“Nur Otan” партиясы облыстық филиалында өңірде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру міндеттері мен алдағы іс-қимыл жоспарларын саралауға арналған келелі жиын өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман, тіл жанашырлары мен белсенділері, ақсақалдар алқасының мүшелері, қоғамдық ұйым мен БАҚ өкілдері, басқарма, бөлім жетекшілері қатысты.
Алқалы басқосуды кіріспе сөзбен ашқан “Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова күн тәртібіне ұсынылып отырған тақырыптың ауқымдылығын, маңыздылығын, жиынның өтуіне облыстық ақсақалдар алқасы ұйытқы болғанын атап көрсетіп, алғашқы сөзді Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырманға берді.
Халық қалаулысы Тәуелсіздік алған жылдардан бергі кезеңде қазақ тілін дамытуға, мемлекеттік мәртебесін қалыптастыруға, көтеруге Үкімет тарапынан нақты шешімдердің қабылданғанын, қаржылық қамтамасыз ету жағынан да тұрақты қолдау көрсетіліп келе жатқанына тоқталды. Заң шығарушы орган тарапынан атқарылған шаралармен таныстырды. Кәрібай Иманжанұлы мемлекеттік тілге қатысты проблемаларды шешу дәйекті түрде жалғаса беретінін жеткізді. Бір ғана мысал, республикалық “Қазақ тілі” қоғамы мемлекеттік тілді дамытудың кешенді бағдарламасын түзіп, Мәжіліске жолдаған. Депутаттар жобаны қолдап, Үкіметтің қарауына жіберді. Депутат мемлекеттік тілді білуді міндеттейтін мемлекеттік қызметтер тізбегін жасау секілді ұсыныстар қолдауға тұрарлық екенін айта келіп, Петропавл қаласында нысандарды жекеменшіктің қарауына беруге байланысты туындаған дау-дамайдан да хабардар екенін жеткізді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру міндетін қойып отырғанда қазіргі уақытта балабақшалардағы қазақ топтарын жабу еш қисынға келмейді. Алдағы уақытта мектептер де жеке адамдардың сенімді иелігіне өтеді. Сондықтан ата-аналармен байыпты әңгімелесіп, түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізу керек. Оқу-тәрбие үрдісін қатаң сақтау, бағаның қолжетімділігі басты талаптардың бірі болуы тиіс. Мемлекеттік нысандарға иелік еткен кәсіпкерге бақылауды босаңсытқаны үшін облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованы тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде аймақ басшысына ұсыныс жасау керек, – деді халық қалаулысы сөзінің соңында. Бұл ұсыныс жұртшылық тарапынан қолдау тапты.
Жиында білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко 2020 жылдан бастап енгізілген – қанатқақты жобаларды жүзеге асырудың жай-жапсарын баяндады. Жеке инвесторлармен жасалған қостараптық келісімшарт қатаң бақылауда болатынын айтты. Олар өз беттерінше ешқандай шешім қабылдай алмайды. Өзгерістер туындаған жағдайда екі ай бұрын ескертуге міндетті. “Ивушка” балабақшасына 1986 жылдан күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қалпына келтіру, жаңа жиһаздар сатып алуға 21 миллион теңге жұмсалмақ. “Балдәурен” балабақшасына 16 миллион теңге бағытталмақ. Владимир Сергеевич сөзінің соңында қазақ топтары қалыпты жұмыс істейтінін, алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтып түйіндеді.
Қалалық білім бөлімінің жетекшісі Сара Рамазанова сенімді басқаруға алған кәсіпкерлер жөндеу жұмыстарымен қатар жаңа үйірмелер ашумен де айналысатынын жеткізді. Мұның бәрі Білім және ғылым министрлігі бекіткен стандарттар негізінде орындалатынына, төлемақы қымбаттамайтынына сендірді. Оның айтуына қарағанда, балабашқа кезегінде бес мыңнан астам бүлдіршін тұрса, 80 пайыздайы үш жастағы балақайлар.
Алайда, шенеуніктердің жауаптары қоғам белсенділерін толық қанағаттандыра қойған жоқ. Ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Сағындықов, алқа мүшелері Зейнолла Олжабаев, Амангелді Кенжеғозин, ардагер журналистер Амандық Жантеміров пен Ахметжан Қуантаев, тағы басқалары қоғамдық диалогтың, ашықтықтың болмауы салдарынан осындай келеңсіз жайттар жиі кездесетінін, адамдардың мұң-мұқтаждары мен өтініш-тілектеріне дер кезінде назар аудару, жедел шешімдер қабылдау қажеттігін, әйтпесе, тиісті орындардың құлықсыздығы мен немқұрайдылығы адамдардың ашу-ызасын тудырып, жоғары органдарға, БАҚ өкілдеріне дейін шағымдануға мәжбүрлейтінін алға тартты. Облыс орталығында бір ғана таза қазақ балабақшасы жұмыс істейтінін, қалғандары екі тілде, болмаса тек орысша тәрбие беретінін қынжыла айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспановтың хабарламасы тыңдалды. Ол күрделі мәселе саналатын ономастика саласына тоқталып, 216 көше атауының ауысқанын, 135 көше атауы өзгеретінін, бірқатар мектептерге жерлестеріміздің есімдері берілетінін тілге тиек етті.
Жиында сөз алғандар көрнекі ақпарат саласында орын алған кемшіліктерді жою, елімізге есімдері танылған тұлғаларға көше аттарын беру, облыстық “Қазақ тілі” қоғамының жұмысын қайта жандандыру жолдарын ұсынды.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ.