«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫРЫС БҰЛАҒЫ

2009 жылы “Сергеевка сүт өнімдері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзінің жұмысын бастады. Алғашқы қадамдар менің әлі күнге дейін көз алдымда. Шығарылған өнімдерді қайда өткіземіз деген сауал бізді қатты толғандырды. Әр нәрсе өз кезегімен дегендей, уақыт бәрін өз орнына қояды екен.

Жер емген халықтың берекелі ісінен біз де өз ырысымызды таптық. Жыл он екі ай бойы егіс танаптарын баласындай күтіп-баптайтын диқандардың есіл еңбегі өлшеусіз. Мол өнім жиналса, біздің ырысымыз кеңейіп, несібеміз артады. Ал төрт түлік малымен ауылдағы ағайын тіршілік түтінін түтетуде. Біз Шал ақын, Есіл және Тимирязев аудандарынан жаз бойы сүт жинап, өнім өндіреміз. Қыста оларды сатумен айналысамыз. Бүгінгі таңда серіктестікте 50 адам жұмыс істейді. Жаз маусымында күн сайын жиналатын 15-20 тонна сүттен 1 тонна құрғақ сүт пен 700-800 килограмға дейін май шығарамыз. Сұраныс бар. Жаңа жылдан бастап өнімдерді Астана қаласына өткізу ойда бар. Қазіргі таңда елордадағы ірі сауда орындарымен келіссөздер жүргізілуде. Өркениет елдеріне қарышты қадам басқан тәуелсіз елімізбен бірге біз де дамудың даңғыл жолындамыз.  

Қазіргі таңда қазақстандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау аз емес. Еңбек етуге құлшыныс білдірген кез келген адам үшін біздің елде жағдай жасалғанына мен қуаныштымын. Олай дейтін себебім, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жыл сайын “Сергеевка сүт өнімдері” ЖШС-не Үкімет тарапынан демеуқаржы бөлінеді. Биыл да біз 100 миллион теңгеге қол жеткіздік. Егемендігімізді алған соң біз сияқты қаншама кәсіпкердің жолы ашылды десем, артық айтқандық емес. Рас, қазір елімізде экономикалық қиындық бар. Бірақ біз ешқашан түңілмеуіміз керек. Өйткені, біз біреуге қарап, қол жайып отырғанымыз жоқ. Билігіміз өзіміздің қолымызда. Басымыздан бақ таймаса, еңбек етіп, Жер-Ананы емген дарқан халық ешқашан намысты қолдан бермейді. “Еңбек – ырыс бұлағы” дегендей, ырыстың бұлағын ағызатын, бақыттың шырағын жаққызатын еңбек атты ұлы жолда талаптануымыз керек. Қандай қиын жағдай орын алса да, елмен, халықпен бірге болғанымыз жөн.

Осы ретте бастан өткізген қиындықтар жайына да тоқталып өткенім артық болмас. Былтыр Ресей рублінің құлдырауына байланысты көршілес елден арзандатылған бағамен тауарлар жеткізілді. Отандық нарықты Ресей өнімдері жаулады. Қазақстандық кәсіпкерлер үшін нағыз сыналар шақ туды. Нарықта аяғынан тік тұра алмаған кәсіпкерлердің кейбіреуі жұмысты ауыстырып, бұл жүйеге басқа қырынан келуге тырысты. Серіктестік басшысы ретінде мен де көп қиналдым. Тіпті, дайындалған өнімдерді қайда өткізерімізді де білмей қалдық. Бірақ жағдай біртіндеп түзелді. Үкіметтің кәсіпкерлерге деген түзу көзқарасының арқасында ілгері жылжуға мүмкіндік алдық. Қазір, Құдайға шүкір, жағдайымыз жаман емес. Теңге бағамы өзгеріп, доллар да өсті. Бірақ теңгенің еркіндікке жіберілуін нарық заңдылығы деп білемін. Бүгінгі күнмен ғана емес, ертеңгі күнмен де өмір сүруіміз керек. Бұдан бұрын біз делдалдармен жұмыс істейтін едік. Былтыр рубль түскен бойда алыпсатарлықпен айналысатын делдалдар Ресейге көш түзеді. Шынын айтқанда, біз далада қалғандай күй кештік. Енді 2016 жылдан бастап делдалдарсыз жұмысты оң жолға қою мақсатында нақты шаралар қолға алынуда. Кәсіпкерлер үшін делдалдарсыз дүкендерге өндірген өнімді өткізу әлдеқайда тиімді. Бұл жалғыз кәсіпкерлер үшін ғана емес, халық үшін де пайдасы зор. Бағаның өсуіне жол бермеудің бірден-бір мүмкіндігі осы. Ал кәсіпорында өндірілетін құрғақ сүт пен майды экспортқа шығаруды да жоспарлап отырмыз.

Бүгінде кәсіпорында 50 адам жұмыс істейтіндігін жоғарыда айтып өткен болатынмын. Олардың ай сайын алатын орташа жалақысы 69 мың теңгені құрайды. Алдынан шаруа үркіп тұратын қасымдағы еңбекқор азаматтардың арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Кәсіпорында жұмыс істейтін адамдардың барлығы еңбекқор. Өзімнің тәуелсіз еліме үлесімді қосып, бірнеше отбасын жұмыспен қамтып отырғаныма қуаныштымын. Адамдардың батасын алып, разылығына бөлену – мен үшін зор бақыт. Адамға бұдан артық не керек?! Бірақ шағын кәсіпорын болса да, аяқты тіктеп, жұмысты жандандыру оңай болмады. Ел егемендігін алған тұста Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та көп күш салғаны белгілі. Жеке-дара бөлініп, Тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанды өркениетті елдер қатарына қосу, әрине, оңай шаруа емес. Кәсіпкер ретінде Мемлекет басшысының атқарған істеріне ризашылығым шексіз. Елін ойлаған Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында біздер, кәсіпкерлер, қанатымызды кең құлашқа сермедік. Әлі де шағын және орта бизнес саласын дамыта түскеніміз жөн. Өйткені, біздің елде бизнесті өркендету үшін қолайлы жағдай бар. Әрбіреуіміз осы мүмкіндікті қолдан жіберіп алмауымыз керек. Сондықтан тәуелсіздіктің қадірін бағалап, еңбек майданында шынығуымыз керек. Құдайға шүкір, оқимын, еңбек етемін деген адамға егемен елде даңғыл жол. Кадрлардың біліктілігін арттырып, іскерлік қабілетін шыңдау үшін де мол мүмкіндік бар. Мұның бәрі тұғырлы Тәуелсіздігіміздің арқасы.

Самажан РӘШИТОВ,

“Сергеевка сүт өнімдері” ЖШС-нің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp