«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІСКЕРЛІК ЖАС ТАЛҒАМАЙДЫ

“Бизнес тетігін ұстаудың ерте-кеші жоқ. Тіпті, зейнеткерлік қылтиып көріне бастаса да”, – дейді Аққайың ауданының 58 жастағы тұрғыны Айжан Жакеева. Айжан Бірлікқызы бизнеспен айналысуды бұрыннан көксесе де, соның бір ретін келтіре алмай жүргендердің бірі болатын. Десек те, сенімсіздіктің құрсауынан босап, діттеген ойын жүзеге асырмақ болған ол бүгінде нық қадам жасап, кәсіпкер атанды.

Ол өмір бойы жұбайымен бірге отбасының ахуалын жасап, еңбектеніп келді. Олардан тәлім-тәрбие алған ұл мен екі қыз жоғары оқу орындарын бітірген соң ата-анасына ұрпақ сүйдіріп, бүгінде әрқайсысы өз жұмыстарын атқарып жүр. Еңбекпен еңсесі көтерілетін Айжан Бірлікқызы – талай жыл ұстаздық еткен жан. Бүгінде күнделікті жұмысы – үй шаруасымен шектеліп қалған ол үшін бос уақытты қол қусырып өткізу қиынға түседі. Сондықтан облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық бөліміне жол тартқан еді. Бастапқы ойы жүк тасымалымен айналысу болатын, бірақ ұйымдағы мамандармен кеңескен соң шешімі өзгерді. Сондай-ақ, ол бизнес туралы түсінігін жетілдіру үшін білікті мамандардан дәріс алуды жөн көрді. “Бизнес-кеңесші” жобасы бойынша ұйымдастырылған екі күндік семинардан кәсіпкерлік туралы түсінігі кеңейе түсті. Көп кешіктермей жеке кәсіпкерлігін ашқан Айжан Бірлікқызы белгілі бір уақыттан соң қолына тиген 2 миллион теңге несие қаржысына 3 бас бие мен 8 бас сиыр сатып алды.  

– Айжан Бірлікқызы жұмысты біліктілікпен жаңаша ұйымдастыра білген кезде ғана бизнесі өрге басатынын түсінді. Кәсіпкер қолынан келетін істі дөңгелетпек. Мал өсіру оған таңсық емес, алайда бұл жолы ол малдың бизнес ретіндегі тиімділігіне баса назар аударып отыр, – дейді палатаның аудандық бөлімінің директоры Руслан Аитов.

Бүгінде кәсіпкер өз бизнесіне байланысты біраз сауалдардың жауабын тапты. Ол малдың жем-азығының құрамы қандай болу керектігін, мал өсімтал болу үшін қандай жағдай жасаған қолайлы екенін, өнімді қалай өткізу қажеттігін үйренді. Кәсіпкер ертеңгі күнін бүгін ойластыруға дағдылана бастады. Маркетинг жұмысын да кейінге қалдырмай, бүгін пысықтап жүр. Бизнесті қалай ұйымдастыру керектігіне ұйымның менеджер-кеңесшілері бағыт сілтеп отыр. “Солардың қолдауымен мен өзімді сенімді сезіне бастадым”, – дейді Айжан Жакеева.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының

баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp