Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеу бойынша былтыр атқарған жұмыстарын қорытындылады. Өңірімізде бір жыл ішінде 169 адам жоғалып, соның 159-ы табылған.
Жоғалып кеткендердің 25-і – кәмелет жасына толмағандар. Жасөспірімдердің көбі үйлерінен өз еріктерімен кетіп қалады екен. Бос уақыттарын достарымен бірге өткізу үшін телефондарын өшіріп тастап, ата-аналарының уайымдайтынын естен шығарып алады. Абырой болғанда, жоғалған жасөспірімдердің барлығы табылып, үйлеріне қайтарылды.
Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климовтің айтуынша, жоғалып кеткен 169 адамның 75-і – спирттік ішімдікке салынғандар, олардың 26-сы – әйел. “Адамдардың нәпақа табу үшін тұрғылықты орнын ауыстырып, басқа елді мекенге кетіп қалуы да жиі кездеседі. Кейін жақындарын, туыстарын ұмытып, байланысқа шықпайды», – дейді ол.
Қазір полицейлер із-түзсіз жоғалған Бақыт Жоламанқызы Хамзина мен Виктор Викторович Раскатовты іздестіруде.
Бақыт Хамзина 1971 жылы туған. Шал ақын ауданының Жаңаталап ауылындағы үйінен 2019 жылғы 18 қарашада шығып кеткен. Бойы 160 см, орта денелі, ақ шашты. Қызыл куртка, тоқылған қара бас киім, сұр түсті джинсы шалбар киген.
36 жастағы Виктор Раскатов Петропавл қаласындағы үйінен 2019 жылғы 30 қыркүйекте шығып кетіп, қайтып оралмаған. Бойы шамамен 160 см, орта денелі, сарғылт-қара шашты. Үстінде сұр түсті шалбар, қара-жасыл түсті куртка, қара бас киім болған.