«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛЕГІ БІР ЕЛДІҢ ТІРЕГІ МЫҚТЫ

 

Бірлік пен келісімнің ордасына айналған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырысқа облыс әкімі, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы Ерік Сұлтанов қатысты.

Үстіміздегі жылы ассамблеяның негізгі атқарар жұмысы идеялық-ақпараттық мәнге ие болмақ. Әсіресе, былтыр ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойын кеңінен атап өткендіктен, үстіміздегі жылы сол жұмысты жалғастыру үшін жаңа қазақстандық патриотизм идеясын насихаттауға басымдық берілмек.

Кеңес отырысында осы ойды тілге тиек еткен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов үстіміздегі жылы аса маңызды күндерге орайластырылған ауқымды шаралар өтетінін алға тартты. Белгілі болғандай, алдағы уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының 25-ші мерейтойлық сессиясы өтпек. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына, Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына, алыс және жақын шетелдермен дипломатиялық байланыс орнатқанымызға 25 жыл толмақ. Сонымен қатар ресми түрде астананың Алматыдан Сарыарқа төріне көшірілгенінің 20 жылдығы, Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы өтпек.

Ал қазіргі таңда Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы аудандарда “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік ұйымының өкілдігін құруды қолға алған. Осы орайда аудандық деңгейде “Қоғамдық келісім” ұйымы мен Достық үйлерінің өкілдігін құру, ал ауылдық округтерде олардың орталықтарын ашу қажет деген ұсынысын айтты.

“Кентрон” армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Геворг Геворкян атқарып отырған жұмыстарын баяндады. Құрылғанына биыл 20 жыл толған бірлестік мүшелері ұлттық мәдениеттерін белсенді түрде насихаттап қана қоймай, елдің ішкі тұрақтылығын сақтауға өз үлестерін қосып жүргендігін атап өтті.

Ал облыстық ассамблея жанынан құрылған Аналар кеңесінің төрайымы Күлімкөз Смайылова тындырылған істерді жіпке тізгендей қылып баяндады. Бүгінгі таңда облысымыз бойынша 40-қа жуық аналар кеңесі жұмыс істейді. 2015 жылы облыстық аналар кеңесі республика бойынша үздіктердің қатарынан көрініп, атқарып отырған жұмыстары лайықты бағасын алған екен. Өткен жылы да кеңес мүшелері түрлі шаралардың өтуіне ұйытқы болып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген.

“Барбанг” күрділер қауымдастығының өңіріміздегі филиалының төрағасы Рашид Надиров кәсіпорындарда қоғамдық келісім орталықтарын құру қажет деген ойын білдірді. Себебі, бұған дейін ашылғандары тиімділігін көрсеткен көрінеді. Отырыс барысында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының жастар қанатының атқарып жатқан жұмысы да сөз болды және бірқатар ұсыныстар айтылды. Әсіресе, Достық үйіндегі этномәдени бірлестіктердің саны көбейгендіктен, қазіргі ғимарат тарлық етуде. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов бұл мәселенің алдағы уақытта шешілетіндігін айтты.

Елдің дамуына, тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға елеулі үлес қосып отырған ассамблея өкілдерінің жұмысына сәттілік тілеген өңір басшысы облыстың жеткен жетістіктерін саралап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық салаларындағы жетістіктері мен кемшін тұстарын ашық айтқан Ерік Хамзаұлы агроөнеркәсіпті дамытуда әлеуетіміздің зор екендігін атап өтті.

– Соңғы екі жылда облыс бюджетін 11 млрд. теңгеге дейін көтердік. Осының арқасында бірқатар әлеуметтік нысандарды салып, ел игілігіне тапсырдық. Үстіміздегі жылы халықаралық санаттағы теннис кортының құрылысын бастаймыз. Жоспар бойынша бұл нысан ендігі жылы пайдалануға берілетін болады, – деді ол.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp