«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ – ӨРКЕНДЕУ ЖОЛЫ

Мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді басымдығы болып табылатын цифрландыруды дамыту туралы заң тұрғындар үшін мемлекеттік қызметтерді алу жолдарын әлдеқайда оңайлатты. Әр сала бойынша цифрлық стратегия әзірленіп, азаматтардың уақытын үнемдеуге, электронды құжат­тар­дың қолданылу аясын кеңейтуге, ауылдық жерлерде байланыс сапасын арттыруға, ақпараттық қа­уіп­сіздікті күшейтуге айрықша мән берілген. Заңға цифрлық трансформацияның енгізілуі мемле­кет­тік аппараттың қызметін бюрократиядан арылтуға, неғұрлым тиімді үдерістерді артық шығын­сыз әрі барынша сапалы етіп атқаруға, түрлі платформалық тәсілдерді кеңінен қамтуға, мемлекет­тік органдардың қайталанатын функцияларын қысқартуға зор мүмкіндіктер береді. Бұрынғыдай сабылып кезекте тұрудан, бума-бума қағаз толтырудан арылу үрдісі біртіндеп жойылады.

Президент Қасым-Жомарт То­қаев “Әділетті Қазақстанның эко­номикалық бағдары” атты Жол­­да­уында азаматтардың мүд­десі мен сұранысы, яғни адамның қа­жеттілігі Қазақстан­ның эконо­ми­калық даму стра­те­гиясының өзе­гі болып табы­латынын айта ке­ліп, осыған орай жаңа эконо­ми­ка­­лық сая­саттың қағидалары мен басым­дықтарын нақты ай­қын­даумен қатар, алдағы ре­фор­­маларды са­палы әрі толық жүзе­ге асы­рудың маңыздылы­ғын, оның та­бысты болуы мем­лекет­тік қыз­метшілердің білік­ті­лігіне, жа­уап­кер­шілігіне және сая­си ерік-жігеріне тікелей бай­ланыс­ты екенін атап өтті. Цифр­ланды­ру ісін және иннова­ция­ны енгізу­ді негізгі фактор санайтын Мем­ле­кет басшысы алдымызға Қа­зақ­станды IT мем­лекетке ай­нал­ды­ру секілді ма­ңызды стра­тегия­лық міндет, бір­тұтас сала­лық құжат әзірлеу талабын қой­ды. Цифр­ландыру ісінде бас­шы­лық­қа алынатын қа­ғидаттар­ды заң жү­зінде бекі­тетін кез келгенін еске салды. Еліміз элек­тронды үкі­мет­ті да­мы­ту ин­дексі бойынша әлем көшбас­шы­ларының қа­тарында.

“Азаматтарға арналған үкі­мет” мемлекеттік корпорация­сы” КЕ АҚ-ның облыстық фи­лиалы тұрғындарға барынша қо­лайлы жағдай туғызуды әркез басты назарда ұстайды. Жұмыс істей­тін 17 фронт офис “бір те­резе” қа­ғидаты негізінде барлық құ­жат­тарды қысқа мерзімде рә­сімдеу­ге және де сапалы сер­вис қызме­тін тұтастай жетілді­руге бағдар­лан­ған. 16 халыққа қызмет көр­се­ту бөлімі, 1 ха­лық­қа қызмет көрсету жөніндегі ма­мандан­ды­рылған бөлім, 8 ар­найы сектор, 1 кезекші бөлім, мем­лекеттік қыз­меттер мен түр­лі сервистерді алу мәселелері бойынша 1414 Саll-орталығы жұ­мыс істейді. Был­тыр филиал 991100 қызмет көр­сетті, оның ішінде 520 956 қыз­мет “Egov.kz” электрондық пор­талы арқылы ұсынылды. Бірне­ше қызметті бір өтініш қағидаты бойынша алу кететін уақытты едәуір қысқартты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлт­­тық қоғамдық сенім кеңесі­нің отырысында “Біз цифрлан­ды­ру қарқынын еш бәсеңдетпе­уіміз керек. Бұл үрдіс барлық са­ланы қамтуға тиіс. Сонда ха­лыққа қыз­мет көрсету орталық­та­ры­ның жұ­мысын жеңілдете­міз. Аза­мат­тардың уақытын үнем­дей­міз. Құ­жат айналымын және іс жүр­гізуді цифрландыра бер­ген жөн”,– де­ген еді. Элек­трон­дық үкімет пор­талынының игілігі көп. Мәселен, тізілімге сәйкес, мем­лекеттік қыз­меттер­дің 1354 түрі бар, мем­ле­кеттік кор­пора­ция ар­қылы – 1263, элек­трон­дық үкі­мет порта­лы ар­қылы 1214 қыз­мет көрсе­ті­леді. “ХҚКО” мобиль­ді қосымша­сы арқылы бейне қо­ңырау шалу­ға, мүмкін­дігі шек­теулі жандар­дың үйіне ба­рып қызмет көрсету­ге өтінім беру үшін 1414 бірыңғай бай­ла­ныс ор­талығына телефон ар­­қы­лы ха­бар­ласуға, “Egov.kz” элек­трон­дық үкімет порталы жә­не “eGov­mobile” мобильді қо­сым­­ша­сы, “Ха­лық банк”, “Кас­пий банк” жә­не т.б. екінші дең­гейдегі банк­тердің мобильді қо­сым­ша­ла­ры, телеграм-бот, сон­дай-ақ проак­тивті форматтағы SMS ха­барла­малар арқылы да жүгіне алады.

