«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ

“Ерім деп еміренетін ел болмаса, елім деп езілетін ер қайдан болсын” деген халқымыздың даналығы тағдыры тәлкекке түсіп, басын бәйгеге тіккен ер-азаматтардың ерен еңбегін лайықты бағалай білу қажеттігі қоғам дамуының қай кезеңінде болсын маңызды екенін айғақтайды.

Өңірдегі жалғыз классикалық жоғары оқу орны – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті қазақтың асыл перзенті, Шоқан Уәлиханов атындағы және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік және келісім сыйлығының иегері, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың туғанына 85 жыл толуын атап өтпекші. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген аталмыш шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар және академик ағамыздың шәкірттері, туған-туысқандары шақырылып отыр. Осы мерейтой аясында халықаралық конференция ұйымдастырылмақ. Университеттің тарихшы ғалымдары Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалымдарымен бірлесіп “Ұлттық тарих тамыршысы” атты ғылыми жинақ әзірледі. Жинаққа ғұлама ғалымның бұрын жарияланбаған тәуелсіздік туралы мақалаларымен бірге, университеттің Манаш Қозыбаевтың өмірі мен еңбегіне арналған, 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі іс-шараларының тарихи шежіресі енді.

Еліміз егемендігін алып, дербес Тәуелсіз мемлекет ретінде туын желбіреткен кезде Манаш Қабашұлы Қозыбаев Елбасының жанында жүріп, жас мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына белсене араласты. Буыны бекімеген мемлекетіміздің алдыңғы қатардағы тарихшысы ретінде жаңа өмірдегі тарихи шындыққа негізделген ресми құжаттарды дайындауға, кеңес кезеңінде бүркемеленген ақтаңдақтарды ашуға, тамыры терең ұлттық тарихтың қайта жаңғыруы мақсатында аянбай еңбек етті.

Тəуелсіздікке дейінгі жазылған тарихты қайта қарау, ғылыми негізделген теориялық-əдіснамалық тұрғыдан зерделеу мəселесі тек егемендікке қол жеткізгеннен кейін ғана мүмкін бола бастады. Əрине, қалыптасқан сананы бірден түбегейлі өзгертіп тастау деген тым қиын дүние. Дегенмен, дəл сол өтпелі кезеңде Отан тарихын зерделеу бағытында салиқалы бетбұрыс болды. Ол өзгерістер тарихшы ғалым М.Қ. Қозыбаевтың есімімен тығыз байланысты.

Ол бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі дəуірде өмір сүрді. Ғалымның шығармашылығын саралап қарасақ, дəуірлер арасындағы айырмашылық оның ғұмырнамасы мен шығармашылық мұрасынан айқын байқалады. Дегенмен, дəуір ерекшеліктері ғалымның ізденісті еңбектерінің мазмұндық құндылығына айтарлықтай əсер ете қоймағандығын, оның кешегі қандықол кеңес кезеңінде де өз туындыларында өткір ой-тұжырымдарын ашық білдіргенін айту ләзім.

Академик Манаш Қабашұлы өзінің саналы ғұмырының 40 жылын ғылым жолына, тарих ғылымын дамытуға арнады. Бастапқыда ғылымдағы ізденістерін өлкетану, Қазақстанның Ұлы Отан соғысындағы жеңісіне қосқан үлесін зерделеуден бастаған М. Қозыбаев біртіндеп ғылыми-зерттеу аясын кеңейтіп, қазақ халқының шығу тегінен бастап, оның өркениеттегі орны, ХХ ғасырдың қасіретті тағдыры туралы тұтас, кешенді де маңызды, мазмұны терең тұжырымдар жасады.

Біздің бүгінгі тарқатар ойымыздың басты мақсаты – осынау отандық тарихтың əрқилы проблемаларына арналған шығармаларының жазылу ерекшелігі жəне көпшілік қауымның қызығушылығын тудыру қасиеті неде деген сауалға жауап іздеу. Ең алдымен, академик Манаш Қозыбаев еңбектерінің мазмұнының тереңдігі мен ондағы жасалынған тұжырымдардың құндылығын бөле-жара айтуымыз керек. Ғалымның барлық еңбектерінің академиялық деңгейде жəне публицистикалық, яғни ғылыми-қазақи тілде жазылғанын да айту ләзім.

Ол азаттық таңы атысымен кеңес дəуірінің тарихы ауқымынан шығып, əлемдік тарихи үдерістер мен өркениеттегі қазақ халқының орнын анықтауға күш салды. Ата тарихты дəуірлеу, қазақ хандығы мен мемлекеттілігінің тағдыры, ұлт зиялыларының елі мен жерінің, халқының тəуелсіздігі жолындағы күресі, əр ғасырдағы ұлттық тарихи тұлғалар бейнесі, Отан тарихының тарихнамасы мен деректануы, міне, осының бəрі жаңаша ойлау биігінен талданды.

1980 жылдардың екінші жартысынан ол саяси қуғын-сүргіннің құрбандарын анықтау жəне оларды ақтау жолында жалпы мемлекеттік маңызы бар көлемді де жүйелі жұмыс жүргізді. Алаш қозғалысын ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, оның ұлтшылдық емес, ұлттық-демократиялық бағытын ашып көрсетті. Осыған орай ғалымның: “1957 жылы мен Челябі облыстық архивінде істедім. Сонда Мұхаметжан Сералин мен Ахмет Байтұрсыновтың Қостанай өлкесінің тарихи, этнографиялық, экономикалық жағынан қазақ жері екендігін дәлелдеген бір хатымен танысып таңғалдым”, – деп Алаш арыстарының Отанына адал қызмет еткен аяулы азаматтар екендігіне күмән келтірмейді. Осылай Алашорданың туын көтерген қазақ халқының аяулы азаматтары ақталып, энциклопедиялық жинаққа енгізілді. М. Қозыбаев Алаш зиялыларының халқына жасаған ұлан-ғайыр еңбектерін болашақ ұрпаққа жеткізу өзінің тарихшы ғалым ретінде парызы екендігін мына бір толғанысында білдіреді: “Өлім екі түрлі. Бірі – табиғи өлім, екіншісі – рухани өлім. Біздің мақсатымыз шын мəніндегі тарихи тұлғаларды рухани өлтірмеу”. Ал 1990 жылдардың бас кезі отандық тарих ғылымында ұлт-азаттық қозғалыс тарихына байланысты, соның ішінде Кенесары Қасымов, Жанқожа Нұрмұхамедов, Əбдіғаппар Жанбосынов бастаған ұлт-азаттық қозғалыстары жəне Алаш қозғалысы мен Алашорда автономиясына қатысты тыңғылықты зерттеулер жүргізілуімен, сөйтіп, объективті шындықты қалпына келтіруде елеулі жұмыстар атқарылуымен қымбат. Сонымен қатар, осы кезеңнен бері Қазақ хандығының тарихы жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының Отан соғысы, Абылай ханның өмірі мен қызметі туралы жəне тарихымыздың басқа да өзекті проблемаларына байланысты ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Осындай күрделі де аса қиын ізденістер мен зерттеулердің нәтижесінде М.Қ.Қозыбаевтың “История и современность”, “Ақтаңдақтар ақиқаты”, “Жауға шаптым ту байлап”, “Тарих зердесі”, “Проблемы отечественной истории: методология, историография и источники” (2 томдық), “Труд во имя победы” жəне тағы да басқа еңбектері дүниеге келді.

Манаш Қабашұлы 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайында жасаған баяндамасында тоғыз дəуірді қадап-қадап көрсетті: 1. Адам баласы қазақ сахарасында пайда болып, өмір сүрген тайпалар белесі. 2. Сақ, ғұндар заманы. 3. Түркі тектес тайпалар дəурені. 4. Қыпшақ белесі. 5. Моңғол үстемдігі. 6. Қазақ хандықтары: халық, ұлттың қалыптасуы. 7. Отаршылдық бұғауында. 8. Қазақ халқы кеңес империясының уысында. 9. Қазақ халқы егемен ел болған шағында. Осылайша, ғалым дəуірлеудің ұстанымына алдымен əлеуметтік факторды – тайпалардың алмасуын, екінші кезекте – ұлт пен мемлекеттік факторды, үшінші кезекте тəуелсіздіктен айырған сыртқы факторлар жүйесін, ең соңында бүгінгі дəуірдің басты өлшеміне азаттықты алған еді.

Академик М. Қозыбаевтың шығармашылығындағы тағы бір ерекшелік – ұлтжандылық пен ұлттық мүдде жолында қызмет етудегі азаматтық бейнесінің өз еңбектерінде айқын сезілуі. Сондықтан М. Қозыбаев бір жағынан “Ұлт болмысы”, “Ұлт намысы”, “Ұлт тілі”, “Ұлттық мəдениет”, “Ұлттың рухы”, “Ұлтжандылық” сияқты мемлекет құруда ең қажетті де қасиетті ұғымдарды ұлттық мүдде тұрғысынан түсіндірудің жолдарын қарастырса, екінші жағынан “Тəуелсіздік жолы – үміт жолы”, “Тəуелсіздік даңғылы”, “Тəуелсіздік рухы”, “Тəуелсіздік самалы”, “Егемендік декларациясы – тəуелсіздіктің алдыңғы баспалдағы”, “Тəуелсіздік толғаныстары”, “Халқым, қайда барасың?”, “Қандай елміз? Қандай болуға тиіспіз?”, “Аман болсын халқымыз” деп тəуелсіздік тарихын мейірлене зерделеді. “Ұлт элитасы – қайраткер, жасампаз, дауылпаз жан. Қайраткерлік ұлы істе танылады. Ұлы іс халық мүддесінен туындайды” деп, азаттық жолындағы қазақ халқының мүддесі үшін күрескен азаматтардың тұлғалық қасиеттеріне шынайы баға береді.

Ғасырлар тоғысында Ш. Уəлиханов атындағы Тарих жəне этнология институтын басқара жүріп ұлттық тарихнамаға салған екі олжасын айрықша атап өткім келеді. Бірі – “Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы” (1995 ж.), екіншісі – бес томнан тұратын “Қазақстан тарихы” академиялық басылымының алғашқы үш томын жарыққа шығаруы. Тұжырымдамада тарих білімінің негізгі басымдықтары, тарих ғылымының өтпелі кезеңдегі басты мəселелері мен оларды шешудің мүмкін бағыттары, тарих білімі мен оқу-ағартуды реформалау жолдары дəйектелді.

Енді, міне, М. Қозыбаев аңсаған күн де туды. Мемлекет тарапынан тарих ғылымына назар аударылып, мұны жай ғана ғылым ретінде немесе мамандық тұрғысынан қарамай, бүгінгі жаһандану кезеңіндегі еліміздің іргетасын бекем ұстайтын тұтас идеологиясының негізіне айналдыру қажеттігі туындады. Осы бағытта Елбасының “Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Қазақстан халқына Жолдауында “Мəңгілік Ел” идеясының көтерілуі, жəне “Халық тарих толқынында” Мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы ұлттық тарихты зерделеуге, насихаттауға жағдай туғызды.

Мемлекет тарапынан тарих ғылымына, мамандығына ерекше назар аударылып, кезінде түрлі себептермен жабылып қалған, басқа мамандықтарға қосылып кеткен Тарих факультеттері қайта ашылды, ұмытылуға айнала бастаған Қазақстан тарихы кафедралары қайта жанданып, бұл саланың дамуына жаңа серпін берді. Отан тарихын зерделеу жəне насихаттау арқылы білім алушы жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, “Мəңгілік Ел” Ұлттық идеясын бойларына сіңіре отырып еліне, жеріне, халқына адал қызмет ететін азаматтарды тəрбиелеу – бүгінгі қоғам алдында тұрған басты міндет. «Айналайын Отаным, Есіңе ал Манаш балаңды!” – деп ғалымның толғанғанындай, Отаны, халқы аман тұрғанда дана баласын ұмытуы мүмкін емес. Осыған орай, М. Қозыбаевтың есімімен аталатын біздің университетіміз өз мүмкіндігін пайдалана отырып, мынадай маңызды істердің жүзеге асуына ұйытқы болды:

Біріншіден, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ еліміздің солтүстік аймағындағы жалғыз мемлекеттік жоғарғы оқу орны болғандықтан, оның құрылымдық бөлімшесі бұрынғы Тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы деп өзгертілді. Алдағы уақытта сол кафедраның қызметі арқылы кезінде ғалым аянбай еңбек сіңірген тарихи білімнің жандануына, өңірдің кадр əлеуетімен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік туатынына күмән жоқ. Екіншіден, тарихшы емес мамандықтарда “Манаштану” дәріс курсы енгізіліп, ғалымның ғұмыры мен қызметі, құнды еңбектері, ұлтжандылық, отаншылдық, бірегейлік ұстанымдары өскелең ұрпаққа насихатталуда. Қазақстан тарихына арналған, арнайы жабдықталған кабинет ашылып, тарихшы мамандарды даярлауда үлкен септігін тигізіп отыр. Сол сияқты, бұрын “Үлкен алтын медаль” аталып келген университеттің арнайы төсбелгісі “Академик Манаш Қозыбаев” медалі болып өзгертілді. Мұндай іс-шаралар ғұлама ғалымның есімін мәңгілікке сақтау және құнды мұрасын насихаттау мақсатын көздейді.

Серік ӨМІРБАЕВ,

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ректоры, экономика ғылымдарының

докторы, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp