Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында облыс және қала әкімдері, облыстық басқармалар мен қалалық бөлімдердің жетекшілері және депутаттар азаматтарды қабылдады. Кездесуге келген 135 адамның 27-сі өңір басшысы, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы Құмар Ақсақаловтың қабылдауында болды.
Өңір тұрғындары баспана, кәсіп ашу, ауыл шаруашылығымен шұғылдануға қажетті жер телімін алу, жол мәселесі бойынша көмек сұрады. Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Ақбике Меңдібаеваның үлкен қызы бүгінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ақылы бөлімде білім алуда. Ай сайынғы оқу ақысы 37 мың теңге. Ауыл тұрғыны үшін бұл қаражатты төлеу оңай емес. Өңір басшысы көмек сұраған анаға жоғары оқу орны тарапынан жеңiлдiк жасалатынын айтты.
Көмек сұрай келгендердің бірі – облыстың құрметті азаматы Болат Сағындықов. “Память” қоғамдық қорының төрағасы қазақ поэзиясының алыбы Мағжан Жұмабаевқа арнап мұражай ашылса дейді.
– Биыл Алты алаштың ардақты ақынының туғанына 125 жыл толды. Мағжан тойы халықаралық деңгейде атап өтілді. Сізден Петропавлда ақын мұражайын ашу мәселесіне қолдау білдіруіңізді сұраймын. Болашақ мұражайдың сызбасы дайын, орын тебетін жер де таңдалды. Алайда, игі бастама аяқсыз қалды, – дейді ақсақал.
Өңір басшысы бұл жұмысты жүзеге асыру үшін қомақты қаражат қажет екенін, құжаттарды рәсімдеу шаралары да біраз уақытты алатынын ескертті. Дегенмен, бұл өтініштің аяқсыз қалмайтынын жеткізді.
Мамлют ауданының Белое ауылынан келген Есләм Омаров бірнеше жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады. Алайда, қорадағы мал басын көбейтейін деген ниетінен нәтиже шығара алмауда.
– Шаруашылығымды кеңейту мақсатында екінші деңгейлі банктердің бірінен 6 млн. теңгенің несиесін рәсімдеп, 27 асылтұқымды қара мал сатып алдым. Бізге тиесілі жердің тең жартысы – шабындық, қалғаны – жайылымдық жер. Жемазық аз болған соң ірі қараны ары қарай көбейтетін мүмкіндігіміз жоқ. Бүгіндері жем мен шөпті сатып алуға мәжбүрміз, – дейді жоспарын толықтай жүзеге асыра алмай отырған азамат. Өңір басшысы бұл азаматтың өтініші бойынша жауапты мекемелердің басшыларына тапсырма берді.
Жәлел Қизатов көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесіне қысы-жазы су толады екен. Бұл жөнінде қала тұрғыны Гүлмира Есентемiрова айтып берді. Ол бес жылдан бері жөндеу жүргізу мәселесін шеше алмай жүр. Тұрғындардың атынан бірқатар мекемелерге арыз жазған. Бірақ нәтиже жоқ.
– Мен бұл мәселені жақсы білемін. Қазір сорғы орнатылды, ол пәтер иелері кооперативінің қарамағына өткізілді. Нәтижесінде жертөлеге су кірген жоқ. Мен бұл мәселені жеке бақылауыма аламын. Егер жағдай қайталанатын болса, алдағы уақытта дренаж жүйесiн орнататын боламыз, – деді Құмар Іргебайұлы.
Саяжайларда электр қуатының жоқтығы петропавлдықтардың өзекті мәселерінің біріне айналған. Отыз жыл бұрын ашылған “Дружба” саяжай қоғамына бүгінге дейін электр желісі тартылмаған. Саяжайшылардың атынан кездесуге келген Ирина Трубникова облыс әкімі Құмар Ақсақаловтан көмек сұрады. Өңір басшысы бұл мәселені шешуді қала әкімі Марат Тасмағанбетовке тапсырды.
Қоғамдық қабылдауға жеке ұсыныстарымен келген азаматтар да болды. “Захаров” жеке кәсіпкерлігінің директоры Виталий Захаров бумен жылыту технологиясын баспана салуда қолдануды ұсынды. Кәсіпкердің айтуынша, бұл технология негізінен үйді жылытатын батареяларда қолданылады. Электр энергиясын үнемдеп, коммуналдық төлемдерге кететін шығындарды 50-55 пайызға дейін азайта алады. Инновациялық идеяны өңiр басшысы да қолдады.
Қала тұрғыны Құдайберді Қуандықұлы облыс орталығында актер, режиссер, сценарист әрі журналист Аяған Шәжімбаевқа арнап шағын саябақ ашып, жерлесіміздің мүсінін орнату бастамасына қолдау білдіруді сұрады. Қызылжар өңірінен түлеп ұшқан кинорежиссер он шақты деректі фильм түсірсе, көркем туындыларының ішінен “Жансебіл” қазақ киносының алтын қорына енген.
– Бүгіндері жерлесіміздің атындағы көше бойында шағын саябақ ашып, ұрпаққа үлгі боларлық тұлғаға мүсін қоятын жерді белгілеп, өмірінен ақпарат беретін тақта орнату жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен билік тарапынан қолдау қажет, – деді зейнеткер. Облыс әкiмi бұл мәселені алдағы уақытта қарастыратынын айтты.
Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдаған өңір басшысы тиісті мекеме басшыларына тапсырмалар берді.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.