«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЫРҚАҢДАР, ШӘКІРТТЕР!

Сәуір айының 17-ші жұлдызында облыстық филармонияның ғимаратында ұлтымыздың аса бай дәстүрлі ән өнерінің дамуына атсалысып жүрген мәдениет қайраткері Жанат Айтбаевтың шәкірттері Еркебұлан Қарипов пен Олжас Сұрағановтың “Асыл мұра – әсем ән!” атты концерті өтеді.

Есіл ауданындағы Мектеп ауылының тумасы Еркебұлан Қариповтың орындауында 100-ге жуық ән бар. Төл мәдениетіміздің қымбат құндылығы – ұлттық киімнің өзін биік талғаммен таңдайтын ол бүгінде Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының “Дәстүрлі ән” кафедрасының IV курс студенті.  

Жамбыл ауданының Баян ауылында өмірге келген Олжас Сұрағанов та мектепте оқып жүрген кезінде-ақ дәстүрлі “Абай оқулары” байқауының аудандық, облыстық кезеңдерінде “Құлақтан кіріп, бойды алар” аталымдары бойынша жүлделі орындарға ие болған.

Жүсіпбек Елебеков атындағы VI республикалық дәстүрлі әншілер байқауында да бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрінді. Ол бүгінде Астанадағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының IV курсында оқиды.

Олар бірауыздан концертте тыңдармандарды таңданысқа бөлейтін әндердің де орындалатынын, сондай-ақ, Cегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің, “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің, өңірімізге белгілі жас әншілер Біржан Есжанов пен Ғалымжан Нұрпейісовтің де қатысып, кеш көркін аша түсетіндіктерін айтты.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp