«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Төл мереке тарихынан

Наурыз мейрамының ерте заманнан бастау алаты­ны жөнінде де­ректер өте көп. Олардың көбі мәселен Нұх пайғамбар кемесінің Қазығұрт тауына келген сәтінде топан суы­ның кері қайтқанын, сонда жерге табаны тиген тіршілік иелері қуанғандарынан қауышып, аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татқанын, сондықтан да көк­темнің бұл күнінің жай жаңа күн емес, Ұлыстың ұлы күні деп аталатынын айтары хақ. “Наурыз – дін мейрамы емес, халық мейрамы”, “Ау­рулар сауығамын деп, аштар тойынамыз деп, жалаңаштар киімсіз де күн көреміз де­ген­дей, жұрттың бәрінде үміт, әркімде жылы шырай сезіле бастап, “бәріміз де та­биғаттың бергеніне ортақ­пыз” дегендей сағынышты көрісулері, жалынды құшақ­тасуларымен жаңа жылды қар­сы алатын” (Сәбит Дөнентаев) кез. Қай аңызды оқысақ та, қай ғылыми деректі зерделесек те, наурыз мейрамының, жаңа күн жаңа жылдың көктем айында басталатынына көз жеткіземіз.

Қазақ халқының байыр­ғы күнтізбесінің негізі де осында жатыр. Оған қайран қалмасқа еш шара жоқ. Халқымыз о бастан-ақ жыл мөлшерлеу мен күнтізбе жасаудың бірнеше тәсілін білген. Оны аспандағы жеке жарық жұлдыздар және шоқжұлдыздармен байла­ныс­­тырып отырған. Жыл­дың төрт мезгілін, ол мез­гіл­дердегі ауа райының құбы­луын, тәулік пен сағаттық мез­гілдерді сол жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың, аспан денелерінің қозғалыс­тарына қарап дәл аңғарған.

Халқымыз жыл басы нау­рыздың жаңа күнін 22-сінен санайды. Бұл көктем­нің келуі, жер бетінің ақ қар­дан арылып, жіпсіп, тоң еріп, бәйшешек гүл бас көтеріп, шөп жайқалып, қой қоздап қорада шу болатын­дық­тан емес, қысқы ұзақ түн қысқара-қысқара келіп, наурыздың 21-інде 12-де 12 сағаттық уақыт болып теңеліп, 22 наурызда се­кунд­тап жарығы ұзара бе­ретін ғаламдық заңдылық­тың сәйкес келетіндігінен. Аспан әлемі үнемі айна­лыс­та болып, Күн бір жыл ішін­де өзіміз жақсы білетін зодиактық шоқжұлдыздар: тоқты, торпақ, егіздер, шаян, арыстан, бикеш, тара­зы, сарышаян, мерген, еш­кімүйіз, суқұюшы, ба­лық­тар шоқжұлдыздарының тұстарынан жүріп өтеді. Эклиптика делінетін осы жолында Күн аспан эква­торын екі рет қияды. Оның бірі наурыздың 21-індегі күн мен түннің теңелуіне дәл келеді. Күннің осы күннен ке­лесі осы күнге дейінгі жү­ріп өткен мерзімі жыл деп аталады. Астрономия ғылы­мында тропикалық жыл делінетін бұл жыл 365 күн 5 сағат 48 минут 46 секундты құрайды.

Ата-бабаларымыздың жаңа жылды көктемгі күн мен түннің теңелу тәулігінен ерте заман­нан бастағанын дәлелдейтін ғылыми негіз тек аспанда ғана емес, жер бетінде де бар. Нау­рыз­дың 22-сіндегі таңнан бастап күннің секундтап ұзара бере­тінін, нағыз жаңа жыл, жаңа күн мен жаңару табиғи түрде бас­тау алатынын дәл есептеген ертедегі қазақ жұлдызшалары жер бетіне обсер­ватория салған. Оның қалды­ғын ғалым П.И.Мариковский Алматыдан 142 шақырым жердегі Іле бойынан тапқан. Ол жерде көктемгі күн мен түн­нің теңелуі тәулігіндегі таң мезгілінде түсетін Күн сәуле­сінің жолы көрсететін ап-анық сызық-арықтар бар. Жазушы-ғалым М.Дүйсеновтің “Біз – күн перзентіміз” деп аталатын деректі туындысында осы құпия овсерватория жақсы суреттелген. Ондағы сызықтарға Күн сәу­ле­сі жылдың бір мезгілінде, тек сол тәулікте ғана түседі. Сөй­тіп, ол жаңа таңның, жаңа күн мен жаңа жылдың басталға­нын, сол тәуліктен бастап түн­нің қысқара, күннің ұзара беретінін айғақтайды.

Жеріміз Күнді бір айналып шығатын мерзім – жылдың шартты түрде үш-үш айдан: нау­рыз, сәуір, мамыр – көк­тем, маусым, шілде, тамыз – жаз, қыркүйек, қазан, қараша – күз, желтоқсан, қаңтар, ақпан – қыс мезгілдері болып бө­лінетіні баршамызға аян. Астрономия ғылымында бұл нақтылана түседі. Көктем наурыздың 22-сінен, жаз мау­сымның 22-сінен, күз қыркүйек­тің 23-інен, қыс желтоқсанның 23-інен басталады. Ендеше жаңа жылымыздың дәл 22 наурыздан басталуы жыл мезгілдерінің астрономиялық заңдылығымен де дәл келеді.

Жаңа жылдың наурыздың 22-сінен басталуы Жердің Күнді айналуы жолындағы қозғалуы ерекшелігімен де сәйкес. Жер бір жылдың айналым жолында біркелкі жылжымайды. Нау­рыз­дың 21 тәулігінен қыр­күйек­тің 23 тәулігіне дейінгі жол – жазғы “жартыжыл­ды­ғын” 186 тәулікте, ал 23 қыр­күйектен 21 наурызға дейінгі жол – қысқы “жартыжылды­ғын” 179 тәулікте жүріп өтеді. Бұл Жер ғаламшарымыздың да жаңа жылды көктемнен бастағанын қалай­тын­дай қыс­қы мерзімге қарағанда баяу, асығып-аптықпай, жақсы мезгілді ұзақ етуге тырысқан­дай болатынын көрсетеді.

Жаңа жыл мен жаңа күнді көктем мезгілінен бастау тек Шығыс халықтары емес, әлем­дегі ерте кезден қала салған кейбір өркениетті елдерде де болды. Мәселен, Мексикадағы Юкатан түбегі мен Белиздегі үндіс халқы біздің заманы­мыз­дың бірінші мыңжылдығында-ақ тастан қамал қалап, үй салып, егін шаруашылығымен айналысады. Сол әрекеттерінде олар алғашқы кездері алты айға созылатын нөсерлі жаңбырдан зардап шегеді. Оның қашан, қай күні басталатынын біл­мей­ді. Абыздар жұлдызды әлемге назар аударып, аспандағы біз Сүмбіле деп атайтын ең жарық жұлдызды қадағалай бастайды. Сөйтсе, сол Сүмбіле алғаш көрінген кезде-ақ алты айлық нөсер басталады екен. Осыны білгеннен кейін майя халқы әлгі нөсерге дейін егіндерінің дәндерін алдын ала аударылған қара жерге сеуіп үлгеретін болады. Нөсерлі ай­лар­да олар ешқайда шықпай, тастан қашап неше түрлі әдемі мүсіндер жасаумен айналы­са­ды, ал жаңбыр тоқтаған кезде өсіп-өніп, жайқалып тұрған егіндерін жинайды. Майялық­тар тастан қала тұрғызу, тастан мүсін жасау, тағы басқадай қолөнер мен сауда-саттық жөнінен сол заманда алдына жан салмаған ел болған. Ол тас қалаларының жүзден астамы белгілі, ірілері – сегіз.

* * *

Рим республикасында біз­дің дәуірімізден бұрынғы VІІІ ғасырдың орта шенінен бастап қолданған күнтізбеде жаңа жыл наурыз айынан басталған. Оның негізі қазіргі күнтізбелерде әлі күнге дейін сақталып келеді. Бірінші айды олар соғысқа тыйым салушы құдай Мартиустың атымен март, одан кейінгі екінші айды гүл ашу деген мағынаны беретін Апри­лис – апрель, үшінші айды гүлдердің жайқалып өсуін бейнелейтін Майя – май, төртіншісін Юпитер құдайдың зайыбы Юнонаның атымен июнь атаған. Одан кейінгі алты айды цифрлармен келтірген. Ал біздің дәуірімізден бұрынғы VІІ ғасырда ол он айға тағы екі ай қосылады. Он бірінші айға Янус құдайының атын, он екінші айға сол кездегі діни рә­сімдерге сай тазару деген мағы­наны беретін Февруариус деген атты береді. Сентябрь, октябрь, ноябрь, декабрь, январь, фев­раль айларының түп-негізінің сол күнтізбеде жатқаны, олардың бүгінгі күнде де қол­данылып келе жатқаны белгілі. Июль айы Юлий Цезарьдың, август – Августың есімдерін беруге байланысты өзгертілген.

* * *

Біздің дәуірімізден бұрынғы 46 жылы Римде жоғары билікті өз қолына алғаннан кейін Юлий Цезарь ресми сапармен Египетте болып қай­тады. Содан кейін ол Алексан­дрия қаласынан астроном Созингенді арнайы шақыртып алып, оған күнтізбені ретке келтіруді тапсырады. Өйткені, жыл бойындағы күндердің санын тұрақты ету қажет еді.

Созиген Юлий Цезарь Египет­тен әкелген үлгіні пайдалана отырып, алғашқы үш жылды – 365, ал төртінші жылды 366 күн етеді. Соңғы цифрдағы артық күн бүгінде үш жыл аралап барып ақпан айы күндердің соңына қосылып жүр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp