Халқымыздың өткен тарихына шегініс жасасақ, қазақтың көрмеген қорлығы, шекпеген азап-мехнаты жоқ екеніне көз жеткіземіз. Соның ең қиын кезеңі – ХХ ғасырдың 20-30 жылдары орын алғаны аян. Осы жүз жылдықта – Қазан төңкерісі, Азамат соғысы, большевиктердің қасіретті де қайғылы социалистік құрылысы, Екінші дүниежүзілік соғыс, “жылымықтың” алдындағы шырғалаң саясаты қателіктерді бірінен соң бірін туындатып, қазақ даласына алапат ашаршылықты да, себеп-салдары терең үркіншілікті де, азып-тозуды да, ұлтсыздану мен рухсыздануды да алып келді.
Халықты әбден титықтатқан бұл саясатқа қарсы келгендер немесе дамудың басқа жолын ұсынғандар “кеңестік билікке қарсы жау” саналып, саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақстанда әу бастан көзі ашық, оқыған-тоқыған, елім деген патриот азаматтар аз болған жоқ. Бұл солақай саясат солардың барлығының қабырғаларына батты. Жаңа билікпен мәмілеге келіп, соның маңайында әлеуметтік-демократиялық республика құрамыз, елді ағарту жұмыстарын одан сайын тереңдетеміз деп арман-жоспар құрысқан, Қазақстан шекарасын анықтау жолында жан алысып, жан беріскен, атап айтқанда, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин сынды қайраткерлердің барлығы дерлік зұлмат жылдары құрбандыққа шалынды. Осылайша ұлтымыз бас көтерер азаматтарынан айырылды. Қолдан жасалған бұл нәубет олардың отбасын да айналып өтпеді. Жарлары да, балалары да, үрім-бұтағы да қуғынға ұшырап, моральдық тұрғыда бүгінге дейін басын көтере алмай келеді.
Репрессия жылдары қазақ жерінде 11 лагерь салынып, бұларға 5 миллионнан астам адам жіберілді. Жалпы айтқанда, осы қиын жылдарда біздің ел өзі де қырылып, өзге жұрттың азабын да көзбен көріп, тұтас бір лагерьге айналды. 1936-37 жылдары облысымызда 140 адам партиядан шығарылып, тұтқындалды. Олардың алпыс жетісі “халық жауы” деп танылды. 7614 адам қуғынға ұшырап, оның 1464-і ату жазасына кесілді.
Қазір, Құдайға шүкір, халқымыз Тәуелсіздіктің арайлы таңының жұпарымен тыныстауда. Жастарымыз “қуғын-сүргін” деген сөзді кітап-журналдардан ғана оқиды. Лайым солай болғай! Әйтсе де, тарих сахнасынан ұлтымызды түгелдей жойып жіберуді көздеген нәубетті, қысылтаяң шақта ұлттық рухын сындырмаған тұлғалар тағдырын кейінгі ұрпақ білуі тиіс. Өз басым сабақ барысында, одан тыс уақыттарда студенттеріме алаштықтардың тар қапаста жатып-ақ ұлтқа адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп кеткенін айтудан жалықпаймын. Өзгесін айтпағанда, жерлесіміз ақиық ақын Мағжан Жұмабаев айдауда жүріп, түрмеде жатып төл педагогикамыздың дамуына зор еңбек сіңіріп, жаңа дүниелер жазды емес пе? Міне, отаншылдықтың ең көркем мысалы осы.
Ішер асы алдында, киер киімі көк бүгінгі жастар өткен тарихқа тағзым ете жүріп, елдің, жердің болашағы, бақыты жолында күресулері қажет. Олардың өне бойларын елге деген кіршіксіз махаббаттың оты лаулатып, алпыс екі тамырының “ұлтым” деп соғуына бәріміз жауаптымыз.
Әсел БИМАҚАНОВА,
М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дің оқытушысы.