«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тоғыз жыл күттік

“Қызылжар” футбол командасы араға тоғыз жыл салып, Премьер-лигаға қайтып оралды. Бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының күміс жүлдегерлерін құттықтаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов қаржыландыру мәселесі оң шешілгенін хабарлап, ұжым үздіктер қатарында өнер көрсетуге лайық екенін айтты.

Қараша болмай жауған қар да, суық ауа райы да “Қарасай” стадионына жиналған жанкүйерлерді жабырқата қойған жоқ. “Қызылжардың” соңғы турдағы қарсыласы турнир кестесінің соңында келе жатқан “Екібастұз” еді. Аутсайдермен кездесудің 2:2 есебімен тең аяқталуы да көңілге кірбің түсірмеді. Себебі, біздің команда басты мәселені әлдеқашан шешіп қойған. Чемпионаттың аяқталуына бірнеше тур қалғанда-ақ екінші орындағы “Қызылжарды” ешкімнің қуып жете алмайтыны белгілі болды.

Петропавлдық команда чемпионатта барлығы 24 ойын өткізіп, соның 13-інде жеңіске жетті. 5 матчты тең нәтижемен аяқтаса, 6 кездесуде жеңіліске ұшырады. Қоржындағы 44 ұпай күміс медаль алуға жеткілікті еді. Бірінші орындағы “Жетісуға” жете алмады демесеңіз, биыл команда жақсы өнер көрсетті. “Қызылжарға” күміс медалін табыстауға Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының президенті Азамат Айтхожин келді.

Кезінде ел чемпионатының бас жүлдесі үшін таласып жүрген петропавлдық команда соңғы тоғыз жыл бойы үздіктер тобына ене алмаған. Бірде бабы келіспесе, енді бірде бағы жанбады. Қаржы жағы да қиынға соққаны анық. Бұл жолы да облыс футбол клубының шығындарын көтере алар ма екен деген күмән болғаны анық.

Бұл күмәннің бәрін облыс әкімі Құмар Ақсақалов сейілтті. Марапаттау рәсімінен кейін сөз алған өңір басшысы:

– Біздің команданың Премьер-лигада өнер көрсетуі қаржы мәселесіне келіп тірелгені анық. Қаржы көзін іздедік. “Қызылжар” командасы еліміздің үздік командаларымен бірге ойнауға лайық, біз Премьер-лигада ойнаймыз деп шештік. Бұл күнді тоғыз жыл күткен екенбіз. Жанкүйерлер ғана емес, бүкіл облыс күтті, – деп өңір басшысы футболсүйер қауымды бір қуантып тастады.

Ауа райының қолайсыздығына қарамай, стадионға жиналған көрермендер арасында лоторея ойнатылып, бағалы сыйлықтар таратылды. Сый-құрметтен футбол десе, ішер асын жерге қойған жанкүйерлер де құр алақан қалмады. Мүгедектер арбасымен жүрсе де, “Қарасай” стадионындағы бірде-бір матчты жібермеген Дмитрий Чумаченко, балалар бапкері Қанат Мұхаметжанов және жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында 17 гол соғып, үздік сұрмерген атанған Алмас Рамазанов та марапатталды.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp