«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР

Қазақ күресінің ардакүреңі Бейбіт Ыстыбаевтың есімін жұртшылыққа таныстырудың өзі артық. Қазақ күресінен Әлем және Азия чемпионы, үш дүркін “Қазақстан барысы” облыс орталығындағы Спорт сарайында қазақ күресінен өткен Қазақстан кубогына арнайы келген екен. Қызылжарға ат басын тіреген атақты балуанмен сұхбатымызды оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

– Қызылжар жұртшылығына өзім жайлы айтып өтейін. Мен Жамбыл облысындағы Бөлтірік ауылының тумасымын. Күреске қызығушылығым балалық шақтан басталды. Ауыл мектебінде оқып жүргенде Елдос Далабаев есімді жаттықтырушым боз кілемге алып шықты. Кейін үлкенді-кішілі са­йыс­тарға қатыса бастадым. Осы күнге дейін байрақты бәсекелерде бағым жанып, қазақ күресінен еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, әлем чемпионы, үш дүркін “Қазақстан барысының” жеңімпазы атандым.
Мамандығым – заңгер, бүгіндері қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Ұлттық күресімізді дамытуға атсалысуды өзіме парыз санаймын. Өздеріңізге белгілі, қазақ күресі – біздің басты құндылықтарымыздың бірі. Сондықтан оның дамуына үлес қосып, ізбасарларымды даярлап жүрмін.
– Петропавл қаласында өткен кәсіби клубтардың бәсекесін тамашаладыңыз. Еліміздің жеті өңірінен келген балуандардың дайындығы, боз кілемдегі шеберлігі жайлы айтып өтсеңіз.
– Былтыр дәл осы Спорт сарайында қазақ күресінен ел біріншілігі, Қазақстан кубогы, ал биыл тәртіп сақшылары арасында Ішкі істер министрлігінің біріншілігі өткенін білемін. Үздік кәсіби клубтарды анықтаған бәсеке көңілімнен шықты деп айта аламын. Командалардың да жақсы дайын­дықпен келгендері байқалды. Клубтардың ішінен Қарағанды облысы мен Алматы қаласының өкілдерін ерекше атап өтер едім. Бұлар спорттық жекпе-жек және күш қолданатын спорт түрлері кон­федерациясы кубогының жеңімпазы, яғни үздік командалар. Бұл жолы да өздерінің күш-қайраттарын дәлелдеді. Жергілікті “Қызылжар Арландары” клубының қадамы да жаман емес. Бір-екі жылдың ішінде клуб өкілдері бірқатар республикалық сайыстарда жүлделі орындардан көрініп үлгерді. Алдағы уақытта әлі талай асулар­ды бағындырады деп ойлаймын.
– Сіз халқымыздың төл спорты – қазақ күресін әлемдік деңгейде паш еткен балуандардың бірісіз. Жалпы 36 ірі сайыста топ жарған екенсіз. Мұндай атақ-даңқа жету жеңіл болмаған шығар?
– Қасиет дарып, құт қонған Жамбыл жері дарынды спорт­шыларға бай. Олар көп жылдан бері жанкүйерлерді толайым табыстарымен қуантып жүр. Кеңес заманында жерлесіміз, грек-рим күресінің шебері Жақсылық Үшкемпіров Олимпиада чемпионы атанды. Боксшы Серік Қонақбаевтың күміс жүлдесі де көпші­ліктің есінде. Тәуелсіздік жылда­ры да өңір спортшыларының жеңісті жорықтары толастаған жоқ. Сидней Олимпиадасында боксшы Ермахан Ыбырайымов алтыннан алқа тағынса, еркін күрес шебері Ислам Байрамуков күміспен күптелді. Ал Атланта мен Сидней Олимпиадаларында екі рет күміс медаль иеленген былғары қолғап шебері Болат Жұмаділовтің жеткен жетістігі – барша қазақстандықтар үшін мақтаныш. Афинада ел намысын қорғаған Бақтияр Артаев жалғыз өзі алтынмен оралып, абыройымызды сақтап қалғаны да күні кеше сияқты еді. Сондықтан атақты жерлестеріме қарап бой түзеп, биіктерге ұмтылдым. Ал бүгінгі күні соңымнан ерген інілеріме үлгі болуды мақсат тұтамын.
– 2017 жылы үлкен спорттан кеткеннен кейін Тараз қаласындағы “Жекпе-жек” кәсіби спорт клубының тізгінін қолыңызға алғаныңызды білеміз. Балуанға басшы болу қиындық тудырған жоқ па?
– Жыл басында Жамбыл облысы әкімінің қабылдауында болып, ұлттық спортты дамыту бойынша ұсыныстарымды айтқан болатынмын. Кейін өңір жетекшісі маған жергілікті “Жекпе-жек” кә­сіби спорт клубының тізгінін сеніп тапсырды. Қазіргі уақытта клубта 584 спортшы 7 спорт түрі бойынша жаттығады. Ұлттық күресімізді халықаралық деңгейде дамытуға да қолдан келгенше өз үлесімді қосу үшін тер төгудемін. Он бес жылдық бай тәжірибеме сүйеніп, білген-түйгенімді жергілікті спорт­шылармен бөлісіп жатырмын. Олармен бірге жаттығып, жиындар мен сайыстарға барып, қолдау көрсетемін.
– Жағдайы жасалған спортшының дүбірлі додаларға алаңсыз дайындалып, жүлде алуға ұмтылатыны белгілі. Біз­дің елімізде балуандарға қол­дау зор деп айта аламыз ба?
– Өз басым спортшылардың жеңіске деген ынтасы болғанын құп көремін. Біздің клубта бұл мәселе оң шешімін тауып отыр. 2017 жылы облыс басшы­лығы спортшылардың еңбекақы кестесін бекіткен болатын. Мәсе­лен, ел біріншілігінің жеңімпазы 100-150 мың теңге көлемінде, Әлем чемпионы 400-500 мың теңге еңбекақы алады. Ең көп айлық – 2 млн. теңге Олимпиаданың алтын жүлдегеріне тиесілі. Біз тек чемпиондарды даярлаумен ғана айналыспаймыз. Сондай-ақ, олар­­ға барлық жағдайды жасау мәселесіне көңіл бөлеміз. Спортшылардың күнделікті жүріс-тұрысына, киіміне, тамағына дейін қаржы бөлінеді. Өкінішке қарай, мұндай қолдау кәсіби спорт клубы бар 14 облыс пен үш қаланың ішінде біздің өңірде ғана жүзеге асырылуда. Сондықтан басқа аймақтарда балуандардың жағдайы жақсы деп айта алмаймын.
– Сіздің туған жеріңіз – Жамбыл облысының орталығында 200 орындық балабақша ашқаныңызды ел басылымдары жарыса жазды.
– Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттердің бірі. Жетім балалар мен мүгедектерге үзбей қайырым­дылық жасап тұрамын. Тұрмысы төмен бауырларымызға үнемі жәрдем беріп, қолдау көрсетемін. Жуырда ашылған балабақша – жер­лестеріме тартуым. Алдағы уа­қытта 9 топта тәрбиеленетін бүл­діршіндерге арнап күрес, таэк­вондо және гимнастика үйірме­лерін ашуды жоспарлап отырмын. Ата-ана мейіріміне зәру балалар, жалғызбасты қарттар бүгінгі қоғамнан мейірімді сезінуі керек деп ойлаймын.
– Бейбіт Әбдірахманұлы, алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.
– Ғалымжан Қырықбаев деген балуанымыз дзюдодан өткен әлем біріншілігінде чемпион атанды. Шілде айында үш бірдей спортшымыз әлемдік деңгейдегі жарыстарда топ жарды. Ел құрамасына алынған самбошыларымыздың 12-сі – Азия, ал 2-і әлем біріншілігіне дайындалуда. Сондай-ақ, таэквондошы Айдос Ысқақовты Жапонияда өтетін жазғы Олим­пиада ойындарына дайындап жатырмыз. Халқымыздың атадан балаға жеткен ұлттық өнері – қазақ күресінің дамуына атсалысу – мен үшін зор мақтаныш. Қазақстанның абыройын асқақтататын жас спортшылардың қатарын көбейтуге өз үлесімді қосуға аянбаймын. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыруға ниеттімін.

 

Сұхбаттасқан
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp