«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАҢЫРАҚТЫҢ ШАТТЫҒЫ

Балаларын бақытына, баға жетпес асыл қазынаға балаған көпбалалы жас аналардың бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Жазира Төлебаева. Көркіне ақылы сай Жазира Құдай қосқан қосағы Алмаз екеуі бүгінде Шыңғыс, Айша, Санжар, Мәриям есімді балаларын өсіріп, тәрбиелеп отыр. Есіл ауданындағы Тауағаш ауылында туып-өскен отағасы – “Қызылжар су” акционерлік қоғамының қызметкері. Ұстаздық жолды таңдаған Жазира қазір бала күтіміне байланысты үйде отыр.

– Балалардың тәрбиесін қолдан шығарып алмау үшін үнемі оларды қадағалап отыру керек. Екі үлкеніміз мектепке барады. Үшінші баламыз балабақша тәрбиеленушісі болса, сүткенжем – үйде. Олардың күнделікті киімі таза, тамағы тоқ болуы үшін мен ана ретінде жауаптымын. Сондықтан да қазіргі ең маңызды шаруам – осы, – дейді ұрпақ сабақтастығын жалғастырып отырған қазақтың қарапайым келіні.

Әрине, отбасын құрып, балалы-шағалы болған соң ерлі-зайыпты арасында бір-біріне деген сыйластық орнау керек. Бұл жағынан алғанда Алмаз жан жарын, балаларының анасын алақанына салып аялап, құрметтеп отырады. Ал Жазира келіндерге сай өзін қашанда ерінен бір саты төмен қойып, азаматының сөзін екі етпейді. Өйткені, оның тәрбиесі сондай.

Шаңырағын шаттыққа бөлеп, ұлдары мен қыздарын “айналайын” сөзімен аялап, тентектік жасаса “тәйт” деп тыйып отыратын ана өзін бақытты жанмын деп санайды.

– Ата-бабамыз арман еткен Тәуелсіздікке қол жеткізіп, азаттық туын көтергенімізге биыл – 25 жыл. Әрине, жас мемлекет үшін бұл айтарлықтай көп уақыт емес. Бірақ осы аралықтың өзінде еліміз дамып, биік белестерді бағындырды. Бастысы – еліміз аман, жұртымыз тыныш. Елбасының сындарлы саясаты арқасында көпбалалы отбасы ретінде мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетіліп отыр. Өз басым егемен елімізде келешек ұрпақты тәрбиелеуге сүбелі үлес қосып отырғанымды мақтан тұтамын. Әр отбасы сәби күлкісіне бөленіп, алтын, күміс алқалы аналар саны көбейе түссе, нұр үстіне нұр болар еді. Түсіне білген адам үшін осының өзі бір ғанибет, – дейді Жазира.

Балаларының болашағын ойлаған ерлі-зайыпты үнемдеп ақша жинап, 2014 жылы “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасының “Жас отбасы” бағыты бойынша пәтерге қол жеткізген. Бүгінде екі бөлмелі үйдің іші бала базарына айналған. Еркелерінің әр қылығына тәнті болған ата-ананың ендігі мақсаты – балапандарын өсіріп, оқытып, дұрыс бағыт беру.

“Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” деген қағиданы ұстанатын отағасы жұмыстан қолы қалт еткен кезде ұлдарының тәрбиесімен айналысады. Ұрпақ жалғасы Шыңғыс пен Санжарға ол ержеткен соң Отанның ұланы болуды және жігіттің мақсаты мен арманы айқын болу керектігін үнемі айтып отырады.

– Балаға тура жол сілтейтін – әке. Сондықтан мен оларға ақыл айтумен ғана шектелмеймін. Өнегелі ісіммен де үлгі көрсетуді жөн санаймын, – дейді ол.

Ал Жазира болса қыздарының тәрбиесіне аса мән беріп, олардың кішіпейіл, мейірімді, инабатты болып өсуіне қолынан келгенше барын салуда. Әлі кішкентай болса да, қыр гүліндей құлпырған қызғалдақтарына тәлім мен тәрбие, өнер мен өнеге, білім мен мәдениеттің адам өмірінде алар орны ерекше екенін айтудан жалыққан емес.

…Біріне-бірі ерекше ілтипат көрсетіп, ұл-қыздарына мейіріммен қарайтын Төлебаевтар отбасынан үлгі де, өнеге де алуға болады. Олар – отбасының іргесін қалаған тұстан бастап өздерінің шағын мемлекеттеріне ерекше жауапкершілікпен қарап, үйлерін бақыттың мекеніне айналдырған жандар. Бастарында баспана, қастарында балалары бар Алмаз бен Жазира сияқты жастардың қатары қалыңдай түссе, құба-құп.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp