«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕБЕРДІҢ ҚОЛЫ ОРТАҚ

 Заман талабына сай еңбек етіп, өнерімен өрге басқан еңбекқор жандардың бірі – петропавлдық Мильвия Шәмілқызы. Бүгінде ол “Мильвия” ЖШС директоры және “Хикаят” сән үйінің жұмысына тікелей жауапты екі адамның бірі болып табылады. 

– Киім тігумен 1991 жылдан бері айналысып келемін. Қызым Гүлнара – менің қолқанатым. Біз ең бірінші тігін ательесін ашқан болатынбыз. Сөйтіп, бастапқы кезде тоқыма бұйымдарын шығара бастадық. Бұл тоқсаныншы жылдардың басы болатын. Талдықорған қаласынан бір тоннадай иірілген жіп сатып алып, жұмысымызды бастап кеттік. Сәтін салып, жұмысымыз жүріп кетті, бірақ алда әлі талай сәтсіздік күтіп тұрғанын білмеппіз сол кезде. Уақыт сондай болды ма, әйтеуір, аяқтан тұрып кету оңай шаруа емес екеніне көзіміз жетті. Бірақ, қол қусырып отырмадық. Шамамыз келгенше талаптанып, қоғамға пайда әкеліп, отбасымызға жақсы жағдай жасау үшін аянып қалмадық, – дейді сол кездерді есіне алған Мильвия Шәмілқызы.

Сонау тоқсаныншы жылдардан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан шебер талай қиындықты басынан өткерген екен. Жұмыстары енді ғана алға басып келе жатқан кезде тігін шеберханасына белгісіз біреулер от салып, ішіндегі барлық мүлік күйіп кетіпті. Отқа оранған киімдер ішінде өздерінікі ғана емес, сатуға алған өзге де кәсіпкерлердің заттары болған. Осылайша анасы мен қызының алты жыл бойы тырнақтап жинаған еңбегі күл болып, желге ұшқан. Қандай кедергі болса да, олар қолдан келген жұмысты істегендеріне өкінген емес. Керісінше, алдымен өздеріне, кейін сырт көзге дәлелдеу үшін сыннан сүрінбей өтуге бел буған. Бірақ, көп ұзамай киім сататын дүкендеріне ұры түсіп, олар бар ақшаны қолды қылған. Бұл келеңсіздік те оларды жасыта алмаған. Біршама уақыт өткен соң барлығы өз орнына келеді.  

2008 жылы өздері пішіп, тігетін киімдеріне тауар белгісін алып, бұрынғымен қоса, жаңа үлгілер топтамасын жасауды ойластырады. Енді олар “Хикаят” сән үйін ашады. Бұл жолы тапқыр жандар дүкен, базар сөрелерінде толықша келген қыз-келіншектерге, екіқабат әйелдерге, балаларға арналған киім үлгілерінің айтарлықтай көп еместігін байқап, осы салада жұмыс істеуді ұйғарады. Заман талабына сай болуды мақсат тұтқан кәсіпкерлер отбасына мұндай орынды ой жаңа леп әкелгендей болады. Сөйтіп, анасы мен қызы ақылдаса отыра, көпке қажет және қолжетімді бұйымдардың санын көбейтіп, сапасын жақсартуды қолға алады.

“Шеше көрген тон пішер” дегендей, анасына қарап, еңбектене білген Гүлнара Жансарина тігетін киімнің эскизін өзі салады.

– Мен қыз-келіншектерге арналған түрлі көйлек түрлерімен қатар сырт киімдерді де тігемін. Оған түрлі аң терілерін қолданамын. Қандай да бір жаңа киім тіге бастағанда сәнмен қатар ұлттық үлгіні ұлықтап, заманауи жаңашылдықты да қалт жібермеуге тырысамын, – дейді ол

“Мильвия” ЖШС бастаған “Хикаят” сән үйі деген атпен көпке танымал кәсіпкерлер отбасының алға қойған мақсаттары да аз емес. Өз өнімдерін көпшілік іздеп жүріп алатындай ету үшін басқа қаладағы кәсіпкерлермен де байланысып тұрады. Гүлнара Жансаринаның өзінің айтуынша, олар бүгінгі таңда тамыз айында өтетін конкурсқа жоспар жасап, жұмыстарын пысықтау үстінде. Аталмыш сайысқа 13-36 жас аралығындағы қыздар мен жігіттер қатыса алады. Талап бойынша олардың бойлары 160-170 см. болуы шарт. Жас таланттарға жол ашатын конкурсқа бүгіннің өзінде Астана, Алматы, Тараз сияқты алыс-жақын қалалардағы өнерлі адамдардан өтініш түскен. Осыған қарағанда, “Хикаят” сән үйінің мұрындық болып отырған жобасы көпшіліктің көңілінен шығар деген үміттеміз.

– Қазір таңдау да, талап та көп. Ақшаң болса, неше түрлі көйлек-көншектерді сатып алуға болады. Бірақ, өкінішке қарай, кейбір қыз-келіншектер киім кигенде оған айтарлықтай мән бере бермейді. Келіссе де, келіспесе де, үстіне жапсырып алатындар да болады. Оларға, әрине, көп үйрену керек. Қазір ғаламтор деген жақсы болды ғой, барлық керек мәліметті алуға болады. Осы жағына нәзік жандар мән берсе құба-құп. Жалпы әйел затының барлығы әдемі. Ал енді дұрыс киіне білсе, одан сайын тартымды болып кетпей ме? “Адам көркі – шүберек” деп тегін айтпаған болар, – дейді Мильвия Шәмілқызы.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) модельер Г. Жансарина мен “Мильвия” ЖШС-нің директоры М.Бегишева.

Суретті түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp