Адам өмірден өткеннен кейін одан ескірмейтін естеліктер ғана қалады. Бүгін оқырмандар назарына жұбайым Қайролла Нұрбайұлының қолжазбасынан үзінді ұсынып отырмын. Отағасы былтыр 81 жасында ауыр науқастан көз жұмды. Қайтыс боларының алдында атасы, әкесі жайында жазған естеліктерін ұлы Айқынға беріп, “Әкенің бұл өмірде орны бөлек, мен де асқар тауымды еске алып, біраз оқиғаларды қағазға түсірдім. Сәті түсіп жатса, газетке ұсынарсың” , – деп еді.
Күлзара Баженова.
Петропавл қаласы.
… Әкем Нұрбай Байбатырұлы 1900 жылы қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Әкесі Байбатыр (Бәжен) елге қадірлі, қолы ашық, ескіше хат таныған адам болды. Шешесі Кәкила да қазақтың салт-дәстүрін қатты қастерлейтін, мінезі жұмсақ жан еді.
Нұрбай отбасындағы жалғыз ұл, апайы Күліш бертін 80 жасты еңсеріп, Кеңес дәуірінде өмірден өтті. Алдындағы екі қызы ертеректе қайтыс болыпты. Туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы Қарағай ауылының маңы, ол кезде “Қырық үй қонған” деп аталған еді.
Әкемнің балалық шағы ел өміріндегі қиын кезеңге тұспа-тұс келіпті. Ол кезде үй дейтін үй жоқ, кәдімгі жерге қазылған там, сабан мен балшықтан құйылған кірпіштен немесе шымнан қаланған жер кепелер тұрғындарға пана болған.
Атамыз Байбатыр ауыл арасында сыйлы болды. Жұрттың бәрі оның атын атамай Бәжекең дейтін. Әкем 1934 жылы Ақтас ауылының тумасы Күлжан анамызбен шаңырақ көтереді. Мен сол жылы күзде, Есіл ауданына қарасты Қарағай ауылында өмірге келіппін. Менен соң 1939 жылы Ақжан есімді қыз және араға бір жыл салып, Зейнолла есімді ұл туды. Әкеміз Кеңес өкіметімен бірге қилы кезеңдерді басынан өткерді. “Ақ кетіп, қызыл келген” сәтті де, Голощекиннің қазақ халқына әкелген қасіретін, 1931 жылғы “Нәубетті”, ашаршылықтың ауыр сызы мен Сталиндік зорлық-зомбылықты бастан кешкен қазақ зиялыларының өткір мақалалары мен кітаптарын оқып, одан күш-жігер алған. Әттең, сол Ахметтер, Мағжандар мұралары тас қамалда жатты, егемен елге, Елбасымызға осы тұрғыда өз ризашылығымды білдіремін. Өйткені, арада қанша жылдар өтсе де, дара тұлғалардың туындыларымен қайта қауыштық.
Осындай аумалы-төкпелі заманның тамшысындай, алдымен, шешеміз қатты науқастанып, соңынан 2 ай өтпестен Зейнолла қайтыс болды. Әкем Нұрбай үйдегі үлкен қарагер атты құлынды биеге айырбастап, сырқаттанып жатқан Зейноллаға бие сүтін беріп, жан ұшырып еді, ұлдың беті бері қарамады.
Мен 7-ге толған жылы ел басына тағы да үлкен ауыртпалық түсті. Ұлы Отан соғысы басталып, қару ұстауға жараған азаматтардың барлығы майданға аттанды. Әкем Нұрбайға военкоматтан шақыру қағазы келгенде анамыздың: “Көзімнің қарашығындай болған жалғыз ұлымды қалай ғана қиямын…”, – деп еңіреп жылағаны әлі күнге көз алдымда. Атамыз Байбатыр болса: “Тый көз жасыңды, ұл сенің ұлың емес, халықтың ұлы, бар азамат аттанып жатқанда бұл не қылғаның?!”, – деп шешемізге зекіп тастаған.
Ауыл азаматтары майданға аттанысымен бар ауыртпалық әйелдердің, балалардың мойнына түсті. Ата-әжеміз таң елең-алаңда ұжымшар жұмысына кетіп, ымырт қараңғысына дейін егінде, қырманда болатын. Қарындасым Ақжан екеуміз тоғайдан отындық ағаш тасып, одан қалса, масақ теріп келеміз. Ұжымшардың берген азын-аулақ бидайынан әжеміз қол диірменмен ұн тартады.
Майданға кеткен әкемізден 1941 жылдың тамыз айында соңғы хат келді. Онда “Беларусь жеріндеміз, майданға ендік”, – деп жазыпты. Содан кейін хабар болмады.
Бірде атам екеуміз сиыр жегілген арбамен отыннан келе жаттық. Ауылға жақындағанда біздің үйдің жанында шоғырланып тұрған бір топ адамды көрдік. Атам: “Япырмай-ай, әжең қайтыс болғаннан сау ма, ілегіп әзер жүр еді”, – деп алаңдай бастады. Үйге тақағанда дауыс салып жылап жатқан әжемізді көрдік. Ауылдағы Аман шал атама “балаңнан “қарақағаз” келді” дегенде мен де еңіреп қоя бердім. Атам: “Жылама, әкең тірі”, деді. Жұрт үн-түнсіз қалды. Мен әжемнің тізесіне басымды қойып, үнсіз жыладым. Ананың аты ана ғой, әжем жылаудан көз ашпады, өзі аурушаң адам, төсек тартып жатып қалды. Қазақтың “ішқұса” болды дегенін мен сонда ғана түсінгендей болдым. Әжем екі жанарын суалдырып, көруден қалды.
Әлі есімде 1944 жылы қыс қатты болды. Сондай күндердің бірінде пошташының үйге жүгіріп кіріп: “Нұрбайдан хат бар, тірі екен, тірі”, – деген дауысы әлі құлағымда қалыпты. Үй-іші мәре-сәре, қуанышымызда шек жоқ. Бүкіл ауыл болып хатты қайта-қайта оқи бердік. Хатта екі ауыз ғана сөз жазылған. “Мен тірімін, бәрі жақсы” делінген. Әжеміз “Алланың көзі дұрыс, жалғызым тірі екен-ау”, – деп еңсесін көтерді. Бірақ жылға жетпей науқасы меңдеп, төсек тартқан күйі фәни дүниемен қош айтысты. Бұл 1945 жылдың көктемі еді.
Атам шиеттей екі немеремен жалғыз қалды. Баяғы күнкөрісіміз қиындамаса, жеңілдемеді. “Шықпа жаным, шықпамен” күндер өтті. 1945 жылдың аяғында әкеміз майданнан аман-есен оралды. Осыдан кейін басқа майдангерлер де келе бастады. Барлығы 16 азамат оралды. Осы кішкентай ғана ауылдан Совет Одағының Батыры атағына ие болып, Жәлел Қизатов ағамыз келді. Ол бір үлкен той болды. Бұл бір қуанышы мен реніші аралас күндер еді. Өйткені, 17 азаматымыз майданнан оралмады.
Әкеміз Рахима есімді қызға үйленді. Қазір Рахима шешеміздің кіндігінен тараған 9 қыз бала бар. Қыздардың тұңғышы – Ақбөпе, кенжесі –Гүлнәр. Әкем 1986 жылы 86 жасында дүниеден өтті.
Әкеміздің хабарсыз кеткенінің себебін кейінірек білдік. Фашист әскері Беларусь жеріне шабуыл жасағанда алдыңғы шептегі Кеңес әскері қоршауда қалған екен. Зеңбіректен атқылап, бомбаның астына алған шабуыл кезінде жау оғынан тірі қалған әкем мен оның екі қарулас досы орманда жасырынады. Олар алғы шепке әскери бөлімшеге жетуді ойлайды. Бірақ қайда барса да, жан-жақтан қоршаған жауға тап болады. Сөйтіп жүргенде бір жақын деревнядағы белорустың қартаң әйелі бұларды үйінде жасырып, көмектеседі. Оны немістер біліп қойып, деревняны түгел қоршауға алады. Арадағы болған атыс кезінде бір жауынгер оққа ұшады. Тірі қалған екеуі қайта орманға қашып, жан тасалайды. Арада біраз уақыт өткенде Қызыл әскерге қайта қосылады.
“Соғыстан қаштың” деген жаламен айып батальонына, содан алдыңғы шепке жіберіледі. “Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі” деген ғой! Қызыл империяның адамзатқа сенімсіздігі мен жантүршігерлік саясатын бастан өткізген әкем Жеңісті Венгрия жерінде қарсы алады.
Әкеміз үйге оралып, еңсеміз көтеріле бастаған кезде 1946 жылы атам Байбатыр дүние салды. Мен алғаш рет мектепке бардым, оқу оқыдым. Мектепті аяқтаған соң, Покровка ауылындағы ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, кейін агроном мамандығы бойынша Малиновка деген ауылға жұмысқа орналастым. Осы жылдары тың игеру басталып еді.
1960 жылы Ақтас ауылының тумасы, бүгінде балаларымның анасы болып, шаңырағымыздың берекесін келтіріп отырған Күлзара Дайырқызымен отбасын құрдым. Төрт ұлым, екі қызым бар. Алла берген алты баланы өсіріп, оқытып, ұлдарды – ұясына, қыздарды – қиясына қондырып, ел қатарлы күн көріп жатқан жайымыз бар. Зайыбым Мәдениет үйінде, мен ауылдық кеңесте жұмыс істедім. Атамыздың тәрбиесін көріп, әкемізден өнеге алғанымыз шығар ел үшін еңбек еттім деп айта аламын. Қолымнан келгенше өзіме жүктелген жұмысты абыроймен атқарып, 1994 жылы зейнетке шықтым. Бүгінде 80 жасты да еңсеріп, ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздікті көріп, қуанышымыз еселене түсті.
Қайролла БАЖЕНОВ.