Петропавлдағы ірі сауда орнының екі қызметкері қымбат кір жуғыш машинаны қателесіп белгісіз біреуге апарып тастағаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін еді. Алайда қалалық полиция басқармасының тәртіп сақшылары Әсел Ақтайлова, Шалқар Оразбаев, Қанат Орынбасаров пен Ғабит Әшкенов жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында тауарды алған қала тұрғыны табылды. Ол олжасын қаптамасынан шығармаған күйінде қайтарды. Сол үшін сауда орнының басшылығы тәртіп сақшыларына алғыс айтты.
Облыстық полиция департаментіне келіп түскен тағы бір алғыс хатта облыстық филармония басшылығы қыс ішінде жолда қалған әріптестеріне патрульдік полицейлер көмектескенін баяндаған. Жексенбі күні филармонияның алты қызметкері мүмкіндігі шектеулі балалар мен мектеп оқушыларына арналған ертеңгіліктерді өткізуге қажетті техниканы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданының орталығы Новоишимка ауылына жеткізіп беру үшін жолға шыққан. Бірақ көлігі Сергеевка қаласының маңайында сынып қалған. Қиын сәтте көмекке келген патрульдік полицейлер Қуандық Тоқбаев пен Мейрам Қазиев қажетті қосалқы бөлшектерді тауып, көлікті жөндеуге қолғабыс жасады. Бірнеше шақырым бойы жол бастаған олар филармония қызметкерлері Новоишимка ауылына жеткенше телефон арқылы хабарласып отырған. Филармония директоры Ботагөз Ақмағамбетова алғыс хатында өз қызметкерлеріне көмек көрсеткен полицейлерге ризашылығын білдіріп, олардың кәсіби шеберлігіне жоғары баға берген.