«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тірі өлік (Әңгіме)

…Есікке қалай жетіп барғанын өзі де аңғармай қалды. Саңлаудан сығалап тұр. Өкшесі тық-тық етіп, біреу жоғары көтеріліп келеді. Әйел адам, аяқ басысына қарағанда, жас сияқты. “Айжан болмасын?..” Көршісі Әлкеннің университетте оқитын қызы екен, үйіне кіріп кетті. Құр сүлдері, сүйретіліп төсегіне беттегені сол еді, сыртқы есік сарт етіп, тағы ашылды. Бұл тағы да есікке жабысты. Бір топ бала азан-қазан, құйындай ұшып, жоғары қарай өте шықты.

Ол аула жақтағы терезенің алдында тұр. Есік алды абыр-сабыр, біреулер кіріп, біреулер шығып жатыр. Қанша тесіле қарағанмен, өзіне таныс бейнелер көрінбейді… Ол әлі тұр, белі талып, көзі қарауытса да, терезеге жабысып қалғандай, қозғалар емес. Төңіректі тұмшалаған түн қараңғылығы қоюланған сайын, үміті үзіле бастады. “Жоқ!” – деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін өзі де аңғармай қалды. – “Бүгін де келмегендері ғой. Келмейді! Келмейді!!!”.

Күрсінген сайын көкірегі қарс айрылады. Қайтсін, балалары есігін ашпағалы алты айдан асып барады. Бұған алты ай алты жыл сияқты. Немерелерін сағынды. “Тым болмаса, біреуі төбе көрсетсейші!” Көзіне жас үйірілді, “Шынымен қайырылмай кеткендері ме?! Туған әкелері емес пе, жүректері жібімеуші ме еді?! Олар үшін бұл өліп қалған сияқты”.

Бәріне кінәлі өзі, Айманның жылы өтпей жатып, жас келіншекті табалдырығынан аттатты. “Ел-жұрт не дейді, жылын өткізіп барып, балалармен ақылдаспайсың ба?” деген ағайын-туғанның сөзін құлағына да ілген жоқ. Желіккенде қатты желікті, осыған көрінген ғой. Тұңғышы Мәриям: “Әке, енді мені балам деме, бізді тірідей көмдің, жұртқа қарайтын бет жоқ!” – деп еңірегені әлі есінде. Жұбатпақ болып еді, онысынан түк шыққан жоқ. Содан бері хабарласпайды. Басқаларының да безіп кеткеніне көзі жетіп отыр.

Алғашында, “Орта жолда жалғыз қалып, басқаға үйленіп жатқан жалғыз мен бе, қайда барады дейсің, келеді”, – деп мән бере қоймаған. Оның үстіне алып отырғаны анау-мынау, ауылдың салпы етегі емес, өзі бұдан көп жас, бұрын күйеуге тисе де, өкшесі қанамаған, кескін-келбетін де, дене-бітімін де сақтап қалған сұлудың өзі. Қылығы да тәтті екен, ес жиғызбай үйіріп әкетті ғой “Алтеке!” – деп мойнына асылғанда, баланы да, басқаны да керек қылмағанын несіне жасырады. Бәрін ұмытты. Бақытын жаңа тапқандай, құлдыраңдап қызметіне кетеді, кешке үйге асығып тұрады. Бұрын “ана жерім шанышты, мына жерім түйіп тұр”, – деп Айманның мазасын ала беруші еді, жас келіншек соның бәрін сылп тастағандай. Сенбі, жексенбі сайын қолтықтасып шақырысқа барады. “Жұрттың бәрі Эмиратқа, Түркияға барып жатыр”, – деген соң, жиған-тергенін салып, ол жаққа да бір емес, екі рет барып қайтты. Не керек, еш нәрсені аяған жоқ, бәрін соның жолына шашты.

Бұрын ағайынмен аса араласа қоймаушы еді, жас келіншегін оларға да түгел таныстырып шықты. Обалы не керек, бәрі қарсы алды, мұның не деген жоқ. Тек, немере ағасы Сайлаудың үйіндегі жеңгесі – Ырыстының ғана қабағы ашылмаған. Кетерде, ретін тауып, мұны оңаша алып шығып: “Қайным, қатар өскен жандармыз ғой, мен айтпасам, саған кім айтады, асығыстық жасаған екенсің, тым болмаса, Айманның жылын тоспадың ба, балаларды бездіріп аласың ғой…”. Жеңгесінің сөзін бөліп жіберді: “Бала емеспін, осы ақыл айтпасаңдар, іштерің жарылып кете ме, әлде көре алмайсыңдар ма?!” Үлкенді – үлкен, кішіні – кіші деп қаймықпайтын, бет-жүзіне қарамай, ойындағысын ақтара салатын жеңгесінің мінезін білгендіктен, осылай бетін қайтарып тастамақ болған. Бірақ онысынан түк шыққан жоқ. Ырысты тіпті өршеленіп кетті: “Айтсам, жаным ашыған соң айтамын, үй сыртында адам бар екенін ескермегенің бәрімізге батады, мына тірлігің ақылды адамның ісі емес, өзің масқара болғаныңмен қоймай, бәрімізді жерге қараттың. Айтпады деме, мына қатын саған жар болып жарытпайды, ертең-ақ табанын жалтыратады!”.

Ақыры Ырыстының айтқаны келді, Сәлимашы мұның арты ашыла бастағанын сезді ме, болмаса өзінің басқа есебі болды ма, әйтеуір, бір күні жөнін айтпастан жоғалып кетті. Жоғалғанда, алысқа кеткен жоқ, мұның “Көрпемізге қарай көсілейік те, мына тон тым қымбат екен”, – деген бірауыз сөзін ауыр алып, табанын жалтыратты. Осы қалада, өз үйінде тұрып жатыр. Қалай білмеген, нағыз бетсіздің өзі екен. Соңғы рет бір кездесіп қалғанда, мұны танымайтын адамдай өте шықты. Қайқаң-қайқаң етеді. “Өзіме де сол керек!” – деген іштей мүжіліп.

Есеңгіреп қалды. Есін жия алмай біраз жүрді. Балалары бар екені сонда ғана есіне түсті-ау деймін. Бірақ мұны керек қылып, іздеп жатқан олар жоқ. Ойлаған сайын, сай сүйегі сырқырайды. “Әке, енді мені балам деме, бізді тірідей көмдің…”. “Қайсысы айтып еді, Мәриям ба?..” Жоқ, құлындарым, сендер тірі болыңдар. Өлсем, мен-ақ өлейін. Ана жақта шешелерің де күтіп қалған шығар…”

Ол күбірлей жүріп, бөлменің шамын жақты. Диванға тізе бүкті. Күнде осылай, аядай екі бөлмелі үйді жүз айналады. Бір мезгіл аулаға шығып келуші еді, одан да қалды. Немерелерін жетектеген кемпір-шалдарды көргенде жүрегі сыздайды. Олар бұған күле қарайтын сияқты. “Құрысыншы бәрі, көрмей-ақ қояйыншы соларды!”. Әйтеуір, мазасыз, таң атса, күн батпайды, күн батса, таң атпайды.

Кенет оның көзі қабырғада ілулі тұрған суретке түсті. Айман тағдырдың осылай боларын сезді ме екен: “Балалардың басы қосылғанда, суретке түсейікші, ескерткіш болсын”, – деп қолқалап жасатып еді. Ортада күлімсіреп отыр. Қайтып оралмас бақытты шақ. Бір-ақ күнде, күн емес-ау, бір-ақ сағатта, қош деуге де шамасы келмей, жүре берді-ау.

Оның көмейіне бірдеңе тұрып қалғандай, кеуде тұсы қатты шаншып кетті. Тынысы тарылып, құлағы шуылдады. Сосын ағыл-тегіл жыласын-ай кеп. Өксіп-өксіп жылады. Егілгені соншалық, шешінуге де шамасы келмей, сол отырған жеріне қисая кетті.

Сол екі ортада түс көрді. Айман екеуі шай ішіп отыр екен, бұған қарай береді, аяйтын сияқты ма, қалай? Тіс жармаса да, бәрін білетінін сездіріп отыр. “Мен саған өкпелемеймін, балаларды ренжітпесейші”, – дегендей, емеуірін білдіреді.

Оянып кетті, тоңып жатыр екен. Шешініп, төсегіне қисайды. Қалың көрпені қымтап жамылып жатыр. Ептеп денесі жылынғандай болғанмен, көзі ілінер емес… “Айман, Айман! Сенен осылай айрылып қаламын деп ойлап па едім?! Өмір де, қызық та мәңгілік сияқты көрінуші еді-ау, қайда соның бәрі?!”.

Айман бұдан үш сынып төмен оқыды. Көрші тұрды. Бұл әскерден келгенде ол орта мектепті бітіріп, ауылда жұмыс істеп жүр екен. “Апам жалғыз ғой, тастап кете алмадым”, – деген ол Алтайдың: “Оқуға бармадың ба?” – деген сауалына. Ақыры дәмнің жазуы солай болған шығар, арада бір жыл өткеннен кейін Айман көрші үйге келін болып түсті. Бір жылдан кейін өмірге Мәриям келді. Сосын Талғат, Балғат… он құрсақ көтерді. Соларды өсіреміз, жеткіземіз деп жүріп өмірдің қалай өте шыққанын да аңғармай қалыпты. Балаларды қатарынан кем қылған жоқ, бәрін оқытты. Қазір Талғат пен Балғаттан басқалары осында тұрады. Ұшқыш боламын деп Ресейде оқыған Талғат сол жақта қалып қойған. Балғат соның қасында, екеуінің де әйелдері орыс, ел жаққа сирек келеді.

Ауылда отыра бергенде жағдай басқаша болар ма еді, кім білсін? Нарық деген бір бәле келді де, алдымен ауылды есеңгіретіп кетті ғой. Жер де, ел де иесіз қалды. Кеңшар тарап кетті. Екі қолға бір жұмыс таба алмағандар көше бастады. Сөйтіп, мектепте бала саны күрт азайды. Кешікпей Айман зейнет демалысына шықты. Шыққаны не керек, қолына көк тиын тиген жоқ. Ақыры бұлар да қалаға көшіп тынды. “Балалар қиналмасын, жұрт қатарлы бірдеңе қылып күнімізді көрерміз”, – деген Айманның өзі.

Қалаға келгеннен кейін Айман үйде отырып қалды. Ал, бұл болса, өмірі қолтығын жыртып жұмыс істемеген адам мұғалімдікті тастап, ескі “Жигулиімен” базарға ет таси бастады. Жағдайы жаман болған жоқ, екі жылдың ішінде әжептәуір қоңданып, отыз жыл мұғалім болғанда көрмегенін көрді, кимегенін киді, жемегенін жеді. Кейін ретін тауып, етті өзі сата бастады, дүкен ашып, кішігірім бастық болып алды. Соның бәрі қазір қайда? Айман өзімен бірге ала кетті. Сәби кезінен бірге өскен Айман отбасының бақыты, берекесі екен ғой!.. “Сәлимашты бұған қай сайтан айдап әкелгенін? Сорына қарай кездестірген ғой, сүлікше сорып, біраз дүниесін шашты. Дүние – боқ. Бәрінен де балаларды айтсайшы! Алпысқа келгенде көрейін дегенім осы ма еді?!”

Алтайдың көзі таң ата ғана ілінді. Содан кейін де бірнеше рет таң атып, күн батты. Бірақ бұл үйдің есігі ашылған, телефоны сылдырлаған жоқ. Енді оны елеп, қиналып жатқан Алтай жоқ. Біреу-міреу келсе де, есікті ашпайды. Кім кіріп, кім шығып жатыр, бұған бәрі бір. Бір апта болды ма, бір ай өтті ме? Білмейді… Өшін арақтан алып жатыр. Бүгінгі сырласы да, мұңдасы да – осы арақ. Алдында мойны сорайып тұрған шөлмекпен кәдімгідей сөйлеседі. “Ал, Алтай, алып қой!” – деп ыржиған болады. Онысынан қымсынбайды да қысылмайды. Бұл жарықтықтың дәмін бұрын да татып жүруші еді. Дегенмен, дәл осылай салынып ішуі бірінші рет. Алғашында өзін жалғыздықтан, ата сақалы аузына біткенде алдынан шыққан қорлықтан құтқарушыдай көрген. Бірінші күні бір жартыны бір өзі тастап алып, түске дейін тұяқ серіппей ұйықтаған. Басы мең-зең. Тағы ішті. Алып қой, алып қой. Сенің ешкімге керегің жоқ. Балаларың да безіп кетті… ал, ал деп өзін-өзі зорлап ішті.

Тағы да таң атты. Ол дамбалшаң сүйретіліп асүйге беттеді. Айнаға көзі түсіп кетіп еді, шошығаны соншалық, тілі байланып қала жаздады. Жағына пышақ жанығандай, көздері шүңірейіп кеткен. Қырынбағалы да біраз күн болғаны көрініп тұр. Кәдімгі тірі аруақ. Одан әрі тесіле беруге дәті шыдамай, төсегіне құлай кетті. Дәл осы сәтте басына бірдеңе сарт ете қалды. Алғашында түсінбей қалып еді, сипалап жатып белбеуі екеніне көз жеткізді. “Оны бұл жерге кім іліп қойған? Белбеу шалбардың белінде болмаушы ма еді?..”

Көзін тарс жұмып ойланып жатыр. Басы шыңылдап әкетіп барады, көзін ашса, қақ айрылатын сияқты. “Кеше, жоқ, одан арғы күні… Жоқ…”. Бірдеңелер еміс-еміс есіне түсе бастады. Белбеуді кереуеттің басына байлаған өзі. Асылып өлмек болған. “Асылып өлмек? Одан бері неше күн өтті? Асылатын адам бір емес, бірнеше рет асылатындай болды ғой. Жалпы, ол неге асылуға тиіс? Дұрыс, бәрі дұрыс, бұлай өмір сүргеннен, өлгені артық. Артында қалғандар ащы өлім деп жылар ма екен? Сонда өлімнің тәттісі де болғаны ма? Не десе, о десін. Бұған бәрібір. Өлем дегеннен кейін өлу керек. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Әйтеуір, тірі жанға – бір өлім. Бай болсын, кедей болсын, басшы болсын, қосшы болсын, ерте ме, кеш пе, сол жаққа барады. Қазір өзі құрып қойған тұзаққа басын сұғады да, мына жарық дүниемен қоштасып, жүре береді. Тұра тұр, тұра тұр. Бұл ой қашан келіп еді. Бір күн, екі күн… бір апта өтті ме? Содан бері неге өлмеген?..”.

Ол қазір жұрттың бәріне өкпелі. Мүмкін, гәп өзіңде шығар? Жоқ, ондай ой оны бүйірінен түртпейді. Бәріне мына есіктің, төрт қабырғаның аржағындағылар кінәлі. “Кеше белбеуге басын сұққан сияқты еді ғой?..” Сұғуын сұққан. Сосын артында қалып бара жатқан балаларына бір жапырақ қағаз қалдырып кетпек болып, тәлтіректей басып үстелге барды. Жүрегі дүрсілдеп, қолы дірілдеп, көп қиналды. “Құлындарым, кешіріңдер! Жаздым-жаңылдым, күнәға баттым…” Одан әрі ештеңе жаза алмады. Тағы да егіліп жылады… “Жетеді! Баратын жеріме барайын”.

Ол тағы да белбеуге қол созды. “Бітті! Қазір тынысы тарылады, көзі жұмылады! Құрғырды қысқарақ байлаған ба?..” Басына тақап әкелген белбеуді тағы да босатып жіберді. “Түу?!”.

Бұл өзі тумысынан қорқақ адам. Әжесі: “Саған аяғы ауыр болғанда, шешең қоян етіне жерік болып еді”, – деп отыратын. Мүмкін, бәріне сол сужүректігі кінәлі шығар? Жалғыздықтан қорықпаса, Сәлимашқа қосылар ма еді? Жарайды, кім-кімге қосылмай жатыр. Мәселе, сол Сәлимаштың сөзінен шыға алмай, әйелінің жылы өтпей жатып төсек жаңғыртқанында болып отыр ғой. Тіпті, барын соның үстіне жапсырып, үйді соның атына аудармақ болғанын не қыларсың? Қорқақ болмаса, соның бәрін істер ме еді? Нағыз қорқақтың өзі. Енді, міне, белбеуді басына бір салып, бір алып, жұрт сияқты өле алмай, қиналып жатыр. Асыламын дегелі қашан? Асылу? Асылу қайдан шықты? Неге атылмайды? Дұрысы сол болар еді, шекеңе тақап, тарс еткіздің, бітті. Ың да жоқ, шың да жоқ, жүре бересің. Бірақ оған мылтықты кім беріпті. Осы жұрт жоғары қабаттан секіріп жатады ғой. Мүмкін, сол дұрыс шығар? Екі көзді тарс жұмып… былш ете түсесің. Жоқ… үшінші қабат… Одан жоғары қабаттан құлап, тірі қалып жатқандар қаншама. Әлде бір уыс дәріні іше салса ма екен?.. Жоқ, асылу керек. Өз еркімен өмірімен қоштасып жатқан жалғыз бұл ма? Солардың дені асылып жатады. Болды. Енді басты қатыратын ештеңе жоқ”.

Түс пе, кеш пе? Ажырата алар емес. Терезеден ай сәулесі түсіп тұр. Бұл дүниеде ең жаманы жалғыздық екен. Қандай қорқынышты, неше түрлі жаман ойлар қылқындырып, босатар емес. Жалпы, бұл күн мен түнді ауыстырып алғалы көп болды. Жынды адам сияқты, өзімен-өзі сөйлеседі, түнде шошып оянады, көз ілмейді. Кейде талықсып барып таң алдында ұйқыға кетеді. Аш адамның, мас адамның жайы белгілі ғой, күні бойы тұяқ серіппейді. Оянғанда көретіні тағы да ай. Сәулесі күлгін. Мұның сөніп бара жатқан өмірі сияқты…

“Қай мезгіл?”. Сағаты құрғыр да тоқтап қалыпты. “Әне сағат та бұған дәм-тұзы таусылғанын сездіріп тұр…”.

Осы кезде сыртқы есікті біреу қаққандай болды. “Мүмкін емес. Арақты көп ішкен адамда ондай-ондай болады, есі ауып, елес қуады деуші еді…”

Есік тағы да қағылды. Біреулердің дауысы естілгендей болды. Ол орнынан сүйретіле тұрып, есікке келді. “Тасыр-тұсыр, жалғыз адам емес”.

– Көптен көрінбеді дейсіз бе? Мәриямның дауысы.

– Он күндей болып қалды-ау деймін. Бір жаққа кеткен шығар?

Көршінің әйелі – Әсимә. “Іздеңдер, іздеңдер. Бұған дейін іздесеңдер қайда қалдыңдар?! Әлі-ақ мені естеріңе аларсыңдар, сағынасыңдар…”

Есік тағы да тарсылдады.

– Ата! Ата! Немересі Қуантай.

– Өй, құлыншағым, аталаған тіліңнен айналайын.

Ол кілтті қалай бұрып жібергенін аңғармай да қалды.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp