Жаңажол ауылы – ұлт тарихы мен әдебиетінің қос тұлғасын тоғыстырған қасиетті мекен.
Бірі – елге елеулі, халық анасы атанған Ұлпан болса, екіншісі – қазақ әдебиетінің қаламгері Ғабит Мүсірепов.
Жаңажол облыс орталығы Петропавлдан 200 шақырымдай қашық жатыр. Жолдың сапасы нашар, сол себепті ауылға жеңіл көлікпен үш сағат шамасында жетуге болады. Бүгінде мұнда 280 тұрғын, 71 үй бар. Бұрынғы кеңшар орталығы болған елді мекеннің тіршілігі бүгінде бірқалыпты. Мектеп, фельдшерлік пункт, су тарату нүктесі, дүкендер мен бірнеше шаруашылық жұмыс істеп тұр.
Ауыл тұрғындары Ғабит Мүсіреповтің туған өлкесінде өмір сүріп жатқанын мақтан тұтады. Солардың бірі – Айдархан Мәшіков. Оның айтуынша, жазушы ауылға жиі келіп тұрған, халықпен емен- жарқын араласқан. «Ғабең келген сайын ауыл той-думанға айналатын. Өте байсалды, сабырлы жан еді. Мектеп, мәдениет үйі – сол кісінің ықпалымен салынды», – дейді ауыл тұрғыны.
Қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған музей де осы ауылда. Бұрын арнайы салынған музей ғимараты уақытша жабылып, қазір Мәдениет үйінің ішіне көшірілген. Музей меңгерушісі Клара Қошаева 12 жылдан бері мұнда еңбек етіп келеді. «Ғабит аға бала күнімізде келгенде, үлкен мереке болатын. Балалар арасында күрес ұйымдастырып, арнайы сыйлық тарататын. Ол кісі өте ұқыпты, киім киісінде де талғамы биік еді», – дейді Клара Қошаева.
Музей қорында жазушының фотосуреттері, қолжазбалары, киімдері мен жеке бұйымдары сақтаулы. Оның ішінде араб қарпімен жазылған «Ұлпан» романының қолжазбасы да бар. Бұл роман – қазақ әйелінің қайсар мінезін, ел басқарудағы парасатын айшықтаған тарихи туынды.
Музейдегі ерекше жәдігерлердің бірі – жазушының бес жасында атқа алғаш мінген кезде ауыл шебері Жүсіп сыйлаған ер тоқымы. ХХ ғасырдың басында бір шеге қолданылмай ағаштан жасалған. Кейін ескіре бастағандықтан шегемен бекітуге тура келген. Бұдан бөлек, жазушының 70-80 жылдары киген костюм- шалбары, плащы мен аяқ киімдері де сол қалпында сақталған.
Сондай-ақ мұнда жазушының швейцариялық сағаты, сыйлаған көзілдірігі, жазу құралдары мен бритвасы да бар. Ол кісі қолжазбаларын көбіне қара қарындашпен жазған. Ұнамаған сөзді өшіріп, қайта жазатын болған.
Музей меңгерушісі жазушының оқушы кезінен бір естелікпен бөлісті:
«Орыс тілінің мұғалімі оның шығармасына 5\5 қойғанымен, ішінде 150 қате болған. Мұғалім әріптестеріне: «Бұл – болашақ жазушы», – деп жауап берген екен. Ғабең мұны өмір бойы есінде сақтап, сенім білдірген ұстазын ұмытқан жоқ», – дейді.
Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы – тек әдеби шығарма емес, тарихи әрі рухани мұра. Жазушы бұл туындыға 40 жыл дайындалып, ауыл қарияларынан дерек жинап, 1974 жылы жарыққа шығарған. Бұл роман – әйел образын асқақтатқан шығарма. Ұлпан – ел билеген, жол сілтеген, намыс пен ақыл-парасаттың символына айналған тұлға.
Ұлпан ананың да мәңгілік мекені – осы Жаңажол ауылында. Зираты елді мекеннен екі шақырымдай жерде орналасқан. Жергілікті әйелдер кезінде оның моласын қамқорлыққа алып, ақ жаулықтарымен топырақ салып, басын көтеріп отырған екен. Кейін арнайы мазар орнатылған. Сол зиратта Ұлпанның жұбайы – аға сұлтан, би Есеней Естемесұлы, қызы Біжікен мен күйеу баласы Торсан да жерленген.
Өңірімізде Ғабит Мүсіреповтің атында аудан, мектеп, көше бар. 2002 жылы жазушының 100 жылдығына орай облыстық балалар кітапханасына есімі беріліп, мұнда оның бай мұрасы жинақталған. Кітапхана қызметкерлері бұл мұраны жас ұрпаққа таныстырып, оқырман санасына ұлттық рухты сіңіруде еңбек етіп келеді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».