«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫҢДАРМАН ЖҮРЕГІН ТЕРБЕТТІ

Жастар сарайында жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Тоқпановтың ән кеші өтті. Облыстық филармонияның эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өткен концерт КСРО-ның халық әртістері Муслим Магомаев пен Иосиф Кобзонның шығармашылығына арналды.

Ретро әндердi көп орындайтын Серік Имақұлы көпке таныла қоймаған дүниелердің iздеушiсi десе де болады. Мәскеуге арнайы барып, КСРО-ның халық әртісі, композитор Арно Бабаджанянның баласы Араиктен әкесiнiң мұраларын сұрап алып, әсем әндерінiң халыққа жетуiне мұрындық болған. Осыдан бiрер жыл бұрын Астанада өткен жеке концертiнде ол эстрадалық-симфониялық оркестрдiң сүйемелдеуiмен жиырмадан астам ән орындаған. Еліміздің аймақтарын аралап, концерттiк бағдарламасын ұсынуды да ұмыт қалдырмаған. Қазақтың жезтаңдай әншілері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Роза Рымбаева, Әлібек Дінішевтермен бірге бір сахнада ән салып жүргенімен, Серік Тоқпановтың негізгі қызметі – хирург-дәрігер.

Серік Имақұлы бұл жолы да әуезді әндерімен қызылжарлық тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Оның орындауындағы “Голубая тайга”, “Старые слова”, “Белый свет”, “Что так сердце растревожено” және тағы басқа әндері кешегі өткен замандағы адамдардың басындағы қайғы-қасіреті мен қуанышынан сыр шертеді.

Концертте жиырмадан астам туынды орындалды. Муслим Магомаев пен Иосиф Кобзонның туындылары шырқалды. Сахнаға облыстық филармонияның әншілері де шықты. Муслим Магомаев атындағы байқаудың лауреаты Бахыт Ілиясов – “Торжественная песня”, “Мелодия”, “Верни мне песню”, Асхат және Динара Тауышевтар – “По Ангаре”, камералық хордың солисі, Мәдениет қайраткері Николай Колокольчиков “День Победы”, “Моя Москва”, тағы басқа шығармаларды орындап, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp