні көрсетіледі. Ақылды табло арқылы ауаның температурасын да білуге болады.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.