Өмірде мамандықтың түрі көп. Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен.
Ұстаз болу жай ғана мамандық емес, соның ішінде бастауыш сынып мұғалімі болу – арқалар жүгі ауыр, жауапкершілігі мол іс деп білемін. Өйткені, білімнің негізі мектеп қабырғасында қаланады. Мен Мағжан атамыздың кіндік қаны тамған жері – Сарытомар ауылында дүниеге келдім. 2011 жылы алтын ұям – мектебімді үздік аяқтап, Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжіне бастауыш білім беру мамандығына оқуға түстім. Білім алумен бірге шығармашылықты да қатар алып жүруге тырыстым. Атап айтқанда, 2014 жылы курстастарыммен бірге “Балаларға берілген жүрек” атты республикалық слетке белсене қатысып, бас жүлдеге қол жеткіздік. Сол жеңісімізден кейін білім ордамызда студент болсақ та, кіші топтарды шығармашылыққа жетелеу ісіне бел шеше араласқан болатынбыз.
Былтырғы маусым айында колледжді қызыл дипломмен тамамдап шықтым. Еңбек жолымды бастарда, көп ойланбай бірден өзімнің алтын ұям, өзіме біліммен қатар тәрбие берген ұстаздарыма әріптес болып, Сарытомар орта мектебіне аға тәлімгер қызметіне орналастым. Бұл қызмет менің жан-жақты, шығармашыл тұлға болып қалыптасуымдағы баспалдақ болды. Қызмет барысында оқушылардың шығармашылықтарын дамыту мақсатында “Құлыншақтар” би тобын құрып, жетекшілік етудемін. Тәрбиеленушілерім мектепішілік іс-шаралардан қалыс қалмайды. Қоғамдық шараларда қатарластарымен бірге атсалысқан оқушыларымның жетістіктері біздің мақтанышымыз, біздің еңбегіміздің жемісі деп білемін. Білім беру саласында қызмет атқарып жүргенім – мен үшін зор бақыт.
Оқушыларға білім мен тәрбие берудегі жауапкершілікті мұғалім бойындағы ең басты қасиет деп түсінемін. Ұстаздар қауымы елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын, “Мәңгілік Ел” идеясын жүзеге асыратын ұрпақ тәрбиелеуде үлкен жүкті арқалай отырып, қоғам алдындағы зор жауапкершілікті бүгінде нақты сезінген. Өзім де сол жауапкершілікті сезіне отырып, оқушыларға деген сүйіспеншілік, оларға қамқор болу, жан дүниесін түсіну, әр оқушымен жақсы қарым-қатынас орнату мен үшін әдетке айналған. Болашақта шәкірттерім еліміздің ертеңгі жүгін арқалар азаматтар, жоғары білімді, шығармашыл тұлға болып қалыптасады деп үміттенемін.
Ұстаз – Қаратаудың қойнауындай тереңде жатқан кенді ашып, білім мен ғылым жемісінің дәмін таттыратын, армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иесі. Менің мамандығым – әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан мамандығымды мақтан тұтамын!
Гүлсифат АБДУЛЛИНА,
Сарытомар орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
Мағжан Жұмабаев ауданы.