ХҚКО-ның мобильдік қосым­ша­сында мобильдік қоңырау ар­қылы 38 мемлекеттік қызмет қолжетімді (жылжымайтын мү­лікке құқық белгілейтін құжат­тың, жыл­жымайтын мүлік объек­тілерінің техникалық пас­портының түп­нұс­қасын беру, ба­ла тууға және бала күтіміне жәр­демақы, жер­леуге біржолғы тө­лем, көпбала­лы отбасына жәр­демақы, тұрғын үй көмегін таға­йындау, қандас мәртебесін бе­ру немесе ұзарту, тағы басқа­лар). Қосымшаларды пайдала­на отырып, практикалық және теориялық емтихан тапсы­ру­ға, сондай-ақ ХҚКО кезегін брон­дау­ға өтінім беруге болады. Мемлекеттік қызметтерді алуға арналған мобильді қосымша­лар арасында ең танымалы – “еGov­mobile”, онда 641 мемле­кет­тік қыз­мет түрі бар. “Egov.kz” элек­трон­дық үкімет порталы­ның сер­вистері де қолжетімді. 21 анықтама түрін “Телеграмм” мес­сенджері арқылы алуға бо­ла­ды. Азаматтар мобильді ба­зада тіркелген жағдайда тууды тіркеу, бала туу және оған күтім жасау бойынша жәрдемақы ре­сімдей алады. Балдырған бала­бақшаға кезекке қойылса, SMS хабар­лама келеді.

Бұдан бөлек, екінші деңгей­дегі банктер бойынша мемле­кет­тік қызметтерді мобильді қо­сым­ша арқылы алу мүмкіндікте­рі бел­сенді түрде енгізіліп келе­ді. Мә­се­лен, “Халық банк” қо­сым­шасы арқылы: нәрестенің тууын тір­кеу, жәрдемақы ре­сімдеу, Қазақ­стан азаматтарын және некені тіркеу, зейнетақы және әлеумет­тік аударымдар, заңды тұлғалар бойынша, жыл­жымайтын мүлік­тер туралы мә­ліметтер алу. “Кас­пий банк­тің” мобильді қосым­ша­сы арқылы баланың тууын тір­кеу, жәрдем­ақы, автокөлікті қайта ресімдеу, жүргізуші куәлігін ауыстыру қыз­меттері көрсеті­ле­ді. Мұның бәрі жұртшылық үшін өте ыңғайлы, ең бастысы, түбір­тек­терді қол­дан жасауға, сон­дай-ақ мемле­кеттік тіркеу нөмі­рін таңдауда сыбайлас жемқор­лыққа жол берілмейді.

Дайын құжаттарды үйге жет­кізу сервисі құрылған, оған кез келген уақытта тапсырыс беру­ге болады. Жеткізу құны – 700-900 тең­ге ғана. QR-код арқылы мем­ле­кеттік бажды төлеу сер­висі енгізілген, онлайн төлем кезінде комиссия алынбайды. 2022 жыл­дың 12 қыркүйегінен бастап қыз­меттің дайын нәти­же­сін алуға қол­хат алынып тас­талды, сон­дай-ақ 46 қызмет бо­йынша қа­ғаз­сыз өтініш енгізілді. 45 қызмет SMS хабарлама жі­беру арқылы электрондық түр­де толтыры­ла­ды. “Blockchain” тех­нологиясы шең­берінде “От­б­асы банк” және “Халық банк” жылжымайтын мү­лік кепілін 2 сағат ішінде онлайн тіркеу сер­висін енгізді, ол биз­нес-желі ар­қылы ашық ақпарат алмасуды ұйымдастыруға кең жол аша­тын деректер базасы­ның жетіл­дірілген тетігі болып табылады.

Тұрғындарға ХҚКО-ның Пет­ропавл қалалық №1 және Қы­зыл­жар аудандық бөлімшесінің жиһазы, техникалары жаңар­ты­лып, жаңғырту жұмыстары жүр­гі­зілгенін айта кеткен жөн. Қыз­мет көрсетуді оңтайландыру мақ­са­ты­мен жылдамдық ай­мақ­тары құрылды (электрондық цифрлы қолтаңба беру, тіркеу және қайта тіркеу, т.б.). Ғима­рат­тар мүмкін­дігі шектеулі жан­дардың қызмет алуына ыңғай­ланып, қалпына келтірілді. Ав­томатты автодром­дағы магнит­тік датчиктер қазіргі заманауи GPS жүйесіне ауыс­тырылды. Бұл сенсорлардың артықшылы­ғы көп: деректерді қа­тесіз есеп­тейді, дайындық ша­ралары жедел түрде атқары­лады, жер асты датчиктерін қою­дың қа­жеті жоқ, тех­никалық қыз­мет көр­сету және жөндеу шы­ғындары ай­тарлық­тай азаяды.

Озық технология орталық­тар­­дағы мемлекеттік қызмет­тер­дің сапасы мен көрсеткіш дең­ге­йінің ұлғаюына, халықтың цифр­лық сауаттылығын артты­руға айтар­лық­тай игі ықпалын ти­гізіп отыр. Мұ­ның өзі Прези­дент атап өткен­дей, қажетті құжаттар мен қыз­мет­терді алу процесін жедел­дету жолындағы маңызды қадам са­на­лады, азаматтар үшін уақыт жа­­ғынан ыңғайлылық пен жай­лы­­лықты одан әрі жақсарта түседі.

Серік БЕЙСЕНОВ,

“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕ АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp