«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шал ақын ауданының прокуроры Ерболат ЫБЫРАЕВ: “ҚАДАҒАЛАУ ҚАРЫМЫ АРТА ТҮСТІ”

Құқықтық мемлекетте қадағалау органы әділдік іздеген азаматтарға қорған болуы тиіс. Елбасының “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауын жүзеге асыра отырып, халықтың сенімі деп аталатын қасиетті ұғымға кір келтірмей, адамдардың конституциялық құқықтарын қорғау міндеттерін аудан төңірегінде жүзеге асыру туралы Шал ақын ауданының прокуроры Ерболат Ыбыраевпен әңгімелесу барысында қанық болдық.

– Ерболат Қайыржанұлы, Жолдаудағы шешуші басымдықтар экономикадағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға және дағдарыс жағдайында елдің қарыштап дамуын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Ал жаңа міндеттерді жүзеге асыруда адал бәсекелестіктің, әділеттіліктің, заң үстемдігінің маңызы орасан зор. Прокуратура саласына деген ел сенімін, халықтың құрметін нығайтудағы жұмыстарыңызға тоқтала кетсеңіз.  

– Елбасының парақорлықтың тамырын жоюға, экономиканы одан әрі дамытуға бөлінген бюджеттік қаражатты пайдалану барысында заңнама талаптарын мүлтіксіз орындауды қадағалауға қатысты тапсырмаларын жүзеге асырумен қатар, елдегі саяси тұрақтылықты нығайтуға, жекелеген азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қылмыстық көріністерден қорғау деңгейін көтеруге прокуратура қызметіне зор міндет жүктеліп отыр. Бұл ретте орталық аппаратқа және жергілікті жерлердегі барлық прокурорларға ұлттық қордан бөлінген қаржының игерілуінің заңдылығын қамтамасыз етуді және оның жүзеге асуына қажетті жан-жақты шаралар қолдануды тапсырған бас прокурор бюджет қаражатының жұмсалуына байланысты кез келген сыбайлас жемқорлық көріністерінің жолын кесу бойынша прокуратура органдары мен уәкілетті органдардың күш біріктіруінің маңыздылығын баса атап көрсетті. Бізге жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, тұрғындардың шағымдарын қабылдау арқылы көмек көрсету, кеңес беріп, сауатты және әділ түрде олардың мәселелерін шешуге ықпал ету бағытындағы жұмыс сапасын арттыруға үлкен мән берудеміз.

Азаматтардың арыз-шағымын қарау мәселесін Елбасының өзі үнемі жіті қадағалауда ұстап отыр. Аталған мәселеге оң көзқарас қалыптасқаннан кейін нәтиже де көп күттірген жоқ. Бүгінде прокуратураға түсіп жатқан арыздардың дені бірнеше күнде шешіледі. Кей істер бойынша қолданыстағы заңдарға сәйкес сараптама тағайындалуы керек, онсыз болмайды. Ал бұл өз кезегінде уақыт алады.

Ауданға келер болсақ, былтыр тұрғындардан 63 арыз келіп түсті. Заңды тұлғалардан 14 арыз қаралып, барлықтары бойынша жауап берілді. 77 азаматты олардың арыз-шағымдары бойынша қабылдадық.

– Жалпы аудандағы қылмыстық ахуалға тоқталсаңыз. Былтыр заңды белден басып, бюджет қаржысын жымқыру фактілері орын алды ма?

– Өткен жылы аудан үшін тыныш жыл болды. Аса ауыр қылмыс фактісі тіркелген жоқ, ал ауыр қылмыс 61,5 пайызға кеміді. Ал жалпы қылмыс саны 2,6 пайызға артты. Оған қылмысты ашу көрсеткішінің біршама көбеюі де себеп болғаны анық.

Аудан экономикасының жекелеген салаларына бағытталған бюджеттік қаражаттың тиімді пайдалануы ерекше назарда болды. Атқарылған жұмыс нәтижесінде прокурорлық ықпал ету актілері бойынша мемлекеттік бюджетке 16 687 629 теңге қайтарылды. Бұл көрсеткіш өткен үш жылды қосқандағы көрсеткіштен үш есе артық.

– Сотқа дейінгі іс жүргізу заңдылығы жиі бұзылып жатады. Аудан тұрғындарының арыздарын атүсті қараған лауазым иелеріне жаза қолдану фактілері болды ма?

– Біз бұл мәселеде бірінші кезекте үш басым бағытқа назар аударамыз. Олар: есеп алу-тіркеу тәртібінің сақталуы, азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуы және стратегиялық жоспардағы индикаторларға қол жеткізу. Мемлекетімізде азаматтардың арыз-шағымдарына жіті көңіл бөлінетіні соншалықты, арыздарды тіркеуден жасырып қалатындарға қатаң шара қолданылады. Бірде-бір қылмыс жасырылмауы тиіс, бұл – мемлекеттің негізгі саясаты. Былтырғы жылы ауданда қылмысты тіркеуден жасыру фактісі орын алған жоқ.

Жалпы азаматтардың құқықтарын қорғау ісі аудан прокуратурасының жіті бақылауында. Былтырғы жылы бірде-бір заңсыз қамауға алу, қылмыстық жауапкершілікке тарту фактілерінің тіркелмеуі – соның айғағы. Десек те, мемлекеттік қызмет саласында құқық бұзушылыққа жол бергендер болды. Мәселен, әлеуметтік-экономикалық саланы қадағалау кезінде 30 тексеріс ұйымдастырылып, 411 заң бұзушылық тіркелді. Қылмыстық қудалау органдары қызметкерлерінің тарапынан орын алған заңсыздықтарға қатысты прокурорлық ықпал етудің 3 актісі шығарылып, оларды қарастыру кезінде аудандық ішкі істер бөлімінің 4 қызметкері тәртіптік жазаға тартылды.

– Жерге байланысты даулар мен заң бұзушылық өткірлігін жойған емес. Бұл мәселе бойынша аудандағы жағдай қандай?

– Бұл бағыттағы жұмыс аудан бойынша тыңғылықты жүргізілуде. Өткен жылдың бас кезінде жалпы аумағы 5800 гектар болатын жер телімін қайтару туралы арызды Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот қанағаттандырған болатын. Ал прокурорлық ықпал етудің арқасында жыл соңында 952 500 теңгенің аумағы 0,5481 гектар орман қоры мемлекетке қайтарылды.

Сұхбаттасқан

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp