«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒАЛЫМНЫҢ ҒИБРАТТЫ ЖОЛЫ

Оқушылар сарайында белгілі ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі, жерлесіміз Аманжол Қошановтың туғанына 90 жыл толуына орай “Академик Аманжол Қошанов және Қазақстанның экономикалық ғылымы” атты ғылыми-теориялық конференция өтті. Шараға қоғам қайраткерлері, елімізге белгілі ғалымдар, академиктің әріптестері, жергілікті зиялы қауым өкілдері, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушылары, жастар мен ғалымның туған-туыстары қатысты.

Жиында облыс әкімінің орын­басары Жүсіп Жұмағұлов сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

– Академиктің 650-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 58 монографиялық жұмыстың авто­ры ретінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі зор. Экономика ғылымда­ры­­­­­ның 17 докторын және 60-тан аса кандидатын даярлаған ұла­ғат­ты ұстаз артына өшпес мұра қал­дырып кетті, – деді Жүсіп Ра­хатұлы.

М.Қозыбаев атын­дағы СҚУ-дың тәрбие жұ­мы­сы, әлеуметтік және жұмыс бе­ру­шімен өзара әрекеттесу мәсе­лелері жөніндегі басқарма мүше­сі Азамат Жикеев сөз алып, Аман­жол Қошановтың ғылымды дамытуға сүбелі үлес қосқан қайраткер екенін атап өтті. Ғылым­ның талантты ұйым­дас­тырушысы ретінде ол өзінің бойындағы бар ғылыми әлеуеті мен ұйым­дастырушылық қабіле­тін эконо­ми­ка ғылымын қайта құру ісіне жұмылдырғанын айта келе, на­рық­тық экономиканы бір­тіндеп қалыптастыру мен Қазақ­стан­ның экономикалық дербесті­гін ны­ғайтудың теориялық негіз­де­рін жүйелі зерттегенін мақта­ныш­пен жеткізді. Ардақты тұлға­ның жергілікті университетке Манаш Қозыбаевтың есімін беру бастамасын жүзеге асыруға мұ­рындық болғаны айтылды.

Конференцияда Президент жанындағы Ұлттық ғылым акаде­миясы және Қа­зақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академия­сы­ның прези­денттері Ақылбек Күрішбаевтың, Ғалымқайыр Мұ­тановтың құт­тықтау хаттары оқыл­ды.

– Марқұм Аманжол өзінің ту­ған жерін шын жақсы көрді. Ел жаққа елеңдеп отыратын. Ғы­лым­ның дамуына сіңірген еңбегі көп. Бұл жолда талай шәкірт тәр­биеледі. Шәкірттеріне де ерекше қамқор болды. Әрқайсысына жол көрсетіп, ақыл-кеңес беру­ден аянбады. Біз 60 жылға жуық бір шаңырақ астында ғұмыр кеш­тік. Жаны жайсаң, жүрегі кең аза­маттың жары болғаным үшін тағ­дырыма ризамын. Конферен­ция­ны ұйымдастыруға қолдау біл­дірген облыс басшылығы, бі­лім мен ғылым саласының көр­некті өкілдері мен Аманжол Қо­шанұлының жерлестеріне отба­сы­мыздың, өзімнің атымнан шы­найы ризашылығымды білдіре­мін, – деді биология ғылымдары­ның кандидаты, доцент, акаде­мик­тің зайыбы Раушан Ғафар­қызы.

Конференция қонақтары на­за­рына ғалымның өмірі мен шы­ғармашылығына қатысты әзір­лен­ген деректі фильм ұсыныл­ды. Академиктің ғылыми, рухани мұрасы туралы келелі сөз өр­біт­кен экономика ғылымдарының докторы, Солтүстік Қазақстан об­лысының құрметті азаматы Ана­толий Башмаков Қошановтар әулеті жайлы тебіреніске толы жүрекжарды естеліктерімен бө­лісті.

Экономика институты бас ди­ректорының даму және сыртқы бай­ланыстар жөніндегі орынба­сары, экономика ғылымдары­ның докторы Сәуле Қалиева, А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының про­ректоры Қадыр Ахметов Аман­жол Қошановтың сәулелі ғұмыры мен артына қалдырған мол ғы­лыми еңбегі туралы әсерлі сөз са­бақтады.

Жиын барысында қатысушы­лар жерлес ғалымның шығарма­шы­лығына арналған “Аты аңыз­ға айналған ғалым” атты көрмені тамашалауға мүмкіндік алды. Көрмеге ғалымның әр жылдары жарық көрген кітаптары, құнды заттары мен фотосуреттері қойылған.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp