Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының халал өнімдерін стандарттау бөлімінің басшысы Смайыл Сейітбеков “Қызылжар” орталық мешітінде өңір кәсіпкерлерінің басын қосып, халал өнімдерді стандарттауға қатысты семинар өткізді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған “Халал даму” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі халал өнімдерді сертификаттаумен 2014 жылдан бері айналысып келеді. Ұйым осы күнге дейін ел бойынша 310 мекемеге сертификат берген екен.
Аталмыш құжат бір жылға ғана жарамды. Ай сайын бақылаушы-инспекторлар өндіріс орнына барып, кәсіпорынды тиісті тексерістерден өткізіп отырады.
– Егер өнім талапқа сай болмаса, ескерту жасалады. Оны елемеген жағдайда сертификатты қайтарып алып, келісімшартты бұзамыз. Өйткені, халыққа ұсынатын өнім талапқа сәйкес таза әрі адал болуы тиіс, – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының халал өнімдерді стандарттау бөлімінің басшысы Смайыл Сейітбеков.
Маманның пікірінше, мал соятын қасапшыларды да оқыту маңызды. Өйткені, мал шариғат талаптарына сай бауыздалуы тиіс. Шара барысында бірқатар кәсіпкерлерге халал сертификаты салтанатты түрде табысталды. Мұндай құжат өңіріміздегі 28 кәсіпкерде бар.
Нұрбол БАЛҒАБЕКОВ.