«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ ЖЫРЫНЫҢ ЖҮЙРІГІ

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдық мерейтойына орай Тайынша агробизнес колледжінде “Мен өмірді жырлау үшін келгенмін” атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Ақынның өмірін, шығармашылық жолын жастардың жүрегіне ұялатып, сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шараға қатысқандардың қатары қалың болды. Олар ақынның өмірбаяны туралы түсірілген бейнесюжетті тамашалады.

Шара барысында сөз алған колледж директоры Даулыбай Ташетов Мұқағали жырларының шынайылығы, мөлдірлігі жайлы баяндап, оның шығармаларының жас буын өкілдерін тәрбиелеуде таптырмас құрал болып отырғандығын атап өтті.

Ақын жырларының тақырыбы алуан түрлі. Әсіресе, махаббат жайында жазылған өлеңдері жастарға шынайы сезімнің қасиеттерін, өзара түсіністіктің мағынасын тереңнен ұқтырады. Әдеби кеште колледждің поэзияға әуес, талантты студенттері өздерінің жырларын оқыды. Студент Евгения Кульжик ақынның “Поэзия, менімен егіз бе едің?” өлеңін нақышына келтіріп оқып, жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді. Елена Остапенко ақынның өмірбаянына шолу жасаса, Айболат Лескен қаламгердің бірқатар шығармаларына талдау жасады. Колледж студенттері Қанағат Қанат пен Александра Бомм ақынның “Махаббат диалогы” шығармасының желісі бойынша шағын сахналық қойылым көрсетті.

Әдеби кештің қонағы мәдениет қайраткері Жанарбек Ескендіров Мұқағали Мақатаевтың халық арасында кеңінен танымал “Саржайлау”, “Сәби болғым келеді”, “Есіңе мені алғайсың” әндерін шырқады.

Нұргүл ХАСЕНОВА,

Тайынша агробизнес колледжінің қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің оқытушысы.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp