«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛ БІЛГЕННЕН ҰТАРЫМ КӨП

Ұлан-байтақ кең дала – тәуелсіз Қазақстанда туып-өсіп, тәрбиеленіп, қазақ тілінде білім алғандықтан өзге этнос өкілі екендігімді сезінген емеспін. Даргин этносының өкiлi ретiнде айтарым, елімізде жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті, ынтымағы жарасып өмір сүруде. Әрине, осының барлығын еліміздің еншісіне бұйырған ерен бақыт – Тәуелсіздіктің жемісі деп білеміз. Алайда, бұл жарық күнге оңайлықпен жетпегеніміз де жалпақ жұртқа мәлім. Елдің өткен тарихына көз жүгіртсек, тәуелсіздік жолында қазақ халқының талай қиындықтарды бастан кешіргенінің куәсі боламыз.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары балабақшаға барып жүрген бала едім. Тайынша ауданындағы кішкентай ғана Көзашар деген ауылда тұрып, сондағы мектепте білім алдым. Оқушы кезімдегі мектептердің жағдайын бүгінгі білім беру ұйымдарының әлеуетімен салыстыруға келмейді. Қазіргі оқушылардың болашағы жарқын болуына мол мүмкіндік жасалған. Олар қалалық, облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық байқауларға, пән олимпиадаларына қатысып, білімдерін шыңдап, мүмкіншіліктерін бағамдап жүр. Дегенмен де, алтын ұя – мектебіммен қоштасқаннан кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы көпсалалы колледжде, кейін аталған жоғары оқу орнында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым. Еңбек жолымды 2008 жылы Тайынша ауданындағы №4 орта мектепте бастадым. Ал 2010 жылдан бері аудандық білім бөлімінде әдіскер болып жұмыс істеймін. Біздің ұжымда бірнеше этнос өкілдері еңбек етеді. Өз арамызда әрқашан тек қазақ тілінде сөйлесуге тырысамыз.

Жастайымнан қазақ әдебиетін сүйіп оқығандықтан әрі осы тілдің маманы болғандықтан, түрлі байқауларға қатысып, бағымды сынап көрмек болдым. 2008 жылы өзге этнос өкілдері арасында өткен байқауда “Қазақ тілін жақсы меңгергені үшін” дипломымен, 2013 жылы Қарағанды қаласында өткен “Тіл – татулық тірегі” атты республикалық форумға қатысып, “Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда белсенділік танытқаны үшін” Алғыс хатымен марапатталдым. 2009 жылы “Мемлекеттік тіл – менің тілім” атты байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алып, бірінші орынды иелендім. Қазақ тілінде шығарма жазу сайыстарына ұдайы қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Осындай білім сынақтарына түсе отыра қазақ тілін насихаттауға үлес қосқаныма аса қуаныштымын.

Бізді түрімізге, тілімізге қарап бөлмей, бір шаңырақ астында бірлікте күн кешуімізге жағдай жасап отырған алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, барша қазақ халқына ризашылығым шексіз. Тәуелсіз еліміздің бағындырар биіктері мен алар асулары мол болсын!

Патимат ЧУПАЛАЕВА,

Тайынша аудандық білім бөлімінің әдіскері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp