«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘУЕЛСІЗДІК ДАҢҒЫЛЫ

Жол… Ол алыс пен жақынды қосады. Бүгінгі мен болашақты жалғайды. Жолаушының мұраты жету. Біз, қазақ, ғасырлар бойы жоқ іздеген халықпыз. Біздің жоғалтқанымыз ең асылымыз – тәуелсіздік еді. Біз тәуелсіздікті іздеп соқпақпен де, сүрлеумен де жүрдік, кейде жолға да түскендей болдық, бірақ тығырыққа тіреле бердік. Осыдан он жыл бұрын түскен жолымыз даңғыл болды. Ол – тәуелсіздік даңғылы.

Алайда, даңғылмен жүру үшін де бағыт керек, бағдар керек. Тәуелсіздік сапары тәуекелді керек етеді, жол көлігі керек, жол серігі керек, жол азығы керек, алыс жолға тәуекел етер жүрек керек, тірек керек, жол бастайтын көсем керек …

Біз тәуекел қайығына міндік, тәуелсіздік даңғылына түстік, 10 жылда басқа халықтар ғасырлар бойы өткен жолдан өттік. Абай бабамыз айтқандай, жол ұзақ, өмір қысқа. Ұзақ жолдың, қайырлы жолдың қандай межелері артта қалды, оқырман?

1980 жылдардың соңында Кеңес мемлекеті ыдырай бастады. Одақтас республикалар жеке бөлініп шықты. Біз жалтақтаумен біраз отырып қалдық. Менің әлі күнге есімде, ол кезде депутат едім, бірде Жоғарғы Кеңестің сессиясында сөз сөйлеп, егемендік алу туралы өз пікірімді айттым. Көп отырған қыздай қысыла-қысыла қатты айтуға тура келді. Бұл сол кездегі көпшіліктің ойында жүрген басты мәселе еді. Сондықтан мені бәрі қолдай кетті. Сонымен, арнайы комиссия құрылып, төрағасы С.Зиманов, мүшелері Н.Назарбаев, Ә.Кекілбаев, С.Сартаев, мен, т.б. болып егемендік Декларациясын дайындадық. Бұл Декларация – тәуелсіздіктің алдыңғы баспалдағы болды десем, қателеспеген болар едім. Өйткені, ол кезде әлі де болса Одақтан түпкілікті қол үзіп кете алмаған сәтте, бұл егемендік туралы Декларация – келесі белеске ұмтылған батыл қадам еді. Сөйтіп, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылғы 25 қазанындағы қаулысымен қабылданды.

Моңғолдардың тегеурінді тепкісіне, ойраттардың 370 жылға созылған ойранына, орыстардың төрт ғасырға созылған отаршылдығына, қытайлықтардың жымысқы зымияндығына, Орта Азиядағы феодалдық хандықтардың сатқындық, қанішерлігіне төтеп беріп, ұлттық мемлекеттік дәстүрін қалтарыста қалдырмады, ұлт болмысын ешбір жауға алдырмады қазақ. Бұл болса ұлтымыздың екінші мыңжылдықтағы басты нәтижесі, ұлы олжасы деп санауымыз абзал.

Екінші мыңжылдықта халқымыз талай демографиялық апатқа ұшырады. Қасымханның тұсында бір миллионға жеткен қазақ жүз елу жыл ішінде үш есе өсті, “Ақтабан шұбырынды” кезінде (1723 ж.) ол 40 пайызынан айрылды. ХХ ғ. демографиялық дағдарыс катастрофаға ұласты. 1916 ж. 5 млн. 650 мың адамға жеткен қазақтың 1916-1922 жылдары 1 млн. адамы шетінеді. Зорлықпен ұжымдастыру, 1929-1933 ж.ж. ұлы аштық кезінде халқымыздың тең жартысына жақыны қырылды, 1 млн.-ға жуығы шетелдерге жер ауды. 1933 ж. Отанында небәрі 2493 мың қазақ қалды. Қазақ сахарасы қаңырап бос қалғандай күй кешті. 500-ден астам ядролық жарылыс қазақ жерін улады, халқымыздың генефондысын одан әрі әлсіретті. Ұлт-азаттық күрес барысында, одан қалды кешегі Кеңес заманасындағы ұлы қасірет ғасырлар бойы ұлттың ұлыларын құрту, қазақ халқының маңдайалды ұлдары мен қыздарын қыру болса керек. Осының салдарынан халқымыз өркениеттің даңғылы емес, соқпағы мен сүрлеуінде жүруге мәжбүр болды. Оның дәуірлік, ғасырлық ағысы мен шабысына қолдан жасалған ғаламат кеселдің ең зоры осы болды. ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқының өлгені, шетелге босып кеткені бес миллионнан асып жығылады. Ол болса қазақтың алты ғасырлық шығынына тең. Қазақ сахарасына сырттан 1871-1917 ж.ж. аралығында 1,6 млн. қара шекпенді шаруалар көшіп келді. 1916-1926 жылдары сырттан көшіп келгендер 800 мыңға жетті. 1930-1940 жылдар аралығында тек ұйымдастырып көшірілген жұмысшылар 509 мың адам еді. Ұлы Отан соғысы жылдары 350 мыңға жуық халық қоныс аударды, 1,5 млн.-ға жуық халықтар жер аударылды, 2,5 млн. неміс, жапон тұтқындары құрылысқа қатысты. Тың игеруге Одақтың европалық бөлігінен 2 млн.-ға жуық адам көшіп келді. Сонда неміс, жапон тұтқындарын, лагерьлер жүйесін есептемегенде 1870-1970 ж.ж. аралығында қазақ даласына 7 млн.-ға жуық халық көшірілді. Мұндай сойқан саясат арқылы халқымыздың рухы жаншылды, жері тозды, елі азғынданды. ХХ ғасырдың осы алапатынан халқымыздың аман қалғанына, ұлт болып сақталғанына о жасаған мың да шүкіршілік, тәубе, ағайын!

Екінші мыңжылдықтағы ұлы табысымыз – қазақ мемлекеттігінің жаңғыруы, тәуелсіз ел болуымыз. Бұл ұлттың ғасырлық арманы еді. Ресейге бодан болған бірінші күннен бастап халқымыз бостандық үшін күрескен еді. Орыс өкіметінің айлакер елшісі М.Тевкелевтің миссиясына шабуыл жасаған Байқара би сонда оққа ұшқанды. Сол 1731 ж. бастап, 1986 ж. желтоқсанына дейін бір сәт үзілмеген жеті жүзге жуық ұлтазаттық, ұлттық тойтарыс қозғалысы жүрді. Ендеше, еліміз алған тәуелсіздік аспаннан салбырап түскен жоқ! Ол халқымыздың небір бостандық сүйген жандарының қанына суарылған. Кейбір жандарға ол оп-оңай, одақ құлағанда Құдайдың бере салған олжасындай көрінеді. Жоқ, жоқ, жоқ, ағайын! “Далада жатқан батпан құйрық, неліктен тегін жатқан құйрық!” дегендер шатасады. Миллиондаған адамның қаны мен жанына суарылған бұл ұлы жеңістің қадір-қасиетін біз әлі жан-тәнімізбен түсініп болмағандаймыз. Ендеше, осы ғасырлар бойы армандаған ұлт бостандығы, тәуелсіздігі біздің бұл күнгі ең асылымыз, ең қымбат қазынамыз. Біздің бүгінгі егемендігіміз, ертеңгі болашағымыз, ұлттың болмысы әрқайсымыздың, ұрпағымыздың тағдыры осымен байланысты.

Біздің тәуелсіз ел болғанымызға 10 жыл толды. Тарихқа ол уақыт қас қағымдай. Өйткені, ғасырларды құшақтап, аясына алған уақыт талай халықтың, талай ұлы империяларының тәуелсіздігін көрген…

Солай бола тұрса да, бізге біздің өз тәуелсіздігіміз қымбат. Неге дейсіз ғой?

Ол бізге қымбат – ата-бабаның рухын көтергені үшін!

Ол бізге қымбат – сөнген мемлекетіміздің отын маздатып, жандырғаны үшін!

Ол бізге қымбат – елімізді қатарға қосып, әлемдік қауымға ендіргені үшін!

Ол бізге қымбат – ата-тарихымыздың ана тілімізді, дінімізді, ділімізді қаз-қатар тұрғызып, “қазақ” деген атауға қан мен жан кіргізгені үшін!

Ол бізге қымбат – “Отан” деп жүрегімізді қақтырғаны үшін! “Елім” деп елеңдетіп, “Жерім” деп желпінтіп, барша 62 тамырымызды игізіп, атажұртын сүйдіргені үшін!

“Тәуелсіздік” деген жадағай жай термин емес. Тәуелсіздік шын мәнінде ауқымды да терең құбылыс. Ол, ең алдымен, саяси тәуелсіздік. Біз іpгeлі ел болып, күштілерге басымызды имей, біреудің ecкі-құсқы ел билеу жүйесін кимей, қазақстандық суверендік жолмен жүруіміз керек.

Үміт – болашақ арқауы. Ел болашаққа сенеді, үміт әрқашан да ең соңынан өледі. Біздің болашағымыз – тәуелсіздік тұғырының беріктігіне, өміріміздің көріктігіне байланысты. Жаңа жарқ еткен дәуірде ерікті де еркін дәурен сүруге жазсын, жаңа ғасырда замана қасіретін молынан шеккен халқымыздың ырысы ассын, Отанымыздың бағы тасысын! Үміт сөлмесін де, сөнбесін, өмір тасқындасын, өрлесін!

Өркениеттің өріне, дәуір мен ғасырдың төріне шықсын халқымыз!

Әумин!

Манаш ҚОЗЫБАЕВ.

(“Ақиқат” журналы, 2001 ж.

№4 саны).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